Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың маңызды бағытының бірі – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту және ауыл әкімдерін тікелей сайлау институтын жетілдіру. Президент өз Жолдауларында халықтың мемлекеттік басқару ісіне қатысуын кеңейту, жергілікті биліктің жауапкершілігін арттыру және әкімдердің тұрғындар алдындағы есептілігін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударып келеді.

Мемлекет басшысы: «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты аясында мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде халықтың пікіріне сүйенетін тиімді жүйе қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Осыған сәйкес ауыл әкімдерін тікелей сайлау – демократиялық жаңғырудың маңызды қадамдарының бірі болып табылады. Бұл бастама ауыл тұрғындарының өз елді мекенінің болашағына тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беріп, жергілікті билік пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтуға жол ашты. Президент тапсырмасына сәйкес сайланған әкімдердің басты міндеті – халықтың сенімін ақтау, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және азаматтардың көтерген мәселелерін дер кезінде шешу. Әрбір әкім өзінің қызметінде ашықтық, әділдік және халықпен тұрақты диалог қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс.

Осы саяси реформалардың аясында Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ ауылдық округінде әкім сайлауы өтіп, тұрғындардың басым дауысына ие болған Құралбеков Нұрсұлтан Рүстемұлы ауылдық округтің әкімі болып сайланды. Бұл – ауыл тұрғындарының еркін таңдауының нәтижесі әрі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі. Жаңадан сайланған әкімді құттықтау мақсатында аудан әкімінің орынбасары Сержан Дауылбайұлы Қайнарбұлақ ауылдық округіне арнайы барып, жаңа басшыға аудан басшылығының ізгі тілегін жеткізді.

Кездесу барысында ауылдық округтің алдағы даму бағыттары кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз ету, инженерлік және жол инфрақұрылымын жетілдіру, елді мекендерді абаттандыру, тұрғындарды сапалы ауыз сумен, табиғи газбен және электр энергиясымен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері басты назарға алынды. Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын уақытылы қарау, азаматтарды жеке қабылдауды тұрақты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және халықпен ашық әрі тиімді байланыс орнату жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерді сапалы орындау, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету және ауылдың тұрақты дамуына бағытталған жұмыстарды жүйелі жүргізу қажеттігі ерекше атап өтілді. Президент өз сөздерінде мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – халыққа адал қызмет ету екенін бірнеше рет айтқан болатын. Осы қағидат жаңа әкім қызметінің негізгі ұстанымы болуы тиіс екені де кездесу барысында назардан тыс қалған жоқ.

Құралбеков Нұрсұлтан Рүстемұлы 1990 жылғы 6 ақпанда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2012 жылы Шымкент қаласындағы Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2019 жылы Сайрам ауданы Көлкент ауылдық округі әкімдігі аппаратында бас маман-заңгер қызметінен бастады. Мемлекеттік қызметте жинаған тәжірибесі барысында құқықтық мәселелерді шешу, мемлекеттік басқару және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыру бағытында кәсіби біліктілігін көрсетті.

2023 жылы Қайнарбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне белсенді үлес қосты. Осы кезеңде ауыл тұрғындарының талап-тілектерін жақсы меңгеріп, өңірдің өзекті мәселелерімен етене танысты. 2025 жылғы 30 қыркүйектен бастап осы уақытқа дейін Сайрам ауданы әкімдігінің ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімшесінде бас маман қызметін атқарып, аудан көлеміндегі ұйымдастыру жұмыстары мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына жауапты бағыттардың бірінде еңбек етті.

Жергілікті басқару жүйесінде тәжірибе жинақтаған жас басшының жаңа қызметі ауылдық округтің одан әрі дамуына тың серпін береді деген сенім мол. Алдағы уақытта Қайнарбұлақ ауылдық округінде Президент тапсырмаларына сәйкес инфрақұрылымды жаңарту, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік нысандардың жұмысын жетілдіру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және елді мекендерді абаттандыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау – халықтың мемлекет ісіне белсенді қатысуының нақты көрінісі. Бұл жүйе әкімдердің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың сенімі мен талап-тілегіне негізделген басқару мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан Қайнарбұлақ ауылдық округінің жаңа әкімінің алдында тұрғындардың сенімін ақтап, Мемлекет басшысы айқындаған реформаларды табысты жүзеге асыру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және ауылдың тұрақты дамуын қамтамасыз ету міндеті тұр.

Халық сенімі – үлкен жауапкершілік. Осы сенімді ақтау жолындағы жүйелі еңбек пен нақты нәтижелер Қайнарбұлақ ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға негіз болмақ.

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*