18 ЖАСҚА ТОЛМАҒАН БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР АВТОБУСТА ТЕГІН ЖҮРЕ АЛАДЫ

Қарағандыда 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер үшін қалалық көлікте жол жүру тегін болады. Ақпаратты облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселені пысықтауды тапсырды. Бұл шара бірқатар жанұяларға, әсіресе көп балалы отбасыларға үлкен қолдау болып табылады.

– Қарағандыда 7 жастан 18 жасқа дейінгі 110 мыңға жуық тұрғын бар. Автобустарды жаңарту мен электронды билеттердің енгізілуіне байланысты мен оқушылар үшін Қарағанды бойынша тегін жол жүруді қамтамасыз етуді тапсырдым, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. Өңір басшысы өзінің шешімі туралы № 44 апатты мектептің педагогикалық ұжымымен және оқушыларының ата-аналарымен кездесу барысында хабарлады.

1948 жылғы ғимарат қалпына келтіруге келмейді. Оның орнына жаңа оқу орнын салу жоспарлануда. Оқушылар мен мұғалімдер № 64 мектепке ауыстырылды. Ол 600 адамға арналған, сондықтан орын тапшылығы жоқ.

МЕДРЕСЕ-КОЛЛЕДЖДЕРДЕ «АЛАШТАНУ» ЖӘНЕ «ТҰЛҒАТАНУ» ПӘНІ ОҚЫТЫЛАДЫ

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2023 жылға арналған кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.
«Халықты оятқың келсе, оның тарихын оят» деген сөздің мәні тереңде. Медресе-колледждердің оқу бағдарламасына факультатив дәріс ретінде «Алаштану», «Тұлғатану» пәнін енгізу туралы шешім қабылдадым. Мақсатымыз – болашақ дін мамандарын ұлтжандылық пен отансүйгіштікке баулу», — деді ҚМДБ Төрағасы дін қызметкерлеріне жолдаған бағдарлық баяндамасында.