Адам денсаулығы – қоғамның ең басты байлығы. Ал сол байлықты қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Әсіресе, елді мекендердегі медициналық көмектің сапасын арттыруда ауылға ат ізін салып, өз білімі мен тәжірибесін халық игілігіне арнаған жас мамандардың орны ерекше. Бүгінде денсаулық сақтау саласында жас дәрігерлердің қатарын толықтырып, ауылдық жерлерде еңбек етуге ниет білдіріп жүрген мамандардың қатары артып келеді.
Солардың бірі – Рақманқұлов Сапар. 1995 жылы Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында дүниеге келген жас дәрігер қазіргі таңда өзінің туған өңіріне жақын орналасқан Шаштөбе елді мекенінің тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп келеді. 2026 жылдың мамыр айынан бастап Кентау қалалық емханасына қарасты Шаштөбе фельдшерлік-акушерлік пунктінде жалпы тәжірибедегі дәрігер болып жұмысқа орналасқан Сапар үшін бұл – кәсіби жолындағы маңызды әрі жауапты қадам.
Дәрігер мамандығы – үлкен жауапкершілікті талап ететін кәсіп. Өйткені дәрігердің қабылдауына келген әрбір науқас оның білімі мен біліктілігіне, тәжірибесі мен адамгершілігіне сенім артады. Адам өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты шешім қабылдайтын маманнан кәсіби шеберлікпен қатар, сабырлылық, мейірімділік және үлкен жауапкершілік талап етіледі.

Сапар Рақманқұловтың айтуынша, дәрігер болу – оның бала күнгі арманы. Бұл арманның орындалуына отбасындағы тәрбиенің де ықпалы зор болған.
– Дәрігер болу – бала кезімнен армандаған мамандығым. Отбасымның маған көрсеткен қолдауы мен ықпалы өте үлкен болды. Себебі біздің жанұямызда медицина саласында абыройлы еңбек етіп жүрген жандар бар. Олардың халыққа қызмет етіп, адамдардың алғысына бөленіп жүргенін көріп өстім. Сондықтан медицина саласын таңдау мен үшін кездейсоқ шешім болған жоқ. Бұл – бала күнгі арманымның жалғасы, отбасымнан алған тәрбием мен өмірлік ұстанымымның нәтижесі, – дейді жас дәрігер.
Сапар Рақманқұлов 2014 жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығына оқуға түсіп, 2021 жылы оқу орнын сәтті тәмамдаған. Жоғары білім алғаннан кейін медициналық саладағы еңбек жолын бастап, өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауға кірісті. 2021-2026 жылдар аралығында Қостанай облысының Лисаковск қаласында жалпы тәжірибедегі дәрігер болып еңбек еткен жас маман солтүстік өңірдегі медициналық қызмет көрсету жүйесінде тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыдан шыңдалды. Түрлі жастағы науқастармен жұмыс істеп, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бағытында тәжірибесін арттырды. Бірнеше жыл бойы жинақтаған білімі мен тәжірибесін енді өзі туып-өскен Түркістан өңіріне жақын елді мекен тұрғындарының игілігіне жұмсауды жөн көрді.
Қаладан ауылға келіп, еңбек ету – жас маман үшін жаңа ортаға бейімделуді ғана емес, халықтың сұранысына сай жұмыс істеуді, тұрғындардың денсаулығына ерекше жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Ауылдық жердегі дәрігердің жұмысы сан қырлы. Мұнда дәрігер тек науқасты қабылдап қана қоймайды. Ол тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, аурудың алдын алу, ерте диагностикалау, диспансерлік бақылау, профилактикалық шараларды жүргізу секілді маңызды жұмыстардың басы-қасында жүреді.

Шаштөбе елді мекеніне жұмысқа орналасуының өзіндік себебі бар. Жас дәрігердің басты мақсаты – ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетіп, олардың денсаулығын жақсартуға өз үлесін қосу.
– Мен үшін адам денсаулығына қызмет ету – жай ғана мамандық емес, өмірлік таңдау. Дәрігерлік жолды таңдаған адам әрдайым ізденісте болуы керек деп ойлаймын. Себебі медицина үнемі дамып отырады. Жаңа ауру түрлері, жаңа емдеу тәсілдері, жаңа технологиялар пайда болады. Сондықтан дәрігер өзінің білімін үнемі жетілдіріп, біліктілігін арттырып отыруы қажет. Менің Шаштөбеге келудегі негізгі мақсатым – ауыл тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету. Әрбір тұрғын өз денсаулығына қатысты мәселемен келген кезде тиісті кеңес алып, қажетті медициналық көмекті уақытылы алғанын қалаймын, – дейді Сапар Рақманқұлов.
Жас дәрігердің пікірінше, ауылдық медицинада халықпен етене жұмыс істеудің маңызы зор. Себебі дәрігер мен тұрғын арасында сенім қалыптасса, көптеген аурудың алдын алуға және денсаулыққа қатысты мәселелерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік мол.
– Ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау үшін ең алдымен аурудың алдын алуға көңіл бөлу қажет. Көп жағдайда адамдар дәрігерге ауруы асқынған кезде ғана жүгінеді. Ал медицинадағы ең маңызды бағыттардың бірі – профилактика. Тұрғындар уақытылы медициналық тексеруден өтіп, қан қысымын, қандағы қант мөлшерін және басқа да көрсеткіштерін бақылап отырғаны дұрыс. Әсіресе созылмалы аурулары бар азаматтар дәрігердің бақылауында болғаны маңызды. Біздің міндетіміз – науқасты емдеу ғана емес, оның денсаулығын сақтауға бағыт-бағдар беру, – дейді дәрігер.
Жалпы тәжірибедегі дәрігердің ауылдық жердегі жұмысының тағы бір ерекшелігі – тұрғындардың әртүрлі мәселесімен бетпе-бет келуі. Бір күннің ішінде балалар мен қарттарды, жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар азаматтарды қабылдауға тура келеді. Сондықтан жалпы тәжірибедегі дәрігер әмбебап білім мен жан-жақты тәжірибеге ие болуы қажет.
Сапар Рақманқұлов үшін Қостанай облысындағы еңбек тәжірибесі де кәсіби қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Лисаковск қаласында бес жылға жуық еңбек еткен уақытында ол медицина саласындағы теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, науқастармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерді. Енді сол тәжірибесін Шаштөбе елді мекенінің тұрғындарына қызмет көрсету барысында тиімді пайдалануды көздеп отыр. Жас дәрігер ауылдағы медициналық пункттің жұмысын тұрғындарға барынша қолайлы етуге, медициналық көмектің сапасын арттыруға және халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға ниетті. Оның айтуынша, дәрігер үшін ең үлкен марапат – науқастың алғысы мен оның денсаулығының жақсаруы.

– Дәрігердің еңбегін бағалайтын ең үлкен көрсеткіш – халықтың сенімі деп ойлаймын. Адам сізге өзінің ең қымбат дүниесін – денсаулығын сеніп тапсырады. Сондықтан әр науқасқа жауапкершілікпен қарау қажет. Кейде дәрігердің айтқан бір ауыз жылы сөзі мен дұрыс кеңесінің өзі науқасқа үлкен демеу болады. Сол себепті мен әрбір тұрғынды тыңдап, мәселесіне барынша мұқият қарауға тырысамын. Ауылға келген соң халықпен жақын араласудың, олардың қажеттілігін түсінудің маңызын одан әрі сезіне түстім, – дейді Сапар.
Бүгінде елімізде ауылдық жерлердегі медициналық көмектің сапасын арттыруға, медициналық кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағытта жас мамандардың ауылға келіп, тұрақты еңбек етуі – маңызды қадамдардың бірі. Себебі ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімді болуы – әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін фактор. Жас дәрігердің таңдауы – осы бағыттағы жақсы бастамалардың бірі. Қаладан ауылға келіп, халыққа қызмет етуді таңдаған Сапар Рақманқұлов өз мамандығына деген адалдығын нақты іспен көрсетіп отыр. Оның еңбек жолы – жас маманның туған жерге қызмет етуге деген ұмтылысының көрінісі. Дәрігер болу – тек ақ халат киіп, науқас қабылдау емес. Бұл – әр адамның тағдырына жауапкершілікпен қарау, үнемі іздену, білімді жетілдіру, адамға жанашырлық таныту. Осыны жақсы түсінетін Сапар Рақманқұлов алдағы уақытта да өз кәсіби біліктілігін арттырып, ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға бар күш-жігерін жұмсауды жоспарлап отыр.

«Адам денсаулығы – ең үлкен құндылық» деген ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған жас дәрігердің ауылды таңдауы – көпке үлгі. Себебі елді мекендердің әлеуметтік дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда білімді, білікті әрі отаншыл жастардың еңбегі айрықша маңызға ие.
Бүгін Шаштөбе елді мекенінде еңбек жолын бастаған жас дәрігер ертең талай адамның дертіне шипа тауып, көптеген жанның алғысын арқалайтыны сөзсіз. Оның бұл таңдауы – медицина саласына келген жас мамандарға да үлкен ой салады. Өйткені туған жерге қызмет ету, ауыл халқына медициналық көмек көрсету, адам өмірі мен денсаулығын қорғау – үлкен жүректі, биік жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет.
Ал Сапар Рақманқұлов үшін бұл міндет – жай ғана қызмет емес. Бұл – бала күнгі арманына адалдық, отбасының өнегесін жалғастыру және адам денсаулығына қызмет ету арқылы елге пайдасын тигізудің нақты жолы.
