«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар жылдың төрт мезгілінде де жалғасады. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тазалық жұмыстары бойынша бекітілген жоспарлардың орындалуын тұрақты бақылауға алған. Мысалы, өткен аптаның өзінде өңір елді мекендерінде 114 тазалық іс-шарасы өткізіліп, оған 32 945 тұрғын қатысқан. Нәтижесінде 171 тонна қоқыс шығарылған. Өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан-қала әкімдеріне жұмыс қарқынын түсірмеу керектігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеп келеді.

«Таза Қазақстан» акциясы – экологиялық мәдениет пен ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі. Қоршаған ортаның тазалығы – халықтың денсаулығы мен елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Осы бағытта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы – қоғамды тазалыққа, табиғатты қорғауға және ортақ жауапкершілікке үндейтін ауқымды бастама. Акцияның басты мақсаты – елді мекендерді қоқыстан тазалау ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың туған жеріне деген жанашырлығын арттыру. Бұл бастама арқылы ауылдар мен қалаларда көшелер, арық-атыздар, саябақтар, қоғамдық орындар тазартылып, елді мекендердің санитарлық жағдайы жақсарып келеді.
Өткен ай соңындағы тазалық іс-шараларына тоқталсақ, Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кең көлемді экологиялық акция ұйымдастырылды. Шара барысында 11 000 түп ағаш отырғызылып, 3 000-ға жуық тұрғын мен мекеме қызметкерлері қатысқан. Сонымен бірге 18 тонна қоқыс жиналды. Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтілген. Бүгінгі күнге дейін 101 билборд орнатылып, 609 бейнеролик әзірленген. Аймақта экологиялық мәселелерге қатысты хабарламаларды қабылдайтын «TazaQazBot» жүйесіне бүгінгі күнге дейін 3 423 өтінім түскен. Оның 3 420-сы орындалған. Осыған байланысты аудан-қала әкімдіктеріне платформаны халық арасында кеңінен насихаттау тапсырылды. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты жыл басынан бері 27 137 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 554,1 млн теңге айыппұл салынған. Оның 317,9 млн теңгесі өндірілген. Ауыл округі әкімдері де өз құзыреті аясында шара қабылдап, 2025 жылдың басынан бері 505-бап бойынша 4 745 хаттама рәсімдеп, 41,9 млн теңге айыппұл салған. Өндірілген қаржы көлемі 21,3 млн теңгені құраған.
Ең алдымен, «Таза Қазақстан» акциясының халық денсаулығы үшін маңызы зор. Тазалық сақталған ортада жұқпалы аурулардың таралу қаупі азаяды, ауаның сапасы жақсарады, балалар мен қарттар үшін қауіпсіз орта қалыптасады. Әсіресе ауылдық жерлерде бұл мәселе ерекше өзекті, себебі табиғатпен етене өмір сүретін ауыл халқы үшін таза орта – күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігі. Акция аясында ағаш отырғызу, жасыл желекті көбейту, су көздерін тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шаралар табиғи тепе-теңдікті сақтауға, жердің құнарын арттыруға және климаттың қолайлы болуына ықпал етеді. Бір тал егілген ағаш – болашақ ұрпаққа қалдырылған аманат.

Бұл бағытта «AMANAT» партиясы да экологиялық жауапкершілікті күшейтіп, өз бастамасы ретінде «Таза бейсенбі» акциясын жүйелі түрде өткізіп келеді. Дәстүрлі экологиялық шара бұған дейін ауқымды түрде Ордабасы ауданында ұйымдастырылған болатын. Акцияға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, партияның аудандық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әділет Әбухайыров, сондай-ақ партия мүшелері, жергілікті билік өкілдері, жастар мен ауыл тұрғындары жалпы 100-ге жуық жан қатысқан.
«Таза бейсенбі» акциясы барысында Темірлан ауылынан Ынталы ауылына дейінгі аралықта жол бойына ағаш егу шаралары қолға алынып, қатысушылар 200 түп тұя мен арша көшеттерін отырғызды. Бұл тек табиғатты көгалдандыру шарасы ғана емес, елдің экологиялық мәдениетіне қосылған нақты үлес болды.

Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев акцияның қоғам өміріндегі рөлінің маңыздылығын атап өтті. «Президентіміз бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясы – еліміздің экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам. Бұл бастамаға партия да өз үнін қосып, нақты істермен қолдау көрсетіп келеді. Таза орта – салауатты қоғамның кепілі. Әрбір егілген ағаш – келер ұрпаққа аманат. Сондықтан осындай шаралар арқылы адамдардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сана қалыптастыруымыз қажет», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтады. Тазалық шараларына ауыл тұрғындары, жастар, еріктілер, ардагерлер мен мемлекеттік қызметкерлер бірлесе қатысады. Бірге еңбек ету адамдарды жақындастырып, туған жерге деген ортақ жауапкершілікті арттырады. «Таза Қазақстан» атты кең ауқымды республикалық экологиялық акциясы мен «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан өңірінің судьялары мен сот қызметкерлері де қаланың экологиясын дамыту мақсатында 150 дана қарағай ағаштарын отырғызып, қаланы көгалдандыруға үлестерін қосты. Бұл бастаманың тәрбиелік мәні де ерекше. Балалар мен жастар тазалық жұмыстарына қатысу арқылы табиғатты қорғауды, қоғамдық тәртіпті сақтауды үйренеді. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың санасында экологиялық жауапкершілікті қалыптастырады.

Таза әрі ұқыпты елді мекендер ауылдың да, қаланың да көркін арттырады. Көшесі таза, айналасы жинақы жерлерде өмір сүру қолайлы болып, тұрғындардың көңіл-күйі жақсарады. Бұл – ауылдардың дамуына, жастардың туған жерде тұрақтауына оң әсерін тигізеді. Тазалық жұмыстарын марафонға айналдырған аймақтар да бар. Мысалы, Мырзакент кентінде бастау алған тазалық шарасына аудан әкімі Бақыт Асанов, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев, «Amanat» партиясының аудандық филиалының төрағасы Мұхтар Сәрсенов, аудан әкімінің орынбасарлары Бауыржан Шомпиев пен Серік Тұрсынқұловтар, барлық қоғамдық ұйымдардың басшылары мен мүшелері, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпкерлік нысандардың ұжымдары және кенттің тұрғындары қатысқан және марафон барысында 12 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылып, бұл қоқыстар аудан аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигонға төгілген. Сонымен қатар шараға 5 техника мен 500-ден аса адам қатысқан. Айта кетейік, Мырзакент кентінде бастау алған марафон басқа да кенттер мен округтерде жалғасын табады. Орталық тұрғындары тазалық бойынша челленджді Жаңажол ауылдық округінің тұрғындарына жолдап, көпшілікті тұрып жатқан өз өлкесін таза ұстауға шақырды.