Төлеби ауданына қарасты Кемеқалған ауылдық округінің Әңгірата ауылында ел бірлігі мен ауызбіршіліктің нәтижесінде бой көтерген жаңа ауылдық кітапхана салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындарының рухани өміріне серпін беріп, жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған игі бастаманың жүзеге асуына үлес қосқан бірқатар азаматтар арнайы марапаттарға ие болды. Жаңа руханият ордасының ашылуына арналған салтанатты жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, Төлеби ауданы әкімінің аппаратының басшысы Амалбек Өміртай, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, кәсіпкер-меценат Әсет Қайыпбеков, журналист Асхат Садырбай, ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

Салтанатты шараның ең маңызды бөлігі – ауылдың әлеуметтік-мәдени дамуына үлес қосып, жаңа кітапхананың бой көтеруіне демеушілік көрсеткен азаматтарды марапаттау рәсімі болды. Елдің ортақ игілігі жолында атқарылған ауқымды іске қолдау білдірген азаматтарға Төлеби ауданы әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының Алғыс хаттары табысталды.

Марапат иелеріне көрсетілген құрмет – олардың ел болашағына, ауылдың мәдени-рухани дамуына қосқан үлесіне берілген лайықты баға. Себебі жаңа кітапхананың бой көтеруі – бір ғана ғимараттың салынуымен шектелмейтін, ауыл тұрғындарының бірлігі мен азаматтардың туған жерге деген жанашырлығын айқын көрсететін маңызды бастама. Ауыл жанашыры, кәсіпкер Жамбыл Мәуленұлының бастамасы және жомарт жүректі азаматтардың демеушілігі арқасында жүзеге асқан бұл жоба көпке үлгі боларлық игі іске айналды. 2025 жылдың қыркүйек айында басталған құрылыс жұмыстары қысқа мерзім ішінде аяқталып, заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа кітапхана ел игілігіне берілді.

Жиында сөз алған азаматтар ауылдың рухани өміріндегі бұл жаңалықтың маңыздылығына тоқталып, кітапхананың жас ұрпақтың білім алуына, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосар үлесі мол екенін атап өтті. Сондай-ақ ел азаматтарының осындай ортақ іске жұмылып, туған ауылдың көркеюіне үлес қосуы – қоғамдағы өзара жауапкершілік пен ынтымақтың жарқын көрінісі екені айтылды.

Әңгірата ауылдық кітапханасының тарихы сонау 1953 жылдан бастау алады. Алғашқы кітапхана ауыл тұрғындарының қолдауымен және соғыс және еңбек ардагері Әбдіжаппар Ақыловтың бастамасымен ашылған. Ол ширек ғасырға жуық уақыт бойы кітапхананы басқарып, ауылдың мәдени-рухани өмірінің қалыптасуына айрықша үлес қосты. 1978–1993 жылдары бұл игі істі Әбдіжаппар Ғани жалғастырса, 1993 жылдан бері Райымкүлова Гүлзия ауыл тұрғындары мен оқырмандарға үздіксіз қызмет көрсетіп келеді.

Бүгінде кітапхана қорында 10 мыңға жуық кітап бар. Осы жылдар ішінде руханият ордасы талай буын өкілінің сүйікті мекеніне айналып, ауыл тұрғындарының білімін толықтыруға, таным көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік беріп келеді. Кітапхана қабырғасынан тәлім алған көптеген оқырман бүгінде еліміздің әр өңірінде түрлі салада жемісті еңбек етіп жүр. Сонымен бірге кітапхана оқырмандары аудандық және облыстық деңгейдегі түрлі байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп келеді.

2023 жылы ескі кітапхана ғимаратының тозығы жетіп, апатты жағдайға байланысты сүрілген еді. Дегенмен кітапхана қызметі тоқтаған жоқ. Уақытша ғимаратта жұмысын жалғастырған кітапхана ұжымы ауыл тұрғындарына тұрақты түрде қызмет көрсетіп, оқырмандардың кітапқа деген сұранысын қамтамасыз етті. Жаңа ғимараттың бой көтеруі – осы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан рухани дәстүрдің жалғасы. Енді ауыл тұрғындары мен өскелең ұрпаққа заманауи талапқа сай қолайлы ортада білім алып, кітап оқуға мүмкіндік жасалды.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасымен үндесіп, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, рухани құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Әңгірата ауылындағы жаңа кітапхананың ашылуы – ел бірлігінің, азаматтық жауапкершіліктің және туған жерге деген жанашырлықтың нақты жемісі. Ал осы игі іске қолдау көрсетіп, жаңа руханият ордасының бой көтеруіне үлес қосқан азаматтардың марапатталуы – еңбектің еленіп, елге қызмет етудің әрдайым құрметке ие екенін көрсетеді.

Жаңа кітапхана ауылдың мәдени-рухани орталығына айналып, талай жас ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтетін, кітап пен оқырманды тоғыстыратын қасиетті шаңырақ болмақ. Елдің ортақ ісіне жұмылған азаматтардың еңбегі мен жанашырлығы Әңгірата ауылының тарихында игі бастама ретінде сақталып, кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*