Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Н.Әбішов Кентау қаласына арнайы іссапармен барды. Мақсаты, қаланың жылумен қамту жұмыстарымен танысу.
Осыған дейін, дауылды жел соғып ауа-райының өзгеруінен және жылу құбырларындағы температураның төмендеуінен қала ішіндегі жылу құбырларында ақау пайда болып, тұрғындарды біршама әбігерге салғаны рас. Дегенмен арнайы бригаданың шұғыл әрекет етуінен жарылған құбырлар қалыпқа келтіріліп, жұмыс штаттық режимде жүруде.
Нұралы Әлмаханұлы бастаған облыстық мәслихат депутаттары Қалыйма Жантөреева, Талғат Садуов пен шаһар басшысы Жандос Тасов кенді қаланың тұрғын үйлерін бірге аралап, тұрғындарымен кездесті. Қалада жылу болмай, тұрғындар аязды боранда қиналып қалған. Алайда қала халқымен тілдесу барысында депутаттар жөндеу жұмыстары жедел жасалып, тұрғын үйлерде жылу қалыпты жағдайда тұрғанына көз жеткізді.
Осыдан кейін халық қалаулылары моноқаланың мектептерін аралап көрді. Қалалық емханаға да бас сұғып, емделушілердің жағдайын бақылады. Депутаттарға қала әкімі Ж.Тасов білім ошақтары мен емханада жылу беру қалыпты деңгейде жұмыс істеп тұрғанын айтты. Қазіргі таңда, мектептер мен балабақшалардың резервтік қазандықтарын қосу мәселесі қаралуда екен.
Айта кетейік, қаланың жылу орталығында соңғы рет күрделі жөндеу осыдан 10 жыл бұрын жасалған. Биыл демеушілер есебінен 4 қазандық жөндеуден өтті. Әлі екі қазандық толық жаңартылатын болады. Сонымен қатар, Кентау қаласындағы № 5 жылу электр орталығы қалыпты жұмыс істеп тұр. Жылу температурасы +57-ні көрсетсе, кері қайтару температурасы + 41. Барлық электр-жылу желілері қалпына келтірілді. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.