Балық шаруашылығы – ауыл шаруашылығының ерекше мәні бар салаларының бірі. Ол тек халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге үлкен үлес қосады. Сол себепті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде балық шаруашылығын жүйелі түрде дамыту – уақыт талабы.

Балық шаруашылығының дамуы өңір үшін маңызы бағыттардың бірі. Біріншіден, балық шаруашылығы – экономикалық табыс көзі. Өзен-көлдер мен жасанды тоғандарды тиімді пайдалану арқылы жергілікті бюджетке түсетін кіріс көлемін арттыруға болады. Сонымен қатар, бұл сала жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл халқының табысын көбейтуге мүмкіндік береді. Көптеген ауылды жерлер үшін балық өсіру шаруашылығы тұрақты табыс көзіне айнала алады. Балық өнімдері – денсаулыққа пайдалы, сұранысы жоғары тағам түрі. Демек, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етумен қатар, экспорт әлеуетін арттыруға да жол ашылады.

Бұл бағытта Түркістан облысында көптеген жобалар іске асырылып, балық шаруашылығына ден қойған кәсіпкерлердің саны артып келеді. Өңірдің аудан-қалаларында аталған кәсіп түрі қарқын алды. Солардың бірі Төлеби ауданы Киелітас ауылдық округінде орналасқан «Fish House» ЖШС. Жеке кәсіпкер Нұртас Шағыров балық шабақтары жіберілген арнайы бассейндерінде балықтың сазан және форель түрлерін уылдырық арқылы көбейтіп, арнайы жасалған тоғандарда бекіре балығын өсіруді қолға алған. Шаруашылыққа тартылған инвестиция құны – 500 млн теңге. Арнайы жасалған бассейндерге 15 тонна сазан шабағы, 60 тонна форель, 3 тонна бекіре тұқымдас балықтар жіберілген.

Мұнда бүгінде 50-ге жуық ауыл тұрғыны уақытша жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта 30 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Сонымен қатар қожалық иесінің жеке қаржысы есебінен жол бойына заманауи балалар ойын алаңшасын салып, халыққа пайдалануға берілген. Кәсіпкердің айтуынша, форель балығы салқын кезде арнайы орында өсіріліп, күз мезгілінде ашық бассейнге жіберіледі. Сондай-ақ, ол ауданға келуші туристерге балықтың бірнеше түрін ұсынып, этно стильде дәмхана ғимаратының құрылысын жүргізетінін жеткізді. Бүгінде тоған айналасына ерекше жеміс ағаштарын егіп, абаттандыру жұмыстары да қолға алынған.

Жалпы, Төлебиліктер көбіне форель шаруашылығын дамытуды қолға алып отыр. Бүгінгі таңда, аудан аумағында осы кәсіпті қолға алған кәсіпкерлер саны 16-ға жетті. Мәселен, былтыр 4 кәсіпкер өз қаржысымен балық шаруашылығын ашып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Солардың бірі – «Сарсенов Сакен» ЖШС. Киелітас ауылдық округінде 0,14 га жерде балық ұстауға арналған бассейн жасап, 1500 дана сазан, 500 дана ақ амур және 5000 дана дөңмаңдай балықтарын өсіруде. Кәсіпкер балық шаруашылығынан бөлек демалыс аймағының құрылысын аяқтап, пайдалануға ұсынды. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Исмаил Абдуллаев иелігіндегі 0,20 га жерге арнайы тоған жасап, 4000 дана сазан және 6000 дана тұқы балығын өндіруде.

Таулы аймақ кәсіпкерлері де балықтың суық суға төзімді форель түрін өсіруді қолға алды. Жеке кәсіпкерлер Жұмағали Қияқов, Олжас Сұлтанқұлов Қаратөбе ауылдық округіндегі жерлеріне 3000 дана және 10 мың дана форель балықтарын өсіріп жатыр. Қызыл балық тұқымдастарға жататын оның бәсі биік, нарықта сұраныс жоғары. Кәсіпкерлер форель шабағын алдырып, арнайы қоректендіреді. Шаруашылық басшылары форельмен алғаш рет айналысып отырса да, әзірге ұсақ шабақтарды өсіруде күрделі мәселе туындамағанын айтады. Одан бөлек, «Шымкентбалық» ЖШС Бірінші Мамыр ауылдық округінде орналасқан 2 га жерде жерде балық ұстауға арналған бассейн жасап, форель балықтарын өсіріп, жылына 300 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.

Жетісай ауданында да тауарлы балық шаруашылығымен айналысуға қызығушылық білдірушілердің саны артып келеді. Соның бірі – Атамекен ауылдық округінің тұрғыны Айман Базарова. Жеке кәсіпкер биылғы жылдың мамыр айында өз қаржысына балықтың дөңмаңдай, амур, сазан сынды түрлерінің 30 мың дана шабағын Шардара ауданынан алып келген. Бүгінде аумағы 3 гектар, тереңдігі 2 метрді құрайтын тоғандарда өсіріліп жатқан балықтардың орташа салмағы 6 айда 1 келіге жеткен. Саудаға шығарылуы жоспарланған балықтарға қазірдің өзінде Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан сұраныс бар.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*