Сауран ауданында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстардың, құқықбұзушылықтардың, суицидтің және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Жиында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылыққа жол бермеу және жауапты мекемелердің өзара іс-қимылын күшейту бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Мәжілісте алғашқы болып Сауран аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Түймебаев Данияр баяндама жасап, кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалған қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайту, жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру және профилактикалық іс-шаралардың нәтижелілігін арттыру мәселелері сөз болды.

Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ана, білім беру ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысына байланысты. Осыған орай мектеп оқушылары арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу, қауіп төндіретін жағдайларды ерте анықтау және құқық бұзуға бейім жасөспірімдермен жеке профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді.

 

Келесі кезекте аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейіржан Адилбеков жасөспірімдер арасындағы суицидтің, құқықбұзушылықтың және ерте жүктіліктің алдын алу бағытында білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Білім беру саласындағы профилактикалық жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі – оқушылардың психологиялық жағдайын тұрақты бақылау және оларға қажетті қолдау көрсету. Осы ретте мектеп психологтарының, әлеуметтік педагогтердің, сынып жетекшілерінің және ата-аналардың өзара байланысын күшейту маңызды екені айтылды. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аударып, мәселесін тыңдап, тиісті мамандардың көмегіне жүгіну – келеңсіз жағдайлардың алдын алудың тиімді тетіктерінің бірі. Жиында ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру мәселесіне де ерекше мән берілді. Себебі жасөспірімнің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оның интернеттегі қауіпсіздігін бақылау, достық ортасына назар аудару және мектеппен тұрақты байланыста болу құқықбұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын ата-аналармен жүйелі түрде жүргізу қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмады. Балалардың жол қозғалысы ережелерін сақтауын қамтамасыз ету, мектептер маңындағы қауіпсіздік шараларын күшейту, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жол белгілерінің талапқа сай болуын бақылау бойынша тиісті жұмыстарды жалғастыру тапсырылды. Әсіресе оқушылардың мектепке келіп-кету уақытындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты мекемелер тарапынан тұрақты бақылау жүргізу қажеттігі атап өтілді.

 

Сондай-ақ мәжілісте қызметтік автокөліктер бойынша берешектерді өндіру мәселесі қаралып, бұл бағытта атқарылған жұмыстар туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндады. Аталған мәселе бойынша берешектерді өндіріп алу, тиісті жұмыстарды заң талаптарына сәйкес жүргізу және қаржылық тәртіпті сақтау бағыттары талқыланды. Жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша жауапты бөлімдер мен мекемелердің жұмысына нақты баға беріліп, алдағы кезеңге бірқатар міндеттер айқындалды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров балалардың қауіпсіздігіне қатысты жұмыстарды формалды түрде емес, нақты нәтижеге бағыттап жүргізу қажеттігін атап өтті.

Аудан басшысы жауапты мемлекеттік органдарға кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу, суицидтің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейту, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және ата-аналармен байланысты нығайту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, олардың қауіпсіз ортада тәрбиеленіп, білім алуына жағдай жасау – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да аудан әкімдігі, құқық қорғау органдары, білім беру ұйымдары және ата-аналар қауымдастығының бірлескен іс-қимылы арқылы жүйелі түрде жалғасатын болады.

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*