Ауылдық жерлерде кәсіп бастауға ниетті азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету – елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрақты табысын қалыптастырудың маңызды тетігі. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына өз кәсібін бастауға және бұрыннан қалыптасқан шаруашылығын кеңейтуге нақты мүмкіндік беріп келеді. Бағдарламаның тиімділігін Түркістан облысының ауылдарындағы жүзеге асырылып жатқан жобалардан анық көруге болады. Соның бірі – Арыс қаласына қарасты Саналы елді мекеніндегі түйе шаруашылығымен айналысып отырған азаматтардың кәсібі.

Саналы ауылында түйе шаруашылығын дамытып отырған Боранбай Көшербаев үшін мемлекеттік бағдарлама жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан. Шаруа «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, 8 миллион теңге көлемінде қаражатқа қол жеткізген. Бұл қаражат шаруашылықтың материалдық базасын нығайтып, түйе санын көбейтуге мүмкіндік берген. Бүгінде шаруа түйе басын арттырып қана қоймай, одан өндірілетін өнімдерді нарыққа шығаруды қолға алған. Негізгі өнімдерінің бірі – шұбат. Құнарлы әрі табиғи сусын ретінде шұбатқа деген сұраныс жоғары. Сондықтан түйе шаруашылығын дұрыс ұйымдастырып, алынған өнімді өңдеп, тұтынушыға ұсыну – ауылдағы кәсіп иелері үшін табысты бағыттардың бірі.

Боранбай Көшербаевтың айтуынша, жеңілдетілген несие шаруашылықты дамытуға қажетті мүмкіндікті пайдалануға жол ашқан.
«Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризамын. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, шаруашылығымызды дамытуға мүмкіндік туды. Қаржыға түйе санын көбейтіп, кәсібімізді кеңейтіп жатырмыз. Қазір түйеден алынатын өнімдерді, соның ішінде шұбатты нарыққа шығарып, табыс тауып отырмыз. Осындай қолдаудың ауылдағы шаруалар үшін маңызы зор», – дейді түйе шаруашылығының жетекшісі.
Саналы елді мекеніндегі түйе шаруашылығымен айналысып отырғандардың қатарында Эльвира Дарманбекова да бар. Ол жұбайымен бірге ауыл шаруашылығын дамытып, бұл кәсіпті он жылдан бері жүргізіп келеді. Жылдар бойы қалыптасқан тәжірибенің арқасында шаруашылықтағы түйе саны да көбейіп, малды жайылымға шығару арқылы табиғи жағдайда бағуға басымдық берілген.

Эльвира Дарманбекова – Саналы елді мекеніндегі «Күмісай апа» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүшесі. Шаруашылықта бүгінде 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – ауылдағы шағын шаруашылықтың тек бір отбасының табысын арттырып қана қоймай, басқа тұрғындарға да тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыра алатынын көрсетеді.

Шаруашылық иелері «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндігін өндірістік бағытта да тиімді пайдаланған. Бағдарлама аясында сүт өнімдерін сақтауға қажетті құрылғылар алынған. Мұндай жабдықтар өнімнің сапасын сақтап, оны ұзақ уақытқа жарамды күйде ұстауға және тұтынушыға талапқа сай жеткізуге мүмкіндік береді.
«Жолдасым екеуіміз осы кәсіпті бірге жүргізіп, шаруашылықты біртіндеп дамытып келеміз. Он жылдан бері шаруа қожалығымен айналысып, түйе басын көбейттік. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жұмысымызды кеңейтуге мүмкіндік алдық. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы сүт өнімдерін сақтауға қажетті құрылғылар сатып алдық. Бұл біз үшін үлкен көмек болды. Кәсібіміздің дамуына жағдай жасап отырған мемлекетке алғысымызды білдіреміз», – дейді Эльвира Дарманбекова.
Түйе шаруашылығының тағы бір ерекшелігі – өнімділігі мен алынатын өнімнің құндылығы. Шаруашылықтағы бір түйеден бір сауғанда шамамен 10 литрге дейін сүт алынады. Бұл көрсеткіш түйе шаруашылығын ауыл тұрғындары үшін экономикалық тұрғыдан тиімді кәсіптің біріне айналдырып отыр.

Түйе сүтінен дайындалатын шұбат – ұлттық тағам мәдениетінің бір бөлігі ғана емес, ауылдағы қайта өңдеу өндірісін дамытуға мүмкіндік беретін өнім. Егер шаруашылықта сүтті сауып алу, сақтау, салқындату, өңдеу және қаптау жұмыстары жолға қойылса, қарапайым мал шаруашылығы біртіндеп толыққанды агробизнеске айналады. Яғни түйе өсірудің пайдасы мал басын көбейтумен ғана шектелмейді. Оның сүті, шұбаты және басқа да өнімдері қосымша табыс көзіне айналады.
Сонымен бірге түйе – шөлейт және қуаң аймақтардың табиғи жағдайына бейімделген мал. Арыс өңірінің климаттық ерекшеліктерін ескерсек, түйе шаруашылығын дамыту ауыл тұрғындарының дәстүрлі кәсіпті заманауи тәсілдермен ұштастыруына мүмкіндік береді. Жайылымды тиімді пайдалану, мал басын асылдандыру, сүт өнімдерін қайта өңдеу және дайын өнімді нарыққа шығару арқылы шаруашылықтың табыстылығын арттыруға болады.

«Ауыл аманатының» негізгі артықшылығы да осында. Бағдарлама азаматқа дайын жұмыс іздеуден бөлек, өз кәсібін қалыптастыруға жағдай жасайды. Жеңілдетілген несие алған тұрғын өзіне қажетті құрал-жабдықты сатып алып, мал басын көбейтіп, өндірісін жолға қоя алады. Ал кәсіптің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл экономикасының жандануына әсер етеді.
Түркістан облысында бағдарламаның ауқымы да жылдан-жылға кеңейіп келеді. 2023-2025 жылдары республикалық бюджеттен бөлінген 30,2 млрд теңге қаржы есебінен облыста 4 223 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде 4 635 жаңа жұмыс орны құрылып, 593 жылыжай салынды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының түрлі бағыттарын дамыту үшін 76,8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы малы сатып алынып, 79 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды.

Бағдарламаның әлеуметтік әсері де байқалады. Жүздеген азамат кәсіп бастап, тұрақты табыс көзіне ие болудың арқасында атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан шыққан. Атап айтқанда, іске асырылған жобалардың нәтижесінде 441 азамат атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан шыққан. Бұл – мемлекеттік қолдаудың халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты нәтижелерінің бірі. Ауыл шаруашылығы өндірісінің көлеміне де бағдарламаның ықпалы бар. Қазіргі таңда осы жобалардың нәтижесінде облыста жыл сайын шамамен 80 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілуде. Бұл көрсеткіш ауылдағы шағын және орта шаруашылықтардың өңір экономикасындағы рөлінің артып келе жатқанын аңғартады.

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге қарастырылған. Оның алғашқы 7 млрд теңгелік траншы толық игеріліп, 583 жоба қаржыландырылды. Бұл жобалардың нәтижесінде 1 234 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Биылғы кезеңде әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін азаматтарға басымдық берілуде. Атап айтқанда, Отбасылық цифрлық картаның «D» және «E» санатындағы азаматтарын қолдауға ерекше назар аударылып, жеңілдетілген несиелер ең алдымен осы санаттағы тұрғындарға бағытталуда.

Жалпы, Саналы елді мекеніндегі Боранбай Көшербаев пен Эльвира Дарманбекованың тәжірибесі «Ауыл аманаты» бағдарламасының ауыл тұрғындары үшін жай ғана қаржылай көмек емес, кәсіпті нақты іске айналдыруға мүмкіндік беретін тиімді құрал екенін көрсетеді. Бірі жеңілдетілген несие арқылы түйе басын көбейтіп, шұбат өндірісін дамытып жатса, енді бірі сүт өнімдерін сақтау мүмкіндігін арттырып, бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Мұндай мысалдар ауылдағы кәсіпкерліктің болашағы зор екенін көрсетеді. Әсіресе табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, дәстүрлі мал шаруашылығын заманауи технологиялармен ұштастыру – ауыл экономикасын дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Ал мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несие мен қажетті құрал-жабдыққа қолжетімділік шаруалардың өз кәсібін кеңейтіп, өнім көлемін арттыруына жол ашады. Алдағы уақытта Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру, қайта өңдеу өндірістерін дамыту және тұрақты жұмыспен қамтуды күшейту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді. Бұл өз кезегінде ауылдағы кәсіпкерлікті жандандырып, жаңа жұмыс орындарын көбейтуге, жергілікті өнім өндірісін арттыруға және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етпек.
Саналы ауылындағы түйе шаруашылығы – осы мүмкіндіктің нақты көрінісі. Ең бастысы, мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, оны табыс әкелетін тұрақты кәсіпке айналдыру. Бұл – ауыл аманатын ақтайтын нақты еңбек пен нәтижеге бастайтын жол.