Түркістанда қала әкімдігі, «Оқушылар сарайы» — ЮНЕСКО клубы және халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «1 маусым – Балаларды қорғау күніне» орай «BalaDay – BalaLand» атты мерекелік іс-шара өтті. Аталған іс-шараға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық мәслихат депутаттары, қалалық «Әйелдер алқасының» төрайымы Ұлжан Мұстафаева, «Оқушылар сарайының» директоры Индира Икапова, сонымен бірге, ата-аналар мен балалар қатысты.
— Құрметті бүлдіршіндер, ата-аналар және ұстаздар қауымы, сіздерді жаздың алғашқы күнімен қатар келген «Балаларды қорғау күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! «Отан отбасынан басталады» дейтін болсақ, балалар сол әрбір жанұяның, еліміздің болашағы деп білемін. Осы орайда, барлық қиындыққа төзіп, ерекше балаларды өсіріп отырған ата-аналарға да айрықша алғыс білдіргім келеді. Әрбір бала дені сау, үлкен азамат болып өсе берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, — деді балаларды мерекемен құттықтаған қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Аталған іс-шара аясында балалар алдымен асфальт пен мольбертке сурет салып, аниматорлардың шоу-бағдарламасына қатысып, көңіл көтерді. Содан соң, мерекелік іс-шара «Оқушылар сарайында» тәлім алатын және қаладағы өзге де мектептерден келген жас таланттардың концертіне ұласып, қонақтар әсем ән тыңдап, арнайы сахналанған қойылымды тамашалады.
Сонымен қатар, мерекелік іс-шара аясында қала әкімі мен қонақтар ерекше балаларға сыйлық табыстап, барлық бүлдіршінге балмұздақ үлестірілді.
Созақ ауданына қарасты Шолаққорған және Таукент ауылындағы қос бірдей мұқтаж отбасыға тұрғын үй кілті табысталды. Аудан орталығындағы Тәкен Әлімқұлов атындағы мектеп лицей интернаты мен Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептерін бітіргеніне 20 жыл болған түлектер жаңа баспана тарту етті.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков игі іске ұйытқы болған түлектерге жылы лебізін білдіріп, игі іске ұйытқы болған түлектерді арнайы Алғыс хатпен марапаттады.
«Бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Маңайыңдағы адамдарға мейірімділік пен ізгілік таныту – адамгершіліктің белгісі. Қайырымды болу – адамның болмысына біткен ізгі амал. Еселі еңбектерімен елдің құрметіне, көптің ыстық ықыласына бөлене білген түлектерге шынайы алғысымды білдіремін»,- деді аудан басшысы.
Тарқата айтсақ, Шолаққорған ауылынан берілген жаңа үй асханамен және үйге қажетті тұрмыстық жабдықтармен қамтылған. Су, жылу сынды коммуналдық қызметтері жүргізілген. Жер учаскесі 15 сотықты құрайды. Арнайы шарбақпен қоршалып, қосалқы шаруашылықты дамытуға және бау-бақша өсіруге мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, Таукент ауылынан берілген баспанада қажетті жабдықтарымен қоса алынып, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
Осыдан 6 жыл бұрын елімізде алғашқы болып Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінің мектепті бітіргендеріне 20 жыл толған түлектері тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы отбасыға үй сыйлаған болатын. Игі дәстүрді кейінгі түлектерде жалғастырып, бүгін міне аталған Абай атындағы білім ошағы мен Б.Садықов мектебінің 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектері қосылып тағыда бір мұқтаж отбасыға аудан орталығынан 6 бөлмелі қорасы мен моншасы, сарайы қарастырылған баспана сыйлап отыр. Ортадан ақша жинап 8 млн. 6 жүз мың теңгеге алынған үйдің ішін қажетті жиһаз-техникалармен де ішінара жабдықтап берген.
Сауапты істі ұран қылған түлкібастықтар бұл жолы үйді Кемелбековтар отбасына табыстады. Отағасы, әйелі және қызының мүгедектігі бар отбасы осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген.
Игі шарада аудан әкімінің орынбасары Е.Орманов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Е.Қадырбек, округ әкімі Қ.Ахметов, ардагер ұстаздар мен аталған білім ордаларын бітірген түлектер сөз сөйлеп, баспаналы болған жас отбасыға ыстық лебіздерін білдірді.
Ауданның бас имамы Серік Мағазы да сауапты іске мұрындық болған жандарға ризашылығын білдіріп, өмірден өткен түлектердің сыныптастарының рухына құран бағыштады.
Шара соңында дәстүр бойынша 2003 жылғы мектеп түлектері эстафетаны 2004 жылғы түлектерге табыстады.
Осылайша киелі құт мекенде көпшілікке үлгі боларлықтай игі істер өз жалғасын табуда.