Ауылдың ахуалын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – ондағы инфрақұрылымның жай-күйі. Әсіресе егіншілікпен айналысатын елді мекендер үшін су мәселесінің орны бөлек. Суару жүйесі дұрыс жолға қойылмайынша, шаруаның еңбегі де толық нәтиже бере бермейді. Осы тұрғыдан алғанда, Арыс қаласына қарасты Жиделі ауылында қолға алынған каналдарды жаңғырту жұмыстары елді мекеннің болашағы үшін маңызды қадам болып отыр.

Жиделі және Байырқұм ауылдарында қала әкімі Қайсар Маңқараевтың тұрғындармен кездесуі барысында елді мекендердің әлеуметтік және инфрақұрылымдық жағдайы жан-жақты талқыланды. Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, ауылдың дамуына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Олардың қатарында суару жүйесі, электр желілері, әлеуметтік нысандар және төтенше жағдай кезінде қажетті қызметтердің қолжетімділігі секілді мәселелер бар.

Жиделіде тұрғындар үшін ең өзекті тақырыптардың бірі – ағын судың тұрақты жеткізілуі. Ауыл шаруашылығы үшін су ресурсының маңызы жоғары болғандықтан, суару каналдарының техникалық жағдайы да үнемі назарда болуы қажет. Осыған байланысты бұған дейін ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген каналдарды бетондау мәселесі биыл нақты іске ұласып отыр. Облыстың қолдауымен Жиделі ауылын сумен қамтамасыз ететін үш каналға бетондау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге каналдардың тармақтарына арнайы лотоктар орнатылуда. Бұл жұмыстар судың арнадан шығып кетуін және топыраққа шамадан тыс сіңуін азайтып, суармалы жерлерге судың тиімді жетуіне мүмкіндік береді. Суару жүйесінің жаңаруы ең алдымен егіншілікпен айналысатын шаруаларға тиімді. Өйткені су уақытында әрі жеткілікті көлемде жетсе, егістікті күтіп-баптау жұмыстары да жүйелі жүргізіледі. Бұл өнімділікті арттыруға, су ресурсын үнемдеуге және шаруалардың шығынын азайтуға ықпал етеді.

Қала әкімі Қайсар Маңқараев тұрғындармен кездесуде ауылдардың дамуы нақты қажеттіліктерге сүйенуі керектігін атап өтті.

«Тұрғындармен кездесудің маңызы – мәселені кабинетте емес, елді мекеннің өзінде, халықпен бірге талқылау. Ауыл тұрғындары күнделікті өмірде қандай қиындыққа тап болып отырғанын жақсы біледі. Сондықтан олардың ұсыныстарын тыңдап, мүмкіндігіне қарай шешімін табу – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Жиделіде суару каналдарын жаңғырту мәселесінің жүзеге асуы – осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесі. Каналдарды бетондау арқылы судың ысырабын азайтып, оны тиімді пайдалануға жағдай жасау көзделіп отыр», – деді қала әкімі.

Әкімнің айтуынша, инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары бір-бірімен байланысты түрде қаралуы қажет. Себебі ауылдың экономикалық белсенділігіне жол, су, электр желісі секілді базалық инфрақұрылым тікелей әсер етеді. Сондықтан тұрғындар көтерген мәселелер тиісті деңгейде зерделеніп, қолданыстағы мүмкіндіктерге сәйкес кезең-кезеңімен шешілетін болады.

Жиделі тұрғындары да каналдардың жаңартылуын көптен күткен жұмыстардың бірі ретінде бағалап отыр.

 

«Біздің ауылда егіншілікпен айналысатын адамдар көп. Сондықтан су мәселесі – жай ғана тұрмыстық мәселе емес, тікелей табысымызға әсер ететін жағдай. Суару кезінде каналдың жағдайы маңызды. Бұрын судың бір бөлігі жол-жөнекей ысырап болатын. Қазір каналдардың бетондалып жатқанын көріп отырмыз. Бұл жұмыстың нәтижесін алдағы уақытта шаруалар сезінеді деп ойлаймыз», – дейді ауыл тұрғыны.

Тағы бір тұрғынның айтуынша, су инфрақұрылымының жақсаруы ауылдың шаруашылық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

«Жеріміз бар, еңбек етуге ниетіміз бар. Бірақ су болмаса, егіншілікті дамыту қиын. Сондықтан каналдардың ретке келтірілуі ауыл үшін үлкен көмек. Мұндай жұмыстар жалғаса берсе, жастардың да ауылда қалып, шаруашылықпен айналысуына мүмкіндік көбейеді», – деді Жиделі тұрғыны.

Мәселенің мәні де осында. Су инфрақұрылымы тек бір маусымдық қажеттілікті өтеу құралы емес, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына әсер ететін маңызды жүйе. Каналдардың жағдайы жақсарған сайын су ресурсын жоспарлы пайдалануға, егістік алқаптарды тиімді игеруге және шаруалардың жұмысын тұрақтандыруға мүмкіндік артады. Ал Байырқұм ауылында тұрғындар басқа да өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауылдағы электр желілеріндегі ескірген бағаналарды жаңарту, жедел жәрдем және өрт сөндіру бекеттерін салу жөнінде ұсыныстар айтылды. Электр инфрақұрылымының жай-күйі тұрғындардың қауіпсіздігі мен күнделікті тұрмысына тікелей қатысты. Осы мәселе бойынша қала әкімі электр бағаналарын ауыстыру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қалған ұсыныстардың да заң талаптары мен қолданыстағы мүмкіндіктер аясында қарастырылатынын айтты.

Байырқұмда тұрғындар үшін жағымды жаңалықтың бірі – салынып жатқан спорт залы кешенінің құрылысы. Кездесу барысында нысан құрылысының барысы да сөз болып, қала әкімі оның жақын күндері аяқталып, ауыл тұрғындарының игілігіне берілетінін атап өтті. Ауыл тұрғындары мұндай әлеуметтік нысандардың елді мекен өміріндегі маңызын ерекше атап отыр. Себебі спорттық нысан ең алдымен балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, бұқаралық спортпен айналысуына мүмкіндік береді.

«Ауылда спортпен айналысатын жастар көп. Бұған дейін тиісті орынның болмауы қиындық туғызатын. Жаңа спорт залы ашылса, балаларымыздың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалады. Бұл ауыл үшін жақсы жаңалық деп есептейміз», – дейді Байырқұм ауылының тұрғыны.

 

Тұрғындардың пікірінше, ауылдың дамуы тек бір нысанның салынуымен немесе бір мәселенің шешілуімен шектелмейді. Елді мекенде өмір сүруге қажетті жағдайлардың барлығы біртіндеп жақсаруы керек. Бұл ретте билік пен халық арасындағы тұрақты байланыс маңызды. Қала әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуі де осы мақсатты көздейді. Мұндай жүздесулер барысында жергілікті жерде шешімін күткен мәселелер нақтыланып қана қоймай, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері тікелей жауапты мамандарға жеткізіледі.

Қайсар Маңқараев кездесуде тұрғындардың белсенділігіне тоқталып, ауылды дамыту жұмыстары халықтың ұсынысымен сабақтас болуы керектігін айтты.

«Біздің мақсатымыз – айтылған мәселені тыңдап қана қоймай, оның шешу жолдарын қарастыру. Әрбір ұсыныстың өз тәртібі, қаржыландыру мүмкіндігі және жүзеге асыру мерзімі бар. Дегенмен халық көтерген мәселелер назардан тыс қалмайды. Мүмкіндігі бар жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады. Ең бастысы – тұрғындармен ашық байланыс орнатып, атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесін көрсету», – деді әкім.

Жиделі мен Байырқұмдағы кездесулер ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерін айқындап, алдағы жұмыстардың басым бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді. Бір елді мекенде суару жүйесін жақсарту маңызды болса, екінші ауылда электр желілері мен әлеуметтік нысандардың жағдайы алдыңғы орынға шығып отыр.

Жиделіде үш каналдың бетондалуы мен олардың тармақтарына лотоктардың орнатылуы – су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған нақты жұмыс. Оның нәтижесі тек суару жүйесінің жақсаруымен шектелмей, ауыл шаруашылығының дамуына да әсер етуі мүмкін. Ал Байырқұмдағы электр желілерін жаңарту және спорт кешенін пайдалануға беру тұрғындардың тұрмыс сапасы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.

Жалпы, ауылдың тұрақты дамуы үлкен жобалардан ғана емес, тұрғындардың күнделікті өміріне әсер ететін нақты мәселелердің шешілуінен басталады. Су арнасының жөнделуі, электр бағанасының жаңаруы, спорт залының салынуы – сырт көзге бөлек-бөлек жұмыстар болғанымен, барлығының түпкі мақсаты ортақ. Ол – ауыл тұрғындары үшін қауіпсіз, қолайлы және тұрақты өмір сүруге жағдай қалыптастыру.

Жиделідегі каналдарды бетондау жұмыстары осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Тұрғындар көтерген мәселенің нақты іске айналуы ауылдағы су инфрақұрылымын жетілдіруге мүмкіндік беріп отыр. Ендігі міндет – атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы аяқталып, ел игілігіне тиімді қызмет етуі. Ал халықтың ұсынысы мен жергілікті биліктің нақты іс-қимылы өзара үйлескен жағдайда, ауылдардың әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол.

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*