«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Әйелдер қанаты «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында отбасылардың қаржылық сауатын арттыру, әсіресе әйелдерді қолдауға бағытталған маңызды аспектілерді қызмет арнасы етіп белгілеп отыр. Бүгін партияның Ордабасы аудандық филиалының ұйымдастыруымен аудандағы қарыз тәуекелдері бар борышкер әйелдермен семинар «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында өтті. Семинарда қаржылық қиындыққа тап болған көпбалалы аналар, ауыл әйелдері, жас қыз-келіншектер қарыздан туындайтын күйзелістен арылу, қаржыға байланысты туындайтын отбасылық кикілжіңдерден аулақ болу, ауыл әйелдерінің қарыз жүктемесін азайту, оларды банктік қысымнан сақтануына құқықтық біліктілігін арттыру, қаржы коучингімен психологиялық кеңестер алуына жағдай жасау туралы кеңестер берілді.

Жиынға партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, «Қарызсыз қоғам» өңірлік жобалық кеңсесінің координаторы Айгерім Әмірәлиева, Түркістан облыстық жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Нұржан Демилов, Ордабасы ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Ғалымжан Шындалы қатысып, азаматтарға қаржылық және құқықтық кәсіби білікті көмек көрсету мәселелерін айтты. Жұмыс жиынын партияның Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Әлиасқар Бердімұрат жүргізді.

Кездесудің мәні мен мазмұнына тоқталған Қалыйма Жантөреқызы «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың шамамен 75 пайызы әйелдер, соның ішінде көпбалалы аналар құрайтынын айтып, қыз-келіншектердің қаржылық білігін арттыру өзекті болып отырғанын жеткізді.

«- Отбасының ұйытқысы, өмір шырақшысы болған көптеген әйелдер бүгінде өз үйінің басты асыраушысына айналғаны жасырын емес. Үйінің берекесін арттырамын, перзенттерін қатарынан кем қылып өсірмеймін деп талпынған аналар қарыздың тұсауына түсіп жатқаны жөнінде көптеген мысалдар келтіруге болады. Партиямыз бастамашыл болған «Қарызсыз қоғам» жобасы азаматтарды тұтынушылық психологиядан үнемдеу мәдениетіне үйретуге, оларды отбасылық табысты дұрыс игеру мен жинақ салу дағдыларына баулуға арналған. Өкінішке қарай, қаржылық қиындыққа тап болған әйелдер туралы нақты ресми деректер жүргізілмейтін болса да, облыстық Әйелдер қанаты аудан әкімдіктерінен деректерді жинақтау арқылы несие төлемдерінен 90 күннен көп мерзімге кешіктірген әйелдердің саны Түркістан облысында 5900 адамды құрайтынын анықтады. Біз осы контингентпен жұмыс жүргізуіміз қажет, оларға қаржылық қиындықтан құтылудың жолдарын түсіндіріп, отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлаудың жолдарын үйретуіміз қажет. Бүгінгі жиын осы мақсатқа арналады және алдағы уақытта басқа аудан, қалаларда жалғасады», – деді Қалыйма Жантөреқызы.


«Қарызсыз қоғам» өңірлік жобалық кеңсесінің координаторы Айгерім Әмірәлиева отбасының қаржылық қиындықтарға тап болуы бұл тек ақша жетіспеушілігі ғана емес, сонымен қатар оның басқарылмауы, күтпеген шығындар мен табыстың тұрақсыздығы сияқты бірнеше күрделі факторлардың қосындысы екенін айтты. Әйелдердің қаржылық қиындықтарының негізгі аспектілеріне бір отбасы мүшесінің ғана жұмыс істеуі, мезгілдік немесе уақытша жұмысқа тәуелділік мәселелері жататынына назар аударылды. Несие мен қарыздың шамадан тыс жүктемесі деп несие төлемі табыстың 40 пайыздан астамын құраса айтылатыны түсіндірілді. Бірнеше банктен немесе микроқаржы ұйымдарынан бірнеше қарыз алу бұл тәуелділікті еселейтін себеп екені жеткізіліп, әр азамат үшін қарызды қайтара алмау қауіпін туғызатын мәселе екені айтылды.

Жиын барысында жеке және мемлекеттік сот орындаушылар тұрғындар көтерген мәселелер бойынша құқықтық кеңестерін беріп, несие қарыздары бар азаматтардың жеке банк шоттарын бұғаттан босату, банктермен және басқа да қаржылық ұйымдармен берешек қарыздарды өтеу бойынша тиімді кесте түзу мәселелерінде заңгерлік көмектерін ұсынды.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*