Бүгін Егемендік декларациясын қабылдаған күнге 35 толып отыр. Алматыда Жоғарғы Кеңесте алғаш рет қазақ үшін тарихта болмаған Егемендік декларациясын қабылдау үшін 360 депутаттың 281 -і қолдап , 18-і қарсы, 2-уі қалыс қалып көпшілік дауыспен осылайша егемендікті, елдің дербестігін білдіретін декларация қабылданды. Саяси құжатты қабылдау оңай жұмыс болмады. 1990жылдың 15 қазанында Жоғарғы Кеңестің екінші сессиясында Асанбаевтың төрағалығымен Егемендік декларациясының жобасы ұсынылып, қоғам болып талқылау үшін 17 қазанда республикалық Социалистік Қазақстан газетінде декларацияның жобасы жарияланды.

Декларацияны бүге шүгесіне дейін талдап құрастырушылар белгілі ғалым-заңгерлер Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, қоғам қайраткерлері Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сияқты текті тұлғалар тер төкті. Салық Зиманов мінберде 6 сағат тапжылмай тұрып декларацияны таныстырып, кейбір қыршаңқы сұрақтарға қасқайып жауап берді. Декларация 17 тармақтан тұрса, кіріспесіндегі қазақ халқының тағдыры үшін жауапты деген сөз кеңестік дәуірдің наны қатты ұнаған кейбір азаматтарға бұл тұс аса ұнай қоймады да қазақ ұлтының деген сөзді жалпылама сөзге қоғам, азаматтық қоғамға алмастыру қажет дегенді айтқандар депутаттардың арасынан табылды. Дәл осыған дәйекті жауап азулы қайраткерлер Шерзан Мұртаза мен Әбіш Кекілбаевтың қызу қанды пікірлері Салық Зимановтың түсініктемелеріне тұздық болды. Елдің бюджетін қалыптастыру деген тармаққа да күмәнмен қараушылар табылып жатты.

Сыртқы саясатта дербестікті, ішкі саясатта мемлекетшілдікті білдіретін заң жобасының комиссия төрағасы Салық Зиманов сессия біткен соң депутаттармен бірге ғимараттың алдына шығып жиналып тұрған халыққа Егемендік декларациясын таныстырғанда Алматының Алатауы ажарланып кешкі қоңыр күз нұрланып сала берді. Декларацияны қабылдау сағат 18-55 те бітсе, сыртта жиналып тұрғандарға сүйіншілеу ары қарай жалғасты. Қара күздің суығына қарамай ымырт үйірілсе де тапжылмай күткен елшіл азаматтардың жан дүниесінің тербеліп, теңіздей толқуын рухтың көтерілгенінен қуанышынан мерекелік көріністі айтпай -ақ түсінер деп ойлаймын менің оқырманым.

1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздік туралы заңның негізі осы Егемендік декларациясы болды. Ұлытауда өткен Құрылтайда Мемлекет басшысының 25 қазанды Республика күні етіп белгілеуді ортаға салып, оның атаулы мереке етіп бекітілуі егемендіктің мәртебесін асқақтата түсті. Мереке құтты барша жұртым!

Рухымыз мықты, жасампаз елдігіміз әлемге үлгі болсын!

Қалыйма Жантөреева,
“AMANAT” партиясы филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық әйелдер қанатының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты

Бөлісу
fb-share-icon

от Admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Рейтинг*