Расын да, Төлеби ауданы туризм саласы бойынша бірінші орында тұруы керек. Оған барлық жағдай бар деуге болады. Сұлу табиғаты мен таза ауасы бар, көрікті орындары жеткілікті. Осы бағыттағы жұмыстарды мамандар барынша зерделеп, нақты іс-шараларды атқарып жатыр. Аудан үшінші мегаполис Шымкент қаласына да жақын орналасқан. Өндірісті, сауданы дамытуға да қолайлы. Сондықтан, кәсіпкерлікті дамытып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру маңызды болып есептеледі. Бұл бағытта, жалпы Төлеби ауданының өңірлік өнім көлемі де жыл санап арта түсуде. Тиісті жұмыстар арқылы 2030 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 369 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Яғни, өнеркәсіп өнім көлемін 49 млрд. теңгеден 115 млрд. теңгеге дейін, құрылыстың көлемін 10 млрд. теңгеден 15 млрд. теңгеге, сауда көлемін 28 млрд. теңгеден 84 млрд. теңгеге, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 62 млрд. теңгеден 154 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2030 жылға дейін өнеркәсіп 2,3 есеге, ауыл шаруашылығы 2,5 есеге, құрылыс 1,5 есеге, сауда 2,9 есеге, туризм саласындағы көрсеткіштер 3,7 есеге артпақ.
2025-2030 жылдар аралығында құны 144 млрд. теңге болатын 73 жобаны іске асырып, 1193 адамды жұмыспен қамтамасыз ету межесі қойылған. Инвестициялық жобалар негізінен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, сауда салаларында жүзеге асырылады. Өнеркәсіп саласында құны 38,2 млрд. теңге болатын 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 392 адам жұмыспен қамтылмақ. Ауыл шаруашылығы саласында құны 22,3 млрд. теңге болатын 20 жобаны іске асырып, 268 адамды жұмыспен қамту межеленген. 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығының өнім көлемі 154 млрд. теңгеге немесе 2,5 есеге артады. Сүт фермалары, мал бордақылау алаңдары ашылып, балық шаруашылығы, жылыжай, бау-бақша, тамшылатып, жаңбырлатып суару, өнім сақтау қоймасы, ет өңдейтін цехтар, құс шаруашылығы және жеміс-жидек өсіру цехы жобаларын жүзеге асыру көзделген. 2024 – 2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 млрд. теңге болатын 23 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Жаңа туристік және демалыс орындары ашылады. Жобалар іске асқан жағдайда туристік аймақтың әлеуеті артып, туристер саны 3,7 есеге артады деп болжануда.
Табиғаты әсем аймақта жеке кәсіпкерлер есебінен демалыс орындарын көбейту жұмыстары да қарқын алған. Осы тұста айта кетейік, өткен жылы Төлеби ауданында жеке кәсіпкер Сакен Сәрсенов жеке қаражаты есебінен «Алтын балық» демалыс орнының құрылысын аяқтап, пайдалануға ұсынды. Киелітас ауылдық округінде орналасқан құны 350 млн теңгені құрайтын демалыс орнында 4 коттедж, 10 сәкі бар. Аумағы 1,6 гектар. Кәсіпкер бұған қоса, балық шаруашылығын дамытып, 0.5 гектар аумақта 10 тоннадан астам сазан балығын өсіруде.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Эко туризм саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысында, оның ішінде таулы аймақтағы Төлеби ауданында эко туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Айта кетейік, соңғы үш жылда еліміздегі экотуристер саны 40%-ға өскен. Соңғы жылдары Қазақстанда экологиялық туризмге деген қызығушылық тұрақты түрде артып келеді. Осыдан үш жыл бұрын экотуристер саны 2 миллион адам болса, жетсе, олардың саны соңғы көрсеткіштер бойынша 2,8 миллионға көбейіп, 40%-ға артқан. Ал 2023 жылы экотуристер саны 2,4 миллион адам болған, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі. Бүгінде еліміздегі 14 ұлттық саябақ тұрақты туризм қағидаттарына сай инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыс істеп келеді. Туристердің жайлы демалысы үшін визит-орталықтар, кемпингтер, глэмпингтер және өзге де нысандар салынып жатыр. Кейінгі жылдары тағы 8 заманауи визит-орталық пайдалануға берілген. Олар ақпараттық жүйелермен, бағыттар көрсетілген навигациямен және негізгі инфрақұрылыммен жабдықталған. Бұл орталықтар келушілерге табиғи экожүйе, жабайы жануарлар мекені, арнайы маршруттар мен қорғалатын аумақта жүру ережелері жөнінде ақпарат ұсынады. Экотуризмді дамыту – табиғи мұраны сақтауға, елдің туристік әлеуетін арттыруға және өңірлердің тұрақты дамуына үлес қосады.
Бұл бағытта Төлеби ауданының әкімдігі экотуризмді дамытудың жолдарын пысықтап, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өкілдерімен әріптестік қарым-қатынас бағытында жұмыс істеу жолдарын қарастыруда. Ұлттық парктың аумағы әртүрлі кіру режимдері бар үш аймаққа бөлінген: қорық режимі (кіру жабық), туристік және рекреациялық. Ұлттық парктің аумағында Сайрам шыңы, оның биіктігі теңіз деңгейінен 4236 м биіктікте, Қырық қыз жартастары, Мақпал көлі теңіз деңгейінен 2100 м биіктікте орналасқан, Сусіңген биік таулы көлі (теңіз деңгейінен 1700 м) бар және Грейг қызғалдақтары өседі. Сайрам-Өгем МҰТП аумағында өсімдіктердің 1635 түрі, оның ішінде Қызыл кітапқа енген 62 түрі кездеседі. Бүгінде парк аумағының рекреациялық аймақтарында туризм саласын дамыту жолдары басты назарда. Мекеме басшысы парктың 17519 гектар жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналатынын, аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылғанын мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген. Рекреациялық аймақтарда демалыс нысандарын көбейту, экотуризмді дамыту мақсатында инфрақұрылым жүргізіліп, жол салынуы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар да жалғасын табады.