Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов Шардара ауданына арнайы жұмыс сапарымен барды. Аудандағы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік нысандарын аралады. Жергілікті кәсіпкерлермен жүздесіп, оларға мемлекеттік бағдарламалар беретін мүмкіндіктер туралы айтты. Алдымен ауданда тамшылатып суару әдісін пайдаланып, жүгері егуге ниет білдірген түрік инвесторларымен кездесті. Инвесторлармен зауыт ашу мәселесі талқыланды.
Осы ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 2024 жылғы 19 сәуірде Шардара ауданы тұрғындарымен кездесті. Өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды. Халықпен кездесуден соң өңір басшысы облыстық мәслихат төрағасымен және жауапты басқарма, бөлім басшыларымен бірге жеке қабылдау өткізді. Мәселені қалай шешу керектігін айтып, жолдары мен жүйесін түсіндірді. Тұрғындардың жекелеген сұрақтарына жауап берді.
Сапар аясында, Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Тұрар» шаруа қожалығында болып, қожалықтың тамшылатып суару әдісін пайдалану бойынша жұмысымен де танысты. Сонымен қатар, Шардара қаласындағы және Алатау батыр ауылдық округіндегі «Шебер» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тігін фабрикасымен ауданға қарасты Ұзыната ауылдық округінде орналасқан тұрақты тұқымбаққа арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. 15 гектар тәлімбақта 2 млн 300 түп көшет өндірілуде.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кәсіпорындардың санын арттыру керектігін айтып, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әлеуметтік осал топтары мен жастардың әлеуметтік жағдайын көтеру қажеттігін тапсырды. Кәсіпкерлермен кездескен өңір басшысы аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдауды күшейтуді тапсырды.