Жүрек – адам ағзасындағы ең маңызды мүшелердің бірі. Ол тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеп, бүкіл ағзаны қанмен және оттегімен қамтамасыз етеді. Алайда жүрек-қан тамырлары жүйесіне қатысты мәселелер бірден байқала бермейді. Кейбір аурулар ұзақ уақыт бойы ешқандай айқын белгісіз дамып, адам өзін дені сау сезінуі мүмкін. Осыған байланысты жүрек ауруларының алдын алу, алғашқы белгілерін дер кезінде анықтау және уақытылы медициналық тексеруден өту – әр адамның денсаулығына жауапкершілікпен қарауының маңызды көрсеткіші.
Кентау қаласының кардиолог дәрігері Мырзахмет Мәуленов тұрғындарға жүрек денсаулығына ерекше көңіл бөліп, аурудың алдын алуға шақырады.
«Жүрек ауырмай тұрса, ол толық сау деген сөз емес. Көптеген жүрек-қан тамырлары аурулары белгілі бір уақытқа дейін білінбей өтуі мүмкін. Сондықтан адам өзін жақсы сезінсе де, профилактикалық тексеруден өтіп, қан қысымын, қандағы холестерин мен қант деңгейін бақылап отырғаны дұрыс. Ауруды ерте анықтау – оның асқынуының алдын алудың ең тиімді жолы», – дейді кардиолог дәрігер Мырзахмет Мәуленов.
Жүрек-қан тамырлары ауруларының негізгі қауіп факторларының бірі – артериялық қан қысымының жоғары болуы. Қан қысымы ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде сақталса, жүрекке, миға, бүйрекке және қан тамырларына қосымша салмақ түседі. Кей жағдайда адам қан қысымының жоғары екенін сезбеуі де мүмкін. Сондықтан гипертонияны «үнсіз қауіп» деп атайды. Қан қысымын тұрақты өлшеп, оның көрсеткіштерін бақылау – жүрек денсаулығын сақтаудың қарапайым әрі тиімді тәсілдерінің бірі. Егер қан қысымы жиі көтерілсе, өздігінен дәрі қабылдамай, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Дәрігер тексеру нәтижесіне қарай қажетті емді тағайындап, өмір салтына қатысты ұсыныстар береді.

Жүрек денсаулығын сақтауда дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Майлы, қуырылған және тұзы көп тағамдарды шамадан тыс тұтыну қан қысымының жоғарылауына және қандағы холестерин деңгейінің артуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан күнделікті тамақтану рационында көкөніс пен жемістерді, дәнді дақылдарды, пайдалы ақуыз көздерін көбірек пайдаланған жөн. Тұзды және қантты шамадан тыс қолдануды шектеу де маңызды. Артық салмақ жүрекке түсетін жүктемені арттырады. Сол себепті дене салмағын қалыпты деңгейде ұстау – жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алудың маңызды шараларының бірі. Қозғалыс аздығы да жүрекке кері әсер ететін факторлардың бірі. Күнделікті өмірде мүмкіндігінше белсенді болуға тырысу қажет. Жаяу жүру, жеңіл дене жаттығулары және адамның жасына әрі денсаулық жағдайына сәйкес физикалық белсенділік жүрек жұмысына оң ықпал етеді. Алайда бұрын спортпен тұрақты айналыспаған немесе созылмалы аурулары бар адамдар физикалық жүктемені бірден көбейтпей, дәрігермен кеңескені дұрыс.
Сондай-ақ, темекі шегу қан тамырларына кері әсер етіп, жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін арттырады. Сондықтан темекіден бас тарту – жүрек денсаулығын жақсартуға жасалған маңызды қадам.Жүрекке күтім жасау тек дәрі-дәрмек қабылдаумен шектелмейді. Дұрыс тамақтану, тұрақты қозғалыс, жеткілікті ұйқы, күйзелісті азайту және зиянды әдеттерден бас тарту – жүрек саулығын сақтаудың негізгі құрамдас бөліктері. Кейбір адамдар қан қысымы көтерілгенде немесе жүрек соғысы жиілегенде таныстарының кеңесімен дәрі қабылдауға тырысады. Бұл – дұрыс емес. Әр адамның ағзасы әртүрлі. Бір адамға тиімді болған дәрі екінші адамға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан дәрі-дәрмекті тек дәрігердің кеңесімен қабылдау қажет. Әсіресе қан қысымына арналған препараттарды өз бетінше тоқтатуға немесе дозасын өзгертуге болмайды.

Жүрек тұсында қатты немесе қысатын ауырсыну пайда болып, ауырсыну сол қолға, иыққа, арқаға немесе жақ аймағына тараса, сонымен қатар ентігу, суық тер басу, қатты әлсіздік, жүрек айну сияқты белгілер байқалса, медициналық көмекке дереу жүгіну қажет. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай, жедел медициналық көмек шақырған дұрыс. Жүрек-қан тамырлары ауруларында алғашқы минуттар мен сағаттардың маңызы өте зор.
Кардиолог дәрігер Мырзахмет Мәуленов тұрғындарды денсаулығына жауапкершілікпен қарауға және аурудың алдын алуға шақырады.
«Денсаулық – адамға берілген ең үлкен байлық. Жүрек ауруларының алдын алу үшін міндетті түрде аурудың белгісін күтудің қажеті жоқ. Өз денсаулығыңызды бүгіннен бастап бақылаңыз. Қан қысымыңызды өлшеп, қажетті медициналық тексерулерден өтіп, дұрыс тамақтанып, белсенді өмір салтын ұстаныңыз. Ең бастысы – өзіңізді тыңдап, денсаулығыңызда өзгеріс байқалса, дәрігерге уақытылы жүгініңіз. Алдын алу – ауруды емдеуден әлдеқайда тиімді. Жүрек денсаулығы – адамның жалпы өмір сапасының маңызды бөлігі. Сондықтан жүрегіңізге қамқорлық жасауды кейінге қалдырмай, бүгіннен бастаңыз. Жүрек ауырмаса да, оны тексеруді ұмытпаңыз.Денсаулықты сақтау – әр адамның өз қолында.Жүрегіңізді қорғаңыз – ол сізге өмір бойы қызмет етеді!» – дейді Кардиолог дәрігер Мырзахмет Мәуленов.
