Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету, суару жүйелерінің техникалық жағдайын бақылау және анықталған мәселелерді жедел шешу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта аудан аумағындағы су өткізу қабілетінде мәселелер туындаған және ерекше бақылауды қажет ететін каналдардың жай-күйіне зерделеу жүргізілді. Мониторинг жұмыстарына аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл, сондай-ақ «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Мақтарал өндірістік бөлімшесінің басшысы Тоқберген Мейрбек қатысты. Жауапты сала мамандарымен бірге К-20, К-18, К-19, К-16Б және К-15 (Целинный насос) каналдары зерделеніп, олардың қазіргі техникалық жай-күйі жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, каналдардың су өткізу мүмкіндігі, арналардың жағдайы, су ағысына әсер ететін факторлар және суармалы алқаптарға судың уақтылы әрі қажетті көлемде жеткізілуіне ықпал ететін мәселелер зерделенді. Мониторинг барысында каналдардың қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіруі мүмкін бірқатар мәселелер назарға алынды.

Әсіресе, суару кезеңінде су тапшылығына жол бермеу, су өткізу жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және шаруалардың қажеттілігіне сәйкес су жеткізудің тұрақтылығын сақтау мәселелеріне басымдық берілді. Анықталған кемшіліктер мен проблемалық учаскелер бойынша жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, әрбір канал бойынша нақты жұмыстарды ұйымдастыру, ақауларды жою және су өткізу қабілетін қалыпқа келтірудің тиімді жолдары талқыланды. Жұмыс барысында суару жүйелерін күтіп ұстау, каналдардың техникалық жағдайын тұрақты бақылау және туындаған мәселелерді жедел шешудің маңыздылығы да атап өтілді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін суармалы сумен тұрақты қамтамасыз етіп, егістік алқаптарының суару кезеңін іркіліссіз өткізуге жағдай жасау. «Мақтаарал ауданы – суармалы егіншілік кеңінен дамыған өңірлердің бірі. Сондықтан, каналдар мен гидротехникалық нысандардың үздіксіз жұмыс істеуі ауданның ауыл шаруашылығы саласы үшін аса маңызды. Осыған байланысты суару инфрақұрылымының жағдайын бақылау жұмыстары маусым барысында тұрақты түрде жүргізіліп отыруы керек» деді, аудан әкімінің орынбасары Н.Саттаров. Айта кетейік, қазіргі таңда жауапты мекемелер тарапынан проблемалық учаскелер бойынша тиісті жұмыстар қолға алынып, олардың орындалу барысы бақылауда тұр.


Аудан экономикасында аграрлық саланың алар орны зор болғандықтан, егістік алқаптарын қажетті көлемде ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі әрдайым маңызды бағыттардың қатарында. Әсіресе мақта, көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдарды өсіруде су ресурстарының жеткілікті әрі тиімді пайдаланылуы мол өнім алудың негізгі алғышарты болып саналады. Ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету – тек егіннің шығымдылығына ғана емес, аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайына да тікелей әсер ететін мәселе. Сондықтан каналдар мен суару жүйелерін күтіп ұстау, олардың өткізу қабілетін арттыру, су шығынын азайту және шаруаларға суды белгіленген кесте бойынша жеткізу маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Аудандағы суару жүйесінің ауқымдылығы бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Ресми мәлімет бойынша, Мақтаарал ауданында 529 ағын су каналы бар, олардың жалпы ұзындығы 1152 шақырымнан асады. Суармалы алқаптарды сумен қамтамасыз ету үшін каналдар жүйесімен қатар су қашыртқылары мен гидротехникалық нысандар да пайдаланылады. Ауданның суармалы егіншілігі үшін «Достық» мемлекетаралық каналы және К-15, К-17, К-18, К-19, К-20 секілді ірі каналдардың маңызы зор. Суару маусымына дайындық барысында каналдардың техникалық жағдайын жақсарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Арналарды механикалық тазалау, су өткізу қабілетін арттыру, проблемалық учаскелерді анықтау және гидротехникалық құрылыстарды жөндеу – егістікке суды уақытылы жеткізудің негізгі тетіктері.

Мәселен, 2025 жылы аудан бойынша 123 каналдың 116,5 шақырымы тазартылса, 2026 жылы 184 каналды қамтитын 460,9 шақырым арнаны тазалау жоспарланған. Сонымен бірге суару жүйелерін қайта жаңғырту бағытындағы ірі жобалар да ауданның су шаруашылығы инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік беруде. «Мақтаарал-1» суару-дренаж жүйесінің бірінші іске қосу кешенін қалпына келтіру жұмыстары шамамен 8 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға бағытталған. Ал осы жүйенің екінші іске қосу кешенін реконструкциялау 16 447 гектар алқапқа су жеткізу жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Суармалы сумен қамтамасыз ету жұмыстарында шаруалармен жасалатын келісімшарттардың да маңызы жоғары. Су беру көлемін жоспарлау, су пайдалану тәртібін реттеу және әрбір шаруашылықтың қажеттілігін ескеру арқылы су ресурстарын әділ әрі тиімді бөлуге жағдай жасалады. 2025 жылы Мақтаарал ауданында 3280 келісімшарт негізінде 55 641 гектар суармалы егістік жер ағын сумен қамтамасыз етілген. Ал 2026 жылы да 3280 келісімшарт бойынша шамамен 52 мың гектар егістік алқапты сумен қамту жоспарланып отыр. Су пайдалану келісімшарттарын электрондық форматқа көшіру жұмыстары да жүргізіліп, бұл саладағы қызметтердің ашықтығы мен жеделдігін арттыруға ықпал етуде.


Мақтаарал ауданында суды тиімді пайдаланудың маңызы ерекше. Өйткені ауданның негізгі дақылдарының бірі – мақта, ал оны өсіру барысында суға деген сұраныс жоғары болады. Сонымен қатар бақша, көкөніс, жүгері, жоңышқа секілді дақылдар да тұрақты суаруды қажет етеді. Сондықтан егіс құрылымын жоспарлау кезінде су көлемі мен табиғи жағдайлар ескеріледі. 2026 жылға арналған жоспар бойынша ауданда мақта алқабы 32,6 мың гектарды, бақша дақылдары 14 мың гектарды құрауы көзделген.Су тапшылығының алдын алу мақсатында жауапты мекемелер каналдардағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстайды. Соңғы мониторинг барысында К-20, К-18, К-19, К-16Б және К-15 каналдарының техникалық жағдайы зерделеніп, су өткізу мүмкіндігіне әсер ететін мәселелер қаралды. Мұндай жұмыстар суару кезеңінде туындайтын қиындықтарды алдын ала анықтап, қажетті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Негізгі мақсат – шаруаларды суармалы сумен тұрақты қамтамасыз етіп, вегетациялық кезеңнің іркіліссіз өтуіне жағдай жасау. Суармалы суды тиімді жеткізу мәселесі тек каналдарды тазалаумен шектелмейді. Су ысырабының алдын алу, тозған инфрақұрылымды жаңарту, каналдарды реконструкциялау және суару тәртібін сақтау да маңызды.

Мәселен, К-17 каналын реконструкциялау жұмыстары су шығынын азайтып, егістік алқаптарын суару тиімділігін арттыруға бағытталған. Бүгінде су ресурстарын үнемдеу – Мақтаарал ауданындағы аграрлық саланың басты талаптарының бірі. Әрбір текше метр суды тиімді пайдалану, шаруалардың су пайдалану мәдениетін арттыру және заманауи су үнемдеу технологияларын кезең-кезеңімен енгізу алдағы уақытта ерекше маңызға ие болмақ. Каналдар арқылы келетін суды ретімен пайдалану, белгіленген кезек кестесін сақтау және заңсыз су пайдалануға жол бермеу арқылы қолдағы су қорын барынша тиімді игеруге болады.


Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Каналдарды тазалау, гидротехникалық нысандарды жөндеу, суару-дренаж жүйелерін қайта жаңғырту, проблемалық учаскелерді бақылау және шаруалармен су беру жөніндегі келісімшарттарды жетілдіру – осы бағыттағы маңызды шаралардың бірі. Су – Мақтааралдың ауыл шаруашылығы үшін стратегиялық ресурс. Сондықтан оны ұқыпты пайдалану, суару инфрақұрылымын тұрақты жаңарту және диқандарды қажетті көлемдегі ағын сумен қамтамасыз ету ауданның аграрлық әлеуетін одан әрі арттыруға, мол өнім алуға және ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға қызмет етеді.

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*