Мақтаарал ауданында инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Ауданда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар экономиканың дамуына серпін беріп, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға оң ықпал етуде. 2025 жылы аудан бойынша 51,0 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланса, жыл қорытындысымен бұл жоспар 110 пайызға орындалып, аудан экономикасына жалпы 56,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Өткен жылы 8 инвестициялық жоба толық іске қосылып, нәтижесінде 153 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал 2026 жылы ауданға 60,0 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша ауданға 23,4 млрд теңге инвестиция тартылып, бекітілген жоспар артығымен орындалды.

Жалпы 2026–2028 жылдары Мақтаарал ауданында жалпы құны 110,5 млрд теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалардың нәтижесінде 1207 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалардың бір бөлігі жергілікті кәсіпкерлер тарапынан жүзеге асырылса, қалған бөлігі шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асуда. Жергілікті кәсіпкерлер жалпы құны 3,9 млрд теңгені құрайтын 4 жобаны жүзеге асырып, 236 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында «Мырза» ЖШС-нің 350 млн теңгелік ет өнімдерін терең өңдеу цехы бар. Қазіргі таңда жартылай дайын өнімдер бөлімі жұмыс істеп тұр, ал биылғы жылдың төртінші тоқсанында ет өңдеу бағыты толық іске қосылады. Сонымен қатар, «Халық» ЖШС-ы жалпы құны 2,0 млрд теңгені құрайтын тігін өндірісін іске асыруда. Кәсіпорынға қажетті құрал-жабдықтар толық жеткізіліп, монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазіргі таңда мамандарды даярлау және тапсырыстар қабылдау жұмыстары жүргізілуде.


«Хамро Ата» ЖШС 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салып, мақта майын өндіретін зауыттың құрылысы да жүргізілуде. Қазіргі таңда құрал-жабдықтарды орнату толық аяқталған, құрылыс жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Кәсіпорынды биылғы жылдың үшінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Ал «Тамила» шаруа қожалығы 500 млн теңге инвестиция есебінен мал бордақылау кешенін салуда. Жоба аясында жыл соңына дейін 2000 басқа арналған кешен пайдалануға беріледі. 2027 жылы оның қуаты 5000 басқа дейін ұлғайтылады.

Мақтаарал ауданында 2014 жылы құрылған 24 гектарлық индустриалды аймақ бүгінде толық игерілуге жақын. Қазіргі таңда онда небәрі 1 гектар бос жер қалған, қалған аумақ кәсіпкерлерге бөлінген. Биыл индустриалды аймақта жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылып, 91 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, «Giga Group» ЖШС – 250 млн теңгелік мата (обтарка) өндірісі, «Н.Мамасариев» ЖШС-ның 500 млн теңгелік темір-бетон өнімдерін шығаратын кәсіпорыны, «Ырысты Береке» ЖШС-ның 450 млн теңгелік асфальт-бетон зауыты, «IBO COTTON» ЖШС-ның 800 млн теңгелік мақта талшығын өндіру жобасы, «Мақтаарал Агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-ның 1 млрд теңгелік мақта майын өндіру зауыты және «Таза болашақ» ЖШС-ның 500 млн теңгелік пластикалық өнімдерді қайта өңдеу кәсіпорны іске асуда.


Аталған жобалардың басым бөлігінің құрылысы аяқталған және құрал-жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Мақтаарал ауданының арнайы экономикалық аймағында да бүгінде жалпы құны 104,2 млрд теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар толық іске қосылған кезде 845 адам тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтылады.

Қазіргі таңда «БНК групп» ЖШС кәсіпкерлерге өндірістік алаңдарды жалға беру мақсатында салынған 8 броунфилдтің құрылысын аяқтады. Сонымен қатар, «HanYa Holdings» ЖШС, «Мақтаарал Xing Feng» ЖШС және «Каз Про Темир» ЖШС өндірістік нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аталған кәсіпорындарды 2026–2028 жылдары толық пайдалануға беру жоспарланған. Ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта Мақтарал ауылдық округінен 2 гектар жер телімі бөлініп, әрқайсысының аумағы 450 шаршы метр болатын 5 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталды.


Бүгінгі таңда жалпы құны 540 млн теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асыратын 5 кәсіпкермен меморандум жасалған. Олар өндірістік ғимараттарды жалға алу немесе сатып алу арқылы өз кәсіптерін бастайды. Сонымен қатар, аталған өндірістік ғимараттарда жұмысын бастайтын екі кәсіпкерді «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, Мақтаарал ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және аудан экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы саласында 85,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,3 пайызға артқан. Оның ішінде егін шаруашылығы 72,1 млрд теңге, мал шаруашылығы 13,3 млрд теңге көлемінде өнім өндірді. Ауданда 60,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жері пайдаланылып, негізгі дақылдардың бірі – мақтаға ерекше басымдық беріліп келеді. Осындай өндірістік әлеует инвестиция үшін де үлкен мүмкіндік береді. Инвестор үшін ең маңыздысы – қалыптасқан өндірістік база, шикізат қоры, еңбек ресурсы және дайын өнімді өткізу мүмкіндігі. Мақтаарал осы талаптардың көпшілігіне жауап береді. Әсіресе мақта шаруашылығының айналасында толыққанды өндірістік тізбек қалыптастыруға мүмкіндік мол.

Яғни мақтаны тек шикізат ретінде сатып қана қоймай, оны өңдеп, мақта талшығын, жіп, мата, май және басқа да өнімдер өндіру арқылы қосылған құнды бірнеше есе арттыруға болады. Бұл бағытта мақта-тоқыма кластерін дамытуға арналған жобалардың маңызы ерекше. Ауданның 2024–2030 жылдарға арналған даму жоспарында жалпы құны 94,1 млрд теңгені құрайтын 53 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында құны 15,8 млрд теңге болатын 26 жоба іске асырылып, 541 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Инвестицияның ауыл шаруашылығына келуі ең алдымен өндірісті жаңғыртуға жол ашады. Қазіргі заманда ауыл шаруашылығы бұрынғыдай тек жер көлемін ұлғайту арқылы дамымайды.

Негізгі басымдық – бір гектардан алынатын өнімді арттыру, суды үнемдеу, заманауи техниканы пайдалану, сапалы тұқым мен тыңайтқыштарды қолдану және өнімді өңдеу деңгейін көтеру. Мұның барлығы қосымша қаржы салымын қажет етеді. Мақтааралда ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстарының жүргізілуі де инвестициялық белсенділіктің маңызды көрсеткіші. 2025 жылы агроқұрылымдар тарапынан 220 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы мен 13 қосалқы агрегат сатып алынған. Техниканың жаңаруы егіс жұмыстарын уақытылы жүргізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және өндірістік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығына салынатын инвестицияның тағы бір маңызды бағыты – су үнемдеу технологиялары. Мақтаарал үшін су ресурстарының маңызы ерекше болғандықтан, тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін енгізу, каналдарды жаңғырту, суды есепке алу және автоматтандырылған суару технологияларын пайдалану болашақтағы аграрлық өндірістің тиімділігін арттырады. Қазіргі таңда ауданда каналдарды тазалау және су жеткізу инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары да жүргізілуде. 2026 жылы 184 каналдың жалпы 460,9 шақырымын механикалық тазалау жоспарланған. Инвестиция тартудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу саласы да жаңа деңгейге көтеріледі. Мақтаарал индустриялық аймағында мақта өңдеу бағытындағы өндірістердің іске қосылуы осының нақты мысалы. Мәселен, «Жанасыл» мақта өңдеу зауыты тәулігіне 600 тонна шитті мақта өңдеуге қабілетті. Кәсіпорында мақта талшығы, мақта шиті, мақта линті және басқа да өнімдер өндіріледі. Өнімнің бір бөлігі шетел нарықтарына экспортталады.
Мұндай жобалардың аудан экономикасы үшін пайдасы бірнеше бағыттан көрінеді.

Біріншіден, жергілікті шаруалардың өнімін өткізу нарығы кеңейеді. Екіншіден, шикізатты аудан аумағында өңдеу арқылы қосымша құн қалыптасады. Үшіншіден, жаңа кәсіпорындар тұрақты жұмыс орындарын ашады. Төртіншіден, бюджетке түсетін салық көлемі артып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік көбейеді. Ауыл шаруашылығындағы инвестиция тек мақта өндірісімен шектелмеуі тиіс. Мақтааралда көкөніс, бақша, дәнді дақылдар және мал шаруашылығы бағыттарын дамытуға да мүмкіндік бар. Әсіресе ерте пісетін көкөністерді өсіріп, ішкі нарықпен қатар сыртқы нарыққа шығару тиімді бағыттардың бірі. 2026 жылы аудан шаруалары ерте пісетін қырыққабатты Ресей нарығына экспорттай бастаған.

Бұл жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті бар екенін көрсетеді. Мал шаруашылығына инвестиция салу да ауыл экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Мал бордақылау алаңдарын, заманауи фермаларды, жем-шөп өндіру және сақтау нысандарын, ет пен сүтті терең өңдеу кәсіпорындарын дамыту арқылы ауыл шаруашылығының табыстылығын арттыруға болады. Бұл бағыттағы жобалар ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып қана қоймай, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлес қосады.

Инвестиция тартуда мемлекеттік қолдау шараларының да орны ерекше. Жеңілдетілген қаржыландыру, субсидиялау, лизингтік бағдарламалар, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және кәсіпкерлерге қажетті сүйемелдеу көрсету ауыл шаруашылығы жобаларының іске асуына қолайлы жағдай жасайды. 2026 жылы ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы құны 255,6 млн теңгені құрайтын 21 жоба қаржыландырылған. Мұндай қолдау ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына және шағын агробизнесті дамытуына мүмкіндік береді. Жалпы инвестициялық ахуалдың жақсаруы да ауданның ауыл шаруашылығына жанама түрде оң әсер етеді. 2025 жылы Мақтаарал экономикасына 56,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 60 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар 2026–2028 жылдары аудан бойынша жалпы құны 110,5 млрд теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*