Әрбір ауылда кем дегенде бірнеше табысты шағын кәсіп қалыптасса, ауылдың әлеуеті артып, өмір сапасы жақсарып, болашаққа деген сенім нығая түсері сөзсіз.
Осы бағытта Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылдық округі, Тоқсансай ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Алпейс Арысбек Пернеханұлы 2023 жылы «Ниет» атты жобасын іске қосып, ауылдық жердегі шағын кәсіпкерлікті дамытуға өз үлесін қосуда. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6,8 млн теңге көлемінде несие, сондай-ақ 1,2 млн теңге жеке қаражат есебінен 0,5 гектар аумақта тұрмыстық қажеттіліктерге арналған ағаш бұйымдары мен өзге де өнімдерді өндіру ісін қолға алған. Өндіріс барысында ағаш өңдеудің арнайы технологиялары қолданылып, өнім сапасының талапқа сай болуына ерекше назар аударған. Шаруашылықтың жалпы шығыны 8 млн теңгені құраса, қазіргі уақытқа дейін кәсіпкерлік қызметтен 12 млн теңге көлемінде таза пайда алынған. Алпейс Арысбектің бастамасы елді мекендегі шағын кәсіптің нақты көрсеткіші.

Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында жылқы шаруашылығын дамыту мақсатында 7 200 000 теңге несие алған Ұялыжар ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Есболова Фарида несие қаражатын тиімді пайдалана отырып, жылқы басын көбейту бағытында бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Қазіргі уақытта оның қожалығында 12 бас жылқы, соның ішінде 11 аналық жылқы және 1 құлын бар. Мал басының артуы шаруашылықтың тұрақты дамуына және табыстың өсуіне ықпал етіп отыр. Жем-шөп қоры толықтай кәсіпкердің өз қаражаты есебінен. Жалпы малдың қыс айына дайындығы уақтылы жүргізілген. Жеке кәсіпкердің жылдық табысы бүгінде 1 500 000 теңгені құрайды. Бағдарлама аясында қаржылай қолдау алған азаматтар арасындағы мұндай мысалдар ауылдық кәсіпкерлікті ынталандырып, өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізуде. Есболова Фарида өз ісін әрі қарай кеңейту бағытында жұмыстар жүргізіп, алдағы уақытта жылқы басын тағы да көбейтуді жоспарлап отыр.

Өз мамандығымен мемлекеттік қолдаудың арқасында алға мақсат қойған кәсібін дамытып отырған азаматтар да бар. Солардың бірі – аудан орталығы Темірланда табысты еңбек етіп отырған, «Елнұр-Айдар» өндірістік кооперативі.Агроном мамандығын игерген Елнұр Сайдазимов субсидияланатын жұмыс орындарының арқасында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, жылыжай шаруашылығын дамытып отыр. Заманауи технологиялар мен табиғи тыңайтқыштарды пайдалану арқылы лимон, мандарин, құлпынай, алма өсіріп, сапасы жоғары, экологиялық таза ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруде. Елнұр Сайдазимовтің бұл табысы – еңбекқорлық пен жаңашылдықтың, мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланудың жемісі.

Аталған бағдарлама отбасылық шағын кәсіпке де нақты қолдау болып отыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында еңбеккерлер ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеріп, тұрақты табыс көзіне айналдырып келеді. Бұл – көптеген шаруашылық иелерінің мысалында айқын көрініс тапты. Солардың бірі ауданымызға қарасты Шұбар елді мекенінің тұрғыны Пірәлі Берік. Ол 7 200 000 теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жылқы бордақылау ісін бастады. Осы қаражат есебінен 18 бас жылқы сатып алған. 18 тонна шөп пен арпа қорын толықтырған. Қора-жайды жөндеп, қажетті құрал-жабдықтарға 1,3 млн теңге жұмсаған.

Бүгінде шаруашылық ай сайын табыс әкелуде. Жылқы бордақылаудың орташа айналымы 90–120 күн аралығында. Осы кезеңде әр малдан 70–90 мың теңге пайда түседі.Беріктің айтуынша, кәсіп басталғалы отбасының тұрмысы жақсарып, табыс тұрақты арнаға түскен. Кәсіптің тиімді тұсы еңбекті еселеп, табысты көбейте беру мүмкіндігінде. Алдағы жоспар ретінде Берік Пірәлі мал басын 50 басқа дейін көбейтуді, шағын жемшөп қоймасын салуды, қосымша бірнеше адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр.

Жалпы айтқанда мемлекеттік бағдарламалар ауылға сенім, еңбекқор азаматтарға мүмкіндік. Осындай еңбекқор кәсіпкердің бірі – Ордабасы ауданының тұрғын Өтеген Сағындықов. Ол төмен пайызбен несие алып, 60 соттық жерге жылыжай салып, табысты кәсіптің жолын бастады. Жобаның арқасында салынған жылыжайдың 50 соттығына қызанақ, ал 10 соттығына қияр егілген. Қазір Өтеген Сағындықов өнімді күтіп-баптау, сапасын арттыру және нарыққа шығару бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Жылыжай шаруашылығы оның айтуынша маусымға тәуелсіз табыс көзі және ауылдағы тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігі.