2026 жылғы 29 қазанда Түркістан облысы, Отырар ауданындағы аудандық мәдениет сарайында «Ұлы Жібек жолы бойындағы керамика өндірісі: дәстүр, технология және жаңғыру» тақырыбындағы халықаралық керамика шеберлерінің жәрмеңкесі өтті. Мәдени іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетіне қарасты «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК ұйымдастырды.

Халықаралық жәрмеңкеге Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев, Тынық мұхиты және Орталық Азия қолөнершілер кеңесінің вице-президенті, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы, «Біздің мұра» қоғамдық қорының президенті Айжан Бекқұлова, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы мен Сәулетшілер одағының мүшесі, қыш шебері,г дизайнер Марат Сарсебаев, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Айбек Жандосов, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен және шетелдерден келген керамика шеберлері қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімінде құрметті қонақтар сөз сөйлеп, дәстүрлі қолөнерді сақтау мен дамыту, ұлттық мәдени мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу және халықаралық шығармашылық байланысты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Жәрмеңкенің лентасы қиылып, мерекелік ән шашу ұсынылды.

Іс-шараның басты мақсаты – Ұлы Жібек жолы бойында қалыптасқан керамика өндірісінің тарихи дәстүрлері мен технологиялық ерекшеліктерін насихаттау, дәстүрлі қолөнерді сақтау және жаңғырту, сондай-ақ түркі мемлекеттері арасындағы мәдени байланыстарды нығайту.

Жәрмеңке аясында барлық керамика шеберлері арнайы шеберлік сабақтарын (мастер-класс) өткізіп, қатысушыларға сазбен жұмыс істеудің қыр-сырын, керамикалық бұйымдарды қалыптау мен сәндік безендіру тәсілдерін көрсетті. Шеберлер өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, дәстүрлі керамика өнерінің ерекшеліктерін таныстырды.

Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі – шеберлердің өз қолдарымен жасаған құмыраларын «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығына сыйға тартуы болды. Бұл игі бастама тарихи-мәдени мұраны толықтыруға, дәстүрлі қолөнер үлгілерін сақтауға және болашақ ұрпаққа жеткізуге қосылған құнды үлес болып табылады.

Жәрмеңке қорытындысы бойынша жеңімпаздар төмендегідей марапаттарға ие болды:
– Бас жүлде – Алматы қаласынан келген Өзбекова Индира Калибековна;
– І орын– «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының маманы Абайхан Рысбаев;
– ІІ орын– Алматы қаласынан келген Данияр Бабашев;
– ІІІ орын– Тәжікстаннан келген Бустон Турсунов, Қырғызстаннан келген Мурзапаров Пиримбек және Отырар ауданынан Жанұзақ Ерімбетов.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дәстүрлі керамика өнеріндегі шеберліктері мен шығармашылық ізденістері үшін марапатталды.

Халықаралық жәрмеңке отандық және шетелдік қолөнер шеберлері арасындағы кәсіби ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе алмасуға және ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік берді. Шеберлік сабақтарының өткізілуі мен керамикалық бұйымдардың музей қорына сыйға тартылуы іс-шараның тарихи-мәдени маңызын арттыра түсті. Сонымен қатар, жәрмеңке Отырар өңірінің бай мұрасын халықаралық деңгейде танытуға және дәстүрлі керамика өнерінің сабақтастығын сақтауға үлес қосты.