Түркістан облысы – тарихы терең, мәдениеті бай, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары сабақтастық тапқан қасиетті өңір. Осы аймақтағы әрбір ауданның өзіндік орны мен ерекшелігі бар. Солардың бірі – тарихы тағылымға толы, елдік пен ерліктің, дәстүр мен өнегенің алтын бесігі болған Созақ ауданы. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында өзіндік із қалдырған бұл өлке бүгінде де ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында маңызды жұмыстар атқарып келеді.
Осындай игі бастамалардың өзегінде аға буынның өмірлік тәжірибесі мен тағылымды сөзі, ел мен жердің тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізу міндеті тұр. Өйткені ұлттың ұстыны – оның тарихи жады мен рухани құндылықтарында. Ал атадан балаға жеткен аманатты сақтау – әр азаматтың ортақ парызы.
Осы орайда Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің «Жол-жөнекей» бағдарламасында «Ата мұра – ұрпаққа аманат» тақырыбында Созақ ауданының «Құрметті азаматы», Түркістан облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Исаұлы Әбдіқұлов арнайы сұхбат беріп, ұлттық құндылықтар, ұрпақтар сабақтастығы, отбасы тәрбиесі, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік мәселелеріне қатысты өз ойын білдірді. Одан бөлек, ел ағасының ел бірлігіне қатысты жиындарда айтқан пікірлерін қоса отырып, оқырманға ұсынғымыз келеді.
Созақбай Исаұлы Әбдіқұлов 1954 жылдың 12 тамызында Түркістан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылында дүниеге келген. Ғибратты ғұмырын елдің қоғамдық өмірімен байланыстырып, халықтың бірлігі мен ынтымағын, ұлттық құндылықтар мен дәстүр сабақтастығын дәріптеп келе жатқан азамат ретінде аға буын өкілдерінің қатарында өзіндік орны бар.

Оның пайымынша, бүгінгі қоғам үшін ең маңызды құндылықтардың бірі – елдің татулығы мен тұрақтылығы. Себебі кез келген мемлекеттің дамуы ең алдымен оның ішкі бірлігіне байланысты. Қоғамда өзара түсіністік пен сыйластық орныққан кезде ғана елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жастардың жарқын болашағына және мемлекеттің тұрақты дамуына берік негіз қаланады.
«Біз үшін елдің бірлігі – ең үлкен құндылық. Қазақ халқы ежелден «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп бекер айтпаған. Қандай кезеңде де халықты алға жетелеген күш – ауызбіршілік пен ынтымақ. Бүгінгі Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі де – түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп, ортақ мақсат жолында еңбек етіп келе жатқандығы. Бұл – баршамызға ортақ үлкен жетістік әрі оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Шындығында, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік – бір күнде қалыптасатын құндылық емес. Ол күнделікті қарым-қатынастан, көршіге деген құрметтен, өзара сыйластықтан, әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Мемлекеттің тұтастығы мен қоғамның тұрақтылығы да осындай қарапайым, бірақ маңызы зор құндылықтардан құралады.
Созақ ауданының тұрғындары үшін татулық пен ынтымақтың маңызы айрықша. Кең байтақ даланың төсінде орналасқан аудан – талай тарихи кезеңнің куәсі болған қасиетті мекен. Мұнда ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр мен ұлттық тәрбие, үлкенді сыйлау мен кішіге қамқор болу секілді адамгершілік қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Созақтың әр ауылында елдің ынтымағын сақтауға, қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жұмыстардың мәні зор. Бүгінде аудан көлемінде дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, қоғамдық және ұлтаралық келісімді нығайту, жалпыұлттық бірлікті дәріптеу бағытында да түрлі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындарға елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің қадірін түсіндіру, қоғамда өзара сыйластық пен толеранттылық мәдениетін қалыптастыру, жастарды теріс діни ағымдардан сақтандыру және ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру.» – деген пікірін білдіреді Созақбай Исаұлы.

Созақбай Исаұлының пікірінше, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау ісінде тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі бар. Әсіресе, отбасы, білім беру ұйымдары, қоғамдық институттар мен аға буын өкілдерінің өзара байланысы берік болғаны маңызды.
«Қоғамдық келісім ең алдымен отбасындағы тәрбиеден басталады. Үйінде үлкенді сыйлаған, кішіге ізет көрсеткен бала ертең қоғамда да өзгені құрметтей білетін азамат болып қалыптасады. Сондықтан балаға елдің тарихын, туған жердің қадірін, ата-бабаның аманатын түсіндіру – ата-ананың басты міндеттерінің бірі. Ұлттық тәрбие бар жерде ұлттық сана қалыптасады. Ал ұлттық санасы биік азамат елдің тыныштығы мен бірлігін бағалайды.Бұл ретте отбасы институтының қоғамдағы рөлі ерекше. Өйткені бала бойындағы алғашқы түсінік пен алғашқы тәрбие отбасында қалыптасады. Үлкеннің сөзі, ата-ананың өнегесі, әженің тәрбиесі, атаның ақылы – ұрпақтың рухани қалыптасуына әсер ететін үлкен мектеп.
Созақ сияқты тарихы терең, дәстүрі берік өңірде мұндай құндылықтардың маңызы тіпті жоғары. Қазақтың «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» қағидасы – қоғамдағы өзара сыйластықтың негізі. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі жастарға дұрыс бағыт-бағдар берсе, жастардың жаңашылдығы мен ізденісі елдің дамуына серпін береді. Осылайша ұрпақтар арасындағы сабақтастық сақталады.», – дейді ол.
Созақбай Исаұлы Әбдіқұлов өз сөзінде аға буынның қоғамдағы орнына ерекше тоқталады. Оның пайымынша, ақсақалдар – халықтың тарихи жадын сақтаушы, елдің бірлігін ұйыстырушы рухани тірек. Ақсақалдың сөзі – көпке бағыт, жастарға өнеге. Сондықтан аға буын өкілдерінің қоғамдық мәселелерге белсенді араласуы, жастармен пікір алмасуы, өмірлік тәжірибесін бөлісуі – қазіргі қоғам үшін аса қажет.

«Ақсақал деген сөздің өзінде үлкен жауапкершілік жатыр. Ақсақал ел ішіндегі татулыққа дәнекер болып, дау-жанжалды ушықтырмай, адамдарды сабырға, түсіністікке шақыруы керек. Біздің бабаларымыз да ел арасындағы мәселелерді ақылмен, мәмілемен шешкен. Осы дәстүрді бүгінгі ұрпаққа жеткізуіміз қажет. Жастар үлкендердің ақылын тыңдап, ал үлкендер жастардың талабын түсініп, қолдау көрсетуі керек. Сонда ғана ұрпақтар арасында берік байланыс орнайды», – деген ой айтады Созақбай Исаұлы.
