Жалпы, Ордабасы ауданы Түркістан облысының өндірістік әлеуетін арттырудағы маңызды аудандардың бірі болып табылады. Соңғы жылдарда бірнеше ірі өндірістік жобалар іске қосылды. Индустриалды аймақ және инвестицияларға тоқталар болсақ, Ордабасы ауданында 52 гектар аумақты қамтитын Бадам индустриалды аймағы құрылған. Онда 15,9 млрд теңгеге 5 инвестициялық жоба қолға алынған, соның ішінде гипсокартон бұйымдары, арматура, қорғасын өнімдері және тоқыма фабрикасы сияқты жобалар бар. Ауданда Шұбар аумағында 70 га өндірістік парк салу жоспарлануда. Жаңа өндірістік кәсіпорындар қатарында қалдықтарды қайта өндіретін «Green Technology Industries» зауыты іске қосылды.

Бұл кәсіпорын синтепон талшығын өндіреді, жылына 15 000 тонна өнім шығара алады және негізінен Ресей нарығына экспорттайды. Инвестициялық құны – 1,6 млрд теңге, және 130 дан астам адамды жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар, қыш зауыты «Bokei» индустрияландыру картасы аясында ашылды. Бұл зауыт тәулігіне 100 000 дана қыш өндіре алады және еліміздің басқа аймақтарына тауар жеткізеді. 2025 жылы аудан аумағында Қазақстандағы алғаш рет сиыр сүйегін өңдейтін өндіріс зауыты салынуда Инвестиция – 9 млрд теңгені құрайды. 5 000 тонна жылдық өндіріс, шамамен 100 адам жұмыспен қамтылады.

Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығы да экспорттық әлеуетке ие. Атап өткендей, мақта өңдеу және мақта өнімдері шығаратын кәсіпорындар аймақта белсенді жұмыс істейді. Қазіргі таңда мақта өңдеумен айналысатын зауыттар және жүгері, басқа да дақылдар ауыл шаруашылығы экспортында маңызды рөл атқарады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу арқылы экспортқа шығару бағытында қосымша мүмкіндіктер бар екенін көрсетеді.
2025 жыл – Түркістан облысы үшін экономикалық даму көрсеткіштеріне жаңа белсенділік қосылған кезең. Өңірдің өндірістік әлеуеті артып, экспорттық бағытта нақты өсімдер байқалды. Жалпы өңірлік өнім қаңтар–маусым аралығында 2 056 328,7 млн теңгені құрап, 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда нақты 9,5% өсті, бұл облыстың экономикалық өсудің тұрақты қарқынын көрсетеді.

Биылғы жылдың қаңтар–қараша айларында облыстың өнеркәсіп өндірісі көлемі 1 400 331,3 млн теңгені құрап, 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 12,5% артты. Бұл өсім өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндірісі және энергетика салаларындағы өндірістің кеңеюі арқасында жүзеге асты. Облысқа салынған негізгі капитал инвестициялары да айтарлықтай артты. 2025 жылғы қаңтар–қарашада негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 405 641,6 млн теңгені құрап, 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 23%-ға өсті.

Бұл көрсеткіш өңірде өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды белсенді жүзеге асыру жалғасып жатқанын көрсетеді.Ал, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда: 2025 жылғы қаңтар–қазан аралығында облыстың сауда айналымы 1 198,2 млн АҚШ долларын құраған. Осы көлем 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,7% өскенін аңғартады. Импорт көлемі айтарлықтай өскен — 283,7 млн АҚШ доллары, бұл өткен жылғы сәйкес көрсеткішпен салыстырғанда 45,8%-ға еселеніп отыр.
Экспортты дамыту тек өндіріс көлеміне ғана емес, заманауи қойма жүйесі, логистикалық орталықтар, теміржол және автокөлік бағыттарының дамуына тікелей байланысты. Түркістан қаласының жаңаруы, жаңа әуежайдың іске қосылуы, шекаралық аймақтардағы логистикалық мүмкіндіктердің кеңеюі Түркістан облысын халықаралық экономикалық кеңістікке тереңірек енгізіп отыр.2025 жылғы қаңтар–қарашада облыстың бөлшек сауда көлемі 426 253 млн теңге болып, 2024 жылмен салыстырғанда 16,2% өсті, ал көтерме сауда көлемі 357 398,9 млн теңге болды және 2024 жылмен салыстырғанда 202,7%-ға өскен.

Инвесторларға қолайлы орта – тұрақты дамудың кепілі екені анық. Бұл бағытта мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық жеңілдіктер, арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы отандық және шетелдік инвесторларды тартуға оң әсерін тигізуде. Инвестиция – жаңа технология, жаңа жұмыс орны, сапалы өнім және экспорттық мүмкіндік деген сөз. Сондықтан Түркістан облысында инвесторларға қолайлы бизнес-климат қалыптастыру – өңірлік саясаттың маңызды бағыты. Бұл көрсеткіштер облыс нарығының сұраныс пен ұсыныстың белсенді өсуін, сондай-ақ экономикалық қызметтің кеңеюін көрсетеді.

Өндіріс пен экспортты қатар дамыту – Түркістан облысының экономикалық тәуелсіздігін күшейтіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыратын стратегиялық міндет. Өңірде жүзеге асырылатын жобалар мен нақты қолдау шаралары нәтижесінде Түркістан тек тарихи-рухани орталық қана емес, өнеркәсібі дамыған, экспорттық әлеуеті күшті экономикалық өңір ретінде қалыптасып келеді.