Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы ел көлемінде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамаға айналды. Бұл игі үрдіс Сайрам ауданында да жүйелі түрде жалғасып, тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бүгінде аудан аумағында ұйымдастырылып жатқан әрбір тазалық шарасының басты мақсаты – көшелер мен қоғамдық орындарды ғана ретке келтіру емес, табиғатты қорғауға деген ортақ жауапкершілікті арттыру. Осы бағыттағы кезекті ауқымды жұмыс Қарамұрт ауылдық округінде ұйымдастырылды.

Тазалық шарасы облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойында өткізіліп, жол жиегіндегі аумақ толықтай санитарлық тазалаудан өткізілді. Жұмысқа Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Сансызбайұлы, Сайрам ауданының әкімі Мадияр Мұхтарұлы, ауыл ақсақалдары, аудан әкімдігі қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты. Тазалық жұмыстарына барлығы 420 адам жұмылдырылып, 12 арнайы техника тартылды. Сенбілік барысында жол бойындағы қураған ағаштар мен бұталар ретке келтіріліп, қоршаған ортаға көрік бермей тұрған өсімдіктер тазартылды. Сонымен қатар 2,2 шақырым аумақтағы тікенекті және арам шөптер орылып, жол бойының санитарлық жағдайы жақсартылды. Ауқымды жұмыстың нәтижесінде 3,3 тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналып, белгіленген тәртіппен арнайы полигонға шығарылды. Бұл – бір күндік сенбіліктің ғана емес, тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілердің ортақ іске жұмылғанының нақты нәтижесі.

Жол бойындағы тазалықтың сақталуы әсіресе маңызды. Себебі автомобиль жолдары – ауданға келетін қонақтар мен тұрғындар ең алдымен көретін аумақтардың бірі. Сондықтан елді мекендердің кіреберістері мен негізгі бағыттарындағы тазалық пен абаттандыру жұмыстары ауданның жалпы келбетіне тікелей әсер етеді. «Таза Қазақстан» акциясының мәні де осында. Экологиялық тазалықты қамтамасыз ету тек арнайы техниканың немесе коммуналдық қызметтердің міндеті емес. Бұл – баршаға ортақ іс. Әр азамат өзі тұратын аумақтың тазалығына үлес қосып, табиғатқа ұқыпты қараса, қоршаған ортаны қорғау мәдениеті де қалыптасады.
Сайрам ауданында бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және қоғамдық орындардың жағдайын жақсарту бойынша нақты шаралар тұрақты түрде жүргізілмек. Тазалық – бір күндік науқан емес, күнделікті мәдениет. Табиғатты аялау, қоршаған ортаны ластамау, айналаны таза ұстау – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы әрбір іс-шараны ортақ игілікке бағытталған маңызды қадам деп қабылдауымыз қажет.

Сайрам ауданында қолға алынған осындай бастамалар тұрғындардың белсенділігін арттырып, елді мекендердің көркеюіне және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлесін қосады. Таза аудан – жайлы өмірдің, көрікті елді мекен – тұрғындардың ортақ еңбегінің нәтижесі.