Мақтаарал ауданында кәсіпкерлік пен өндірісті дамыту мәселелерімен қатар, еңбек нарығына қажетті білікті кадрларды даярлау бағытындағы жұмыстарды жүйелеуге ерекше мән берілуде. Өйткені жаңа өндіріс орындарының ашылуы мен кәсіпкерлік жобалардың көбеюі ең алдымен білікті мамандарға деген сұранысты арттырады. Осы ретте ауданда жұмыспен қамтуды арттыру мен әртүрлі салалар бойынша кадрларды даярлаудың жаңа моделін қалыптастыру өзекті міндеттердің біріне айналып отыр.

Осы бағыттағы жұмыстарды талқылау мақсатында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов өңірдегі белсенді кәсіпкерлермен және шаруалармен ашық форматта кездесу өткізді. Жиында кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын көбейту, инвестициялық жобаларды жүзеге асырумен бірге, сол жобаларға қажетті еңбек ресурстарын қалыптастыру мәселелері де маңызды бағыт ретінде қарастырылды.

Аудан басшысы Бақыт Насырханұлы кәсіпкерліктің аудан экономикасындағы маңызына тоқталып, бизнестің дамуы жаңа жұмыс орындарын ашумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондықтан кәсіпкерлік субъектілерін қолдау тек қаржыландыру немесе инфрақұрылыммен қамтамасыз етумен шектелмей, олардың тұрақты жұмыс істеуіне қажетті мамандарды даярлау ісімен қатар жүруі қажет.

Бүгінде Мақтаарал ауданы ауыл шаруашылығы саласында өзіндік орны бар өңірлердің бірі. Сонымен бірге ауданның өңдеу өнеркәсібін, логистиканы, сауда-саттықты және басқа да өндірістік бағыттарды дамытуға әлеуеті жоғары. Географиялық орналасуы мен көлік-логистикалық мүмкіндіктерінің кеңеюі алдағы уақытта кәсіпкерлік субъектілерінің санын арттырып, жаңа жобалардың іске қосылуына ықпал етуі мүмкін.

Аудан аумағында жүргізіліп жатқан теміржол құрылысы да экономикалық белсенділікті арттыруға қосымша мүмкіндік беретін маңызды фактор ретінде қарастырылуда. Көлік инфрақұрылымының дамуы тауар айналымын жандандырып қана қоймай, логистика, қойма шаруашылығы, қызмет көрсету және өндірістің түрлі бағыттарына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ал мұндай өзгерістер еңбек нарығында жаңа мамандықтарға сұраныстың қалыптасуына әкеледі.

Кездесу барысында ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл ауданның кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктерін таныстырып, экономикалық аймақ пен өндірістік парктегі нысандарды тиімді пайдалану мәселесіне тоқталды. Кәсіп ашуға ниетті азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары, жеңілдетілген несие тетіктері және өндірістік жобаларды іске асыру мүмкіндіктері түсіндірілді.

Өндірістік нысандардың көбеюі өз кезегінде мамандарға деген қажеттілікті арттырады. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде техникалық мамандарға, ауыл шаруашылығында аграрлық бағыттағы кадрларға, логистика саласында тиісті білікті қызметкерлерге сұраныс қалыптасуы мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлік жобаларды жоспарлау кезінде кадр мәселесін қатар қарастыру – жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерінің бірі. Жиында аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров кәсіпкерлердің ортақ жобаларды бірлесіп жүзеге асыруының тиімділігіне тоқталды. Бір бағытта жұмыс істейтін бірнеше кәсіпкердің күш біріктіруі өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ал жаңа жұмыс орындарының ашылуы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, кадр даярлау жүйесіне қойылатын талаптарды күшейте түседі.

Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков коммерциялық мақсаттағы жер учаскелері мен ғимараттарды пайдалану мәселелеріне қатысты заңнамалық талаптарды түсіндірді. Кәсіпкерлік нысандарын заң талаптарына сәйкес орналастыру, қажетті құжаттарды рәсімдеу және жерді мақсатты пайдалану мәселелеріне назар аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы бір-бірімен өзара байланысты. Кәсіпкерлік дамыса – өндіріс ашылады, өндіріс ашылса – жаңа жұмыс орындары пайда болады, ал жаңа жұмыс орындарына сай білікті кадр қажет. Сондықтан Мақтааралда жұмыспен қамтуды арттырудың жаңа моделін қалыптастыруда кәсіпкерлердің нақты сұранысын ескеру маңызды.

Осы ретте аудан кәсіпкерлерімен тұрақты түрде ашық кездесулер өткізу – тек мәселелерді тыңдау алаңы емес, сонымен қатар болашақтағы еңбек нарығын қалыптастырудың тиімді құралы бола алады. Кәсіпкерлер өздеріне қажетті мамандардың санын, кәсіби біліктілігін және нақты талаптарын ұсынса, кадр даярлау бағыты да соған сәйкес ұйымдастырылады. Мұндай жүйе жастардың сұранысқа ие мамандықтарды таңдауына, жұмыссыз азаматтардың қайта даярлау курстарынан өтіп, жаңа кәсіп меңгеруіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге жергілікті еңбек ресурстарының аудан аумағында қалыптасуына жағдай жасалып, сырттан маман тартуға деген қажеттілік те азаюы ықтимал.

Кездесу соңында кәсіпкерлер өз жобаларын жүзеге асыру, өндірісті кеңейту, қаржыландыру, жер телімдерін пайдалану және мемлекеттік қолдау шараларына қатысты ұсыныстарын білдірді. Әр мәселе бойынша жауапты бөлімдер тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті тапсырмалар берілді.

Мақтаарал ауданында кәсіпкерлікті қолдау, жаңа өндірістерді іске қосу және сол өндірістерге қажетті кадрларды даярлау бағыттарының өзара сабақтастығын күшейту алдағы кезеңдегі жұмыспен қамту саясатының маңызды бағыты болмақ. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарының көбеюіне және тұрғындардың табысын арттыруға негіз болады.

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*