Түркістан облысының экономикалық ахуалын жақсарту, өңірге инвестиция тарту, отандық өндірісті дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Бүгін осы мақсатта Түркістанда кезекті жоба бастау алып, джинсы маталарын шығаратын кәсіпорынның іргетасы қаланды. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-ның директоры Жин Ёуйй қатысып, мақта-мата жібін иіру мен джинсы маталарын өндіру желілерінің құрылысының капсуласын салды.

– Бүгін Түркістан өңірінің жеңіл өнеркәсіп саласында стратегиялық маңызды жобаның іргетасы қалануда. Арнайы экономикалық аймақта «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-нің джинсы маталарын өндіру зауытының құрылысы басталады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап берді. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Бұл ретте біз Түркістан облысында мақта кластерін дамытуды бастап кеттік. Бұдан былай өңірдегі мақта 100 пайыз өзімізде өңделіп, дайын өнімдер шығарылады. Солардың бірі – бүгін іргетасы қаланған зауыт еліміздің тоқыма өндірісін жаңа деңгейге шығарады. Мұнда жылына 30 мың тонна мақта-мата жібі мен 10 млн метр джинсы маталары өндіріледі. Дайын өнімдер Еуропа мен Орталық Азия елдеріне экспортқа шығарылады. Жоба толық жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылуда. Бұл – Түркістан облысындағы ивестиция тарту жұмыстарының жарқын жемісі. Біздің алдымызда Түркістан облысын өзін толық қамтитын әрі терең өңдеу саласы дамыған өңірге айналдыру міндеті тұр. Өйткені, Түркістан – жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қолайлы өңір. Бұл жаңа зауыт – импортты алмастыруға, экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған ірі жоба. Осы нысан іске қосылғанда Түркістан – Қазақстандағы тоқыма орталықтарының біріне айналары анық. Сондықтан жобаға атсалысқан инвесторларға алғысымды білдіремін! Жаңа жоба сәтті жүзеге асып, Түркістанның өндірісі дами берсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

 

Аталған нысанда жылына 10 млн метр джинсы маталары өндірілмек. Жобаның жалпы құны 23,3 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ мұнда мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Нысанның жалпы аумағы 20 гектарды қамтиды. Зауыт жұмысына қажетті жабдықтар толық заманауи технологиялармен қамтылады. «Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасқан нысан жеке инвестор есебінен жүргізіледі. Жобаны үш кезең бойынша жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жалпы, облыстағы индустриалды аймақтар, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру нәтижесінде 10 айда өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн. теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады.

Түркістан қаласындағы «Тұран» арнайы экономикалық аймағы – кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы болып табылады. «Тұран» арнайы экономикалық аймағы Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында құрылған. Бұл аймақ – өңірді индустриялық және инновациялық тұрғыда дамытуға бағытталған маңызды жоба. Арнайы экономикалық аймақтың басты мақсаты – отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау. Осы мақсатта аймақ аумағында инфрақұрылым толық жүргізіліп, кәсіпкерлерге инженерлік желілер, жол, байланыс және коммуналдық қызметтер қолжетімді етілген. Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақ резиденттеріне салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылатын жобалар негізінен: өндіріс пен өңдеу саласын дамытуға, құрылыс индустриясына, логистика мен қойма қызметіне, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған. Бұл бағыттар өңір экономикасының әртараптануына және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Аймақтың тағы бір маңызды артықшылығы – жаңа жұмыс орындарының ашылуы. «Тұран» арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатқан жобалар нәтижесінде жүздеген тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, жастарға жаңа мүмкіндіктер берілуде. Бұл халықтың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Арнайы экономикалық аймақтың жалпы аумағы 400 гектардан асады, бүгінде оның басым бөлігінде инженерлік инфрақұрылым толық жүргізілген. Бүгінде экономикалық аймақта 20-дан астам инвестициялық жоба тіркелген және жалпы инвестиция көлемі 200 млрд теңгеден асқан. Жалпы жобалар толық іске қосылған жағдайда 2 000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда бірқатар өндіріс нысандары іске қосылып, қалған жобалар құрылыс және монтаж кезеңінде. 2025 жылы бұл аймақта өндірістік белсенділік айтарлықтай артып, оның нәтижесі өңір экономикасына тікелей әсер ете бастады. Алдағы уақытта «Тұран» арнайы экономикалық аймағы тек Түркістан облысының ғана емес, бүкіл оңтүстік өңірдің индустриялық орталығына айналады деп күтілуде.

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*