Түркістан облысында туризм саласын дамыту мақсатында 174 туристік нысан бірыңғай жүйеге енгізілді. Бұл туралы баспасөз жиынында “Open Turkistan” туристік ақпараттық орталығының бас директоры Асқар Абубакиров мәлімдеді.
“Өңірде туризмді дамыту бойынша табиғи және тарихи-мәдени нысандарын біртұтас туристік өнімге айналдыруға басымдық берілуде. Түркістан қаласымен қатар Ақсу-Жабағылы, Сайрам-Өгем, Қаратау аумағы, таулы шатқалдар мен каньондар, көне қалашықтар, киелі орындар, ауылдық және гастрономиялық бағыттар қамтылуда. Туристік сервисті цифрландыру және ақпараттың қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде “Turkistan Travel Guide”, “Turkistan Weekend”, “Turkistan Brand”, “Amazing Turkistan”, “AuylTourism”, “Turkistan Vibe” жобалары бар. Бірыңғай жүйеде нысандардың орналасқан жері, байланыс деректері, инфрақұрылымы, көрсететін қызметтері және жету жолдары қамтылған. Сонымен қатар, QR-навигация, цифрлық маршруттар, көптілді ақпараттық каталогтар, туристерге арналған чат-боттар және гидтердің цифрлық профильдерін енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде”-деп мәлімдеді орталық басшысы.
Сонымен қатар, өңірдің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту жұмыстары Өзбекстан, Қытай, Түркия және Орталық Азия елдерінде жүргізілуде. Сондай-ақ, туристердің Түркістан қаласында ғана шоғырланбай, облыстың басқа аудандарына баруын қамтамасыз ету мақсатында бірнеше күндік дайын туристік маршруттар әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Негізгі бағыттардың қатарында Түркістан–Отырар–Арыстанбаб, Түркістан–Кентау–Қаратау, Түркістан–Сайрам-Өгем бағыттары, сондай-ақ Түлкібас пен Төлеби аудандарының табиғи маршруттары, гастрономиялық және қолөнер бағыттары бар.