«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қорының белсенділері Үндеу-Манифест жасады

«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қорының белсенділері барша Қазақстан азаматтарына Үндеу-Манифест жасады.

Үндеу-Манифест «Әділдік және Өркендеу» Қорының негізгі құжаты. Құжатта қор белсенділері мен оның жақтастарын біріктірген қуатты әрі әділетті Қазақстанды құру қағидаттары ұсынылған.

Қазақстанның әр өңірінен жиналған белсенділер бұл құжатты бірнеше ай бойы түзді. Шамамен 250-ге жуық ұсыныстар мен түзетулер келіп түсті. Олардың барлығы мұқият қарастырылып, талқыланып барып, құжаттың қорытынды нұсқасына енгізілді.

«Біз үшін әділдік – даму мен өркендеудің іргетасы. Бұл жалаң сөз емес. Бұл ең алдымен, біз ұстанатын, қолдайтын және қоғамдық санаға сіңіретін нақты қағидалар», — делінген құжатта.

Атап айтқанда, олар — еңбек адамының құқығын қорғау, табыстың бөлінуіндегі әлеуметтік әділдік, заң алдындағы теңдік және өзге де біздің қоғамға дәл қазір қажет құндылықтар.

Қазақстанның әрбір тұрғынын біздің Қордың жұмысына қосылуға, қолдауға әрі онлайн Манифестке қол қоюға шақырамыз.

Біз бірлесе отырып қуатты әрі әділетті Қазақстанның болашағын құра аламыз!

Манифестің толық мәтіні:

https://share.kz/gnUo

 

Әлеуметтік мониторингке қатысуға шақырады

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры өнеркәсіп кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі жөніндегі әлеуметтік мониторингке қатысуға шақырады.
«Қарметтегі» проблемалар, «Қазақмыс» пен «Майқайың алтындағы» оқиғалар отандық кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін күшейту керектігін көрсетіп отыр. Бұл саладағы еңбек адамының құқығын қорғау үшін қоғамдық әрі сараптамалық бақылауды арттыру керек. Жүргізілетін мониторинг, тәуекелдердің алдын-алып, кәсіпорындардағы жазатайым оқиғалардан сақтануға мүмкіндік береді.
Біздің мақсатымыз – өнеркәсіптік кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі саласындағы күрделі мәселелерді анықтау.
Өнеркәсіптік кәсіпорындарының еңбеккерлері мен қызметкерлерін, қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы сарапшылар мен жұмыскерлер құқығын қорғаушыларды әлеуметтік мониторингке қатысуға шақырамыз. Мониторинг қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, кәсіпорын басшыларына, құзырлы мекемелер мен билік органдарына жіберіледі.
Өзіңіз жұмыс істейтін кәсіпорындағы еңбек пен техника қауіпсіздігінің сақталуын, басшылықтың бұл мәселеге қаншалықты назар аударатындығын, қоғамдық ұйымдар мен қадағалаушы органдардың өндірістік қауіпсіздік мәселесіне қатынасын (көзқарасын) бағалаңыз.
▶️Сауалнама мына жерде:
https://share.kz/ga9J

Әкімдер ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады

Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Бұл туралы Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Мемлекет басшысы еліміз жаңа инвестициялық кезеңді бастауға тиіс екенін мәлімдеді. Ол негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатқанына назар аударды. Басқаша айтқанда, экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін.

– Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек. Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек, – деді Президент.