Шардара қаласындағы үш ауысымды оқыту мәселесі толық шешімін тапты. Бұған дейін сыныптар толып, ғимарат мүмкіндігі шектеулі болған №12 жалпы білім беретін мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа, заманауи ғимаратқа көшті.
2025 жылдың 17 ақпанында 1200 орынға арналған жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 1057 оқушы мен 107 педагог №4 мөлтек ауданындағы кең, толық жабдықталған білім ошағына орналасты. Бұрынғы ескі мектеп ғимаратында сыныптардың жетіспеуі салдарынан үш ауысымды оқу қаупі туындаған еді. Жаңа ғимарат бұл проблеманы түбегейлі шешіп, оқушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына жағдай жасады.
Жаңа мектепте пән кабинеттері, STEM және робототехника зертханалары, ІТ сыныптары, спорт және акт залы, кітапхана, психолог және медицина кабинеттері толық жабдықталған.
Мектепте білім сапасын арттыру бағытында білікті педагогтер қызмет етеді: педагог-зерттеуші, сарапшы, модератор санатындағы 90-ға жуық мұғалім жұмыс істейді.
Бүгінде №12 мектеп – Шардара өңіріндегі үш ауысым мәселесін шешкен, заманауи талаптарға толық сай білім ордасы ретінде қызметін жалғастыруда.
Мақтаарал ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тілшілер қосыны әуелі Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өнімкер елді мекенінде болып, газ беру жұмыстарымен танысты. Аудан бойынша 5 елді мекен газға қосылып, ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышына куә болды. Оның ішінде Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ырысты, Қарақыр, Өнімкер елді мекендері және Жаңажол ауылдық округіне қарасты Арайлы, Достық елді мекендері бар.
Соңғы жылдары өңірде жаңа мәдениет үйлері мен кітапханалар бой көтеріп, тұрғындардың рухани-мәдени сұранысын қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінуде. Мәселен, биылдың өзінде ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2 мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысы жүріп жатыр. БАҚ өкілдері аталған жұмыстармен танысу үшін Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ынталы елді мекенінде болды.
Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіндегі Ынталы елді мекенінде орналасқан мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы 2025 жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде. Құрылысқа бөлінген жалпы қаржы көлемі – 794 млн теңге.
Журналистер сапар аясында Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Игілік елдімекенінде орналасқан «Агрогруз» ЖШС-ң жұмысымен танысты. Ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асып жатқан бұл инвестициялық жоба бүгінде құрылыстың аяқталу кезеңінде тұр. Нысан қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіліп, заманауи технологиялармен жабдықталған. Жалпы құны 150 миллион теңге көлеміндегі инвестиция тартылған бұл жоба шетел нарығына бақша өнімдерін экспорттауға бағытталған. Жоспар бойынша серіктестік жылына 6 мың тоннаға дейін қауын-қарбыз және өзге де бақша өнімдерін экспортқа шығаруға қауқарлы.
Аудан аумағында егін шаруашылығында еңбек өнімділігін 2-3 есеге арттыру мақсатында заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тілшілер аталған жұмыстармен танысу мақсатында Мақтаарал ауылдық округі Өркениет елді мекенінде болды. 2025 жылы 8 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары бекітілсе, бүгінгі таңда 182 жоба іске асырылып, 3,4 мың гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілген. Оның ішінде 988,7 гектар – мақта дақылы, 1 800 гектар – бақша дақылдары, 520 гектар – қырыққабат, 35 гектар – күріш дақылы бар.
Сонымен қатар, БАҚ өкілдері Атакент кентінде құрылысы жүріп жатқан 1500 орындық мектептің жұмысымен танысты. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысы 2023 жылы басталған, биыл жаңа оқу жылында пайдалануға беру көзделуде. 4 гектар аумақты алып жатқан мектеп ғимаратының жалпы көлемі – 14 710 шаршы метр. Нысанның инженерлік инфрақұрылымы толығымен жүргізілген. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін, қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін барлық жағдай қарастырылған.
Қазақстан өңірлерінің бәрінен 1000 ауыл оқушысы Алматыға – еліміздегі ең ауқымды білім шараларының бірінің қорытынды кезеңі – 13-20 маусымда өтетін IQanat республикалық Олимпиадасының финалына қатысу үшін аттанады!
Бұл мың бала бұған дейінгі 50 мың бала қатысқан іріктеу кезеңдерінен үздік шыққан 8-сынып оқушылары. Ақтық сын – жай ғана финал емес, тағдырларды өзгертетін апта болмақ! Финалға өткен 1000 үздік баланың ішіндегі 256 бала Түркістандық өрендер.
Басты жүлде – еліміздің ең үздік оқу орындарының бірі IQanat High School of Burabay мектебінде білім алуға арналған гранттар. Финалистердің бір бөлігі мектеп-пансионатта тегін оқуға мүмкіндік алатын болса, екінші бөлігі олимпиададан кейінгі үш жылдық тегін қолдау бағдарламасына қатысады. Оның аясында балалар ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға белсенді дайындалады, ағылшын тілін, ІТ дағдыларды, кәсіпкерлік негіздері мен өзге бағыттарды меңгереді. Олардың ынтасы мен жетістіктері үнемі бақылауда болады.
Финалдың бағдарламасы тестілеуден бөлек, білім беру бағытындағы мәдени шараларды қамтиды: soft skills дамыту бойынша тренингтер, қала мен университеттерге экскурсиялар, сондай-ақ бірегей peer-to-peer бағдарламасы. Оның аясында IQanat мектебінің түлектері мен жоғары сынып оқушылары жасы кіші балалардың білім алуына көмектеседі.
Түркістан облысының білім басқармасына қарасты мектептерінде 28 мамыр күні балаларды қорғау күніне орай, “Қазақстан балалары” бірыңғай тұжырымдамасы аясында «Кибер тұмар» ақпараттық білім беру науқаны өтті. Бұл науқан интернеттегі қауіптерден қорғауға, интернет алаяқтардан аулақ болуға, жалған ақпараттардан сақ болуға және олардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Науқан аясында оқушыларға: Жеке деректерді қалай қорғау керек?, Кибербуллингтен қалай сақтануға болады?, Әлеуметтік желіні қауіпсіз пайдалану жолдары, интернет алаяқтардан сақтану сияқты маңызды тақырыптар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мақсат – балалардың қауіпсіз цифрлық ортада дамуына ықпал ету және олардың интернеттегі жауапкершілігін қалыптастыру.
Мектептерде балаларды цифрлық ортадан қорғауға бағытталған «Кибер тұмар» ақпараттық білім беру науқаны” 4, 8, 9, 10 сынып оқушылары арасында арнайы ұйымдастырылып, мектептердегі информатика пән мұғалімдері арнайы видео, презентация көрсету арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып сабақ өтті. Оқушылар сабақ барысында “Кибер Тұмар” ақпараттық білім беру орталығының дұрыс ақпарат бере отырып, цифрлық құжаттарын құпия түрде сақтайтынына сенім білдірді. Науқанның жалпы бағыты да оқушыларға интернет қауіпсіздігі туралы түсінік беру, кибербуллингтің, фишингтің, зиянды сілтемелердің алдын алу жолдарын үйрету және сандық сауаттылықты арттыру болатын. Іс-шара барысында түрлі бейнероликтер көрсетіліп, ақпараттық парақшалар таратылды, интерактивті сабақтар мен пікірталас алаңдары ұйымдастырылды. Оқушылар өз ойларын ашық айтып, қауіпсіз интернетті қалыптастыруда өз рөлдерін ұғынды. “Кибер тұмар” науқаны арқылы балаларды тек білімді ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз цифрлық кеңістікте өмір сүру дағдыларын қалыптастыруды үйренді.
Осындай шараның бірі Түркістан қаласындағы Ататүрік атындағы № 17 мектеп-гимназиясында жоғарғы сынып оқушыларымен де болып өтті. Мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Примбетова Шарипа ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан ЮНИСЕФ ұйымымен бірлесіп, балаларды цифрлық ортада қорғауға бағытталған «КИБЕР ТҰМАР» ауқымды науқанының жүргізіліп жатқанына тоқталды. Ал, мектептің 9 Г сынып жетекшісі Наржанова Меруерт бейнеролик көрсете отырып, жалған терроризм -қоғамдық тәртіпке қол сұғатын, бейбіт тұрғындар арасында дүрбелең туғызатын, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын бұзатын қауіпті қылмыс екеніне тоқталды. Сондай-ақ, 9 В сынып жетекшісі Сүлейменова Ұлбосын мектептің өзін -өзі басқару ұйымының дайындаған бейне ролигі арқылы нашақорлық – адамзаттың қас жауы туралы айтып өтті. Дүние жүзі осы ғасыр дертінің алдын алу мақсатында түрлі шаралар қолданып, мәселені шешудің жолын іздеуде.Сонымен қатар, 9 Ә сынып оқушыларының «Вейпсіз мектеп» тақырыбында дайындаған бейнеролигі арқылы қорытынды жасады.
Жиында, Түркістан ҚПБ ЖПҚ ЮПТ УПИ полиция капитаны, мектеп инспекторы Өндірбай Еркебұлан да күн тәртібіндегі мәселелерге бүгінгі күннен кеңінен мысалдар келтіре отырып, жан- жақты тоқталып өтті. Оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Жоғарғы сынып оқушыларымен болған сауықтандыру жиналысын мектеп-гимназия директоры Урумова Рахила Кенжебекқызы қорытындылады.
Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Кибер Тұмар» ақпараттық-білім беру науқаны аясындағы түсіндіру іс-шарасы, Шардара ауданына қарасты «Қазақстан жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушыларымен де өткізілді. Цифрлық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану ережелері мен жеке деректерді қорғау тәсілдері таныстырылды. Құпия сөздерді құру және оларды қорғау туралы кеңестер берілді. Оқушылардың цифрлық құрылғыларды пайдалану дағдылары бағаланып, олардың интернеттегі қауіпсіздік туралы білім деңгейі анықталды. Кибербуллинг, фишинг және зиянды контенттерден қорғану жолдары талқыланды.
Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар қарқынды дамып, балалардың интернетке қолжетімділігі артып келеді. Бұл жағдай бір жағынан мүмкіндіктерді кеңейтсе, екінші жағынан түрлі қауіптермен бетпе-бет келуіне себеп болуы мүмкін. Сол себепті, балаларға цифрлық қауіпсіздік ережелерін үйрету – ата-ана мен қоғамның ортақ міндеті. «Кибер Тұмар» – бұл тек ақпараттық іс-шара ғана емес, бұл – әр баланың қауіпсіз болашағын қамтамасыз ету жолында жасалған нақты қадам. Шара аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған семинарлар, тренингтер мен интерактивті сабақтар ұйымдастырылды. Бала – болашақтың иесі. Цифрлық кеңістікте өзін қорғай білетін, ақпаратты талдай алатын ұрпақ – саналы қоғамның негізі. Осыған орай, бұл іс-шара әр баланың саналы әрі қауіпсіз цифрлық өмір сүруіне бағытталған маңызды бастама ретінде өз жалғасын табады.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ж.Әбдібаев Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылындағы, “Амангелді” орта мектебінің соңғы қоңырау салтанатты кешіне қатысты. Осы қара шаңырақ болған мектеп қабырғасында білім мен тәрбие алып, өмірлік маңызды дағдыларды бойларына сіңірген түлектер, үлкен өмірге қадам басты.
Жыл бойы аянбай еңбек етіп, әрбір оқушының жүрегіне жол тауып, білім мен тәрбие берген ұстаздар еңбегі ерекше.
Түлектердің алдағы өмірлеріне бағыт беретін алтын арқау — осы білім ордасында қаланды. Ендігі жерде — үлкен жауапкершілік, жаңа белестер, тың бастамалар жолы күтіп тұр.
Қай жолды таңдаса да, абыройлы, адал, білімді азамат болуларына тілектес екендігін жеткізді.
«Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжі» МҚКҚ – қазіргі жаһандану кезеңіндегі өзгерістерге сай бәсекеге қабілетті, кәсіби білікті маман даярлауда өзіндік орны мен шежірелі тарихы бар білім ордасы.
Оңтүстік өңірдегі ағартушылық бағытта мамандар даярлайтын, ілгері білімді кеңінен меңгерген, бастамашыл, еңбек нарығы мен технологиялардың ауысып тұратын талаптарына бейімделген қоғамда жұмыс жасай алатын, заман талабын ескере отырып өркендеп келе жатқан білім мекемесі.
Тағылымды тарихы 1934 жылдан басталатын, заманымен үндескен қарашаңырақтан елімізге әйгілі академик, профессорлар, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы азаматтар шығып, «Білім керуенінің» көшін бастады.
Колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи технологиялық жүйемен қамтамасыз етілген, білім алушыларға қолайлы жағдай жасалған.
Білім ордасында гуманитарлық және техникалық бағытта төмендегі мамандықтар оқытылады: “Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі”, “Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту”, “Негізгі орта білім берудегі тіл мен әдебиетті оқытудың педагогикасы мен әдістемесі”, “Дене тәрбиесі және спорт”, “Туризм”, “Бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша)”, “Есептеу техникасы және ақпараттық желілер (түрлері бойынша)”, “Зергерлік іс”, “Сәндік қолданбалы және халықтық кәсіпшілік өнері (бейін бойынша)”, “Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу”, «Электромеханикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану».
Ахан Асанов басқарып отырған білім ордасының ұжымы «Инновациялық дамудың қажеттілігі мен міндеттеріне сай, өңірдің өзгерген, әлеуметтік-экономикалық жағдайында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кәсіби машықтанған, бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды даярлау» миссиясы бойынша жұмыс жасайды.
Колледждің стратегиялық жоспарлау міндеттерін жүзеге асыру нәтижесі – жоғары сападағы оқытушыларды даярлауда интеллект пен мәдениет рухын, студент өмірінің бірегей көрінісін сақтау.
Колледж ИДЖ – негізінде Дүниежүзілік банк жариялаған конкурста «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша грант иеленген. Өңірдегі және аймақтағы сұраныстарға жауап беретін, жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына үлес қоса алатын педагог кадрлар мен білім алушылар республика, облыс деңгейінде жоғары биіктерден көрінуде. Білім ордасы облыс деңгейінде «Сән технологиясы» бойынша құзыреттілік орталығы болып саналады. Дәстүрлі өткізілетін «Үздік шебер» байқауында арнайы пән оқытушылары жыл сайын жүлделі І орыннан көрінуде.
Колледж студенттері «WorldSkills Turkestan», республикалық «WorldSkills Kazakstan» чемпионаттарында, түрлі зияткерлік сайыстар мен олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, колледж мерейін үстем етуде.
Колледж спортшылары түрлі облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың, әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Техникалық және кәсіптік білім саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында серпінді жұмыстар атқарылуда.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру мақсатында білім алушыларға қолайлы жағдайлар жасау көзделуде. Шәкіртақының, жан басына шаққандағы қаржының ұлғаюы, жастардың бос жүрмеуін көздеу, белгілі бір маман иесі болып шығуына ықпал ету, еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілету – басты мақсат.
«Жас маман» жобасы аясында колледжіміз «IT» және «Қол өнер» мамандықтары бойынша республикалық деңгейдегі құзыреттілік орталықтар болып саналады. Аталған жоба аясында «3 D модельдеу және протиптеу», «Кибернетика, робототехника», «Бағдарламалық инженерия және Biq Data талдау» сияқты бірнеше кабинет-зертханалар ашылды.
Дуальды оқыту жүйесі арқылы білім алушыларымыз өңірдегі озық мектептер мен балабақшаларда, өнеркәсіп орындарында тәжірибелерін шыңдауда.
Педагог кадрларымыз білім сапасын арттыру мақсатында ғылым мен техниканың озық үлгісі болған мемлекеттердің тәжірибесін үйреніп, біліктіліктерін арттыруда. Түркия, Сингапур, Малайзия, Франция, Германия, Белоруссия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдердің оқу үдерісіндегі жаңашылдықтарды үйреніп, тәжірибе алмасуда.
Білім ордасы – талантты да талапты жастардың өзіндік айқындамасы бар, нағыз азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңіріп келе жатқан оқу орны.
Құрметті 9 және 11 сынып мектеп бітіруші түлектер және ата-аналар!
Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжі сіздерді 2025-2026 оқу жылына білім алуға шақырады. Шалғай қалалар мен аудандардан келетін білім алушылар жатақханамен қамтамасыз етіледі.
Құрметті талапкер!
Бәсекеге қабілетті, өз болашағына нық сеніммен қарайтын маман боламын десеңіз, таңдауыңыз бізде болсын!
Қазақ зиялысы Жүсіпбек сөзімен айтсақ, «Оқу, білім – жанған шырақ ойласаң, үйренерсің, іздеп көрсең – қалмасаң».
Біздің мақсатымыз – жастарды білім алуға шақыру, саналы білім, сапалы тәрбие беру, елдің жарқын болашағы жолында үздік еңбек ететін мамандарды дайындау.
Мира СЕЙЛБЕКОВА,
«Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжі» МҚКҚ әдіскері.
Түркістан облысында балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық әл-ауқаты – білім басқармасының тұрақты бақылауындағы маңызды мәселе. Қазіргі қоғамдағы күрделі өзгерістер балалардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған нақты және жүйелі шараларды қажет етеді.
Осы бағытта облыстық Психологиялық қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздік мәселелері» тақырыбында I тоқсан қорытындысына арналған әдістемелік мәжіліс өтті.
Жиынға өңірдегі психологтар, әлеуметтік педагогтар, білім бөлімдерінің әдіскерлері қатысты. Басқосуда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен жұмысты күшейту, мектепішілік есеп жүргізу, буллинг пен кибербуллингке қарсы әрекет ету, сондай-ақ, осындай жағдайларға тап болған балаларға дер кезінде көмек көрсету жолдары талқыланды.
Психологиялық қолдау орталығының директоры Оразкүл Қолдасованың айтуынша, әрбір білім беру мекемесінде психологтар мен әдіскерлер өз міндеттерін сапалы атқаруы тиіс және бұл жұмыстар қатаң бақылауға алынады.
-Семинарда талқыланған маңызды мәселе – әлеуметтік жағдайы төмен және жайсыз отбасылармен жұмысты жандандыру, мектепішілік есепке алуды жүйелі түрде жүргізу. Балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа, буллингке және кибербуллингке ұшыраған немесе оның куәгері болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтап, оларға тиісті көмек көрсету жұмыстарын жандандыру қажет. Сонымен қатар, білім бөлімдеріндегі психологиялық әдіскерлердің лауазымдық міндеттеріне сай сапалы жұмыс атқаруын қадағалау басшылық тарапынан бақылауға алынуы тиіс деген ұсыныс айтылды», – дейді «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» КММ директоры Оразкүл Қолдасова.
Айта кетейік, Түркістан облысында балаларды қолдау орталығы облыс әкімінің қаулысымен өткен жылдың шілде айында құрылды. Орталықтың басты мақсаты – балалардың, ата-аналар мен педагогтардың психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған бірыңғай жүйелі қызметті қалыптастыру.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ректорының гранты үшін «EKTU QUIZ» зияткерлік сайысы өтті.
Аталған шараның мақсаты – дарынды жастарды анықтап, олардың білім деңгейін көтеру және жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты арттыру.
Жарысқа Түркістан облысына қарасты 330 мектептен 1650 оқушы қатысып, 17 аудан мен қалада іріктеу кезеңдері өткізілді. Қатысушылар бірнеше кезеңнен өтіп, финалдық ойындарға жолдама алды.
Шараның ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, жас қатысушыларға сәттілік тілеп, жастарға артылатын үміттің зор екенін атап өтті. Сонымен қатар осындай мүмкіндік ұсынған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Сайыс қорытындысы бойынша Созақ ауданынан келген «Алгоритм» командасындағы 5 оқушы грантқа ие болып, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ бес команданың оқушысына ШҚТУ ректорының гранттары табысталды. Атап айтсақ, «IQ Energy» (Түркібасы ауданы), «125» командасы (Түркістан қаласы), О. Есімов атындағы мектеп (Келес ауданы), «Сайрам» командасы (Сайрам ауданы), «Қанат» командасының (Мақтаарал ауданы) қатысушылары жеңіске жетті.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Өскемен қаласының Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина құттықтау сөз сөйлеп, 10 оқушыға ШҚТУ ректорының грант сертификаттарын табыстады.
Біліктілікті анықтайтын сайыс соңында барлық қатысушы командаларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Алматов Ғалымжан Бауыржанұлы, журналистерді жинап баспасөз мәслихатын өткізген еді. Баспасөз мәслихатынан кейін БАҚ өкілдеріне Департаменттің ұлағатты ұстаздарға арналған “Ұлт келбеті – ұстаздар” атты галереямен таныстырды.
-Галерея педагог беделін насихаттап, келер ұрпаққа өнеге қалдыру мақсатында жасалған дейді Ғалымжан Бауыржанұлы
2024 жылы Түркістан облысында 498 білім беру ұйымына мемлекеттік аттестаттау жүргізілген. Оның қатарында 193 балабақша, 304 мектеп, 1 колледж бар. Нәтижесінде 32 балабақша, 49 мектеп мемлекеттік аттестаттаудан өткен. Бұл жайында Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов брифингте мәлімдеді.
«Облыстағы 441 білім беру ұйымында қайта мемлекеттік аттестаттау жүргізілді. Оның ішінде, 407 мекеменің білім беру қызметі – мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттық талаптарына сәйкес келіп, қайта аттестатталды. Сондай-ақ, 89 мектептің білім беру қызметімен айналысатын мемлекеттік лицензиясы уақытша тоқтатылды. Бұдан бөлек, департаментке 2024 жылдың есебі бойынша, «Е-Өтініш» порталы арқылы 328 өтініш түскен. Оның ішінде, 45 өтініш бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, заң бұзушылықтар анықталған. Оларға 39 нұсқама беріліп, 12 әкімшілік іс қозғалды»- деді спикер.