Түлкібас ауданында тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгінде аудан аумағындағы 48 елді мекенге қызмет көрсетіліп, 15 537 абонент ауыз сумен қамтылған. Су жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және инфрақұрылымның техникалық жағдайын жақсарту мақсатында ағымдағы жылы жөндеу және жаңарту жұмыстары жүргізілді.

Атап айтқанда, аудан бойынша пайдаланудағы 51 ұңғыманың 9 сорғысы жаңасына ауыстырылды. Сонымен қатар су желілеріндегі қысымды реттеу және судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету мақсатында 72 су ысырмасы жаңартылды. Бұдан бөлек, 88-ден астам ауыз су құдығының қақпақтары ауыстырылып, су құбырларында орын алған ақауларды жою, су нысандарын күтіп ұстау жұмыстары атқарылды.

Сонымен қатар ауыз сумен жабдықтау саласында бірқатар өзекті мәселелер де бар. Атап айтқанда, кейбір елді мекендерде су тапшылығы байқалып, жекелеген ұңғымалардың техникалық жағдайы мен су қысымының тұрақтылығына қатысты мәселелер көтерілуде. Сондай-ақ су жүйелерін күтіп ұстауға қажетті арнайы техникалармен қамтамасыз ету және электронды су есептегіш құралдарын орнату бағытында жұмыстарды жандандыру қажеттілігі туындап отыр.

Бұл ретте Жаскешу ауылында жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобаның 95 пайызы орындалған. Қалған жұмыстарды қараша айының 10-на дейін аяқтау жоспарланған.

Ауыз сумен қамту мәселесі мен атқарылған жұмыстар аудан әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды. Жиын барысында «Тұраркент су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Бақыт Жұматаев баяндама жасап, мекеменің қызметі мен алдағы жоспарларын таныстырды.

Аудан әкімі саладағы жауапты тұлғаларға ауыз су жүйелеріне толық түгендеу жүргізіп, барлық ұңғымалар мен сорғылардың техникалық жағдайын зерделеуді тапсырды. Әсіресе келесі жылдың жазғы кезеңінде су тапшылығына жол бермеу үшін алдын алу шараларын уақытылы қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар тозығы жеткен су құбырлары мен ысырмаларды кезең-кезеңімен жаңарту, су шығынын азайту, электронды есептегіш құралдарын орнату және арнайы техникалармен қамтамасыз ету мәселелерін назардан тыс қалдырмауды міндеттеді.

Ауыз су – халықтың тұрмыс сапасы мен елді мекендердің әлеуметтік дамуына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан аудан аумағындағы су жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

 

Бөлісу
fb-share-icon

от TAQ.KZ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*