ТАЗАЛЫҚ САҚТАМАҒАН ТҰРҒЫНДАРҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Сауран ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясының «Таза өлке» апталығы аясында тазалық сақтамаған тұрғындарға айыпұл салынып, рейдтік шаралар жүргізілді.

Тазалық жоқ жерде құт-береке де болмайды. Әр саналы азамат өзі тұратын жерді таза, көрікті болуына үлес қосуы керек.

Сауран ауданындп жыл сайын көктем мезгілі келісімен сенбiлiктер ұйымдастырылып, күл-қоқысты тазарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Аудан аумағын тазалау, тұрмыстық қалдықтарды, қоқыстарды шығару және бейқисап өскен шөптерді ретке келтіру жұмыстары да тұрақты жүргізуде.

Ауылдарды таза ұстау жағына келгенде, кемшін тұстар да жоқ емес. Мәселен, ауылды аралап көрсеңіз, әр жерде тау-тау үйілген иесіз күл-қоқыстарды көресіз. Ауылдың сұрқын қашырған бұл қоқыстар өздігінен жиналған жоқ, әрине. Ал, оны тазартуға келгенде тұрғындар дәрменсіздік танытады. Ол жұмысты жергілікті атқарушы биліктің мойнына арта салады. Шынында, ауыл бәріне ортақ. Сондықтан да бұл мәселеге бәріміз де жауаптымыз деп түсінген абзал.

ТҮЛКІБАСТАН АҚТӨБЕГЕ 28 ТОННА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖӨНЕЛТІЛДІ

Қазақстан халқы Ассамблеясының Түркістан облысындағы этномәдени бірлестіктері су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына белсене көмек көрсетуде. Осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Түлкібас аудандық өзбек этномәдени бірлестігі қайырымдылық шарасына өз үлестерін қосты.

Аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің бастамасымен және Рысқұлов ауылдық округі, Азаттық елдімекеніндегі тұрғындардың атсалысуымен 1 жүк көлігіне тиелген 28 тонна гуманитарлық көмек бүгін Ақтөбе облысына жөнелтілді. Аталған жүк көлігінде азық-түлік, санитарлық тазалыққа және құрылысқа қажетті заттар бар.

ТҮЛКІБАСТА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Түлкібас — тұмса табиғаты көз тартарлық, әсем өлке. Жасыл желегі алып таулармен жалғаса жатқан Жер Анасы да ешбір өлкеге тең келе алмайтындай құнарлы, сұлу. Ал, әдемі өлкенің ажарын кіргізіп әсем ететін де, келбетін қашырып сұрықсыз ететін де тазалық екені бәрімізге аян.

Осыған орай республикалық «Таза Қазақстан» акциясының «Таза өлке» апталығы аясында аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтың тапсырмасына сәйкес, елді мекендердегі арық-атыз, аула, көшені тазартып, қоқыс-қалдықты шығару жұмыстары ауданның 15 ауылдық округ, кентте жүргізіліп, акцияға белсенді 200 волонтер, 250 жастар, жалпы 450 адам қатысты. Жалпы тазалық жұмыстары барысында 30 тонна күл қоқыс шығарылды. Әр азамат ауласын, көшесін қоқыстардан тазартса бүкіл аудан гүлденеді, тазарады. Өлкеге жаңа леп пен ажар енетіні сөзсіз. Сондықтан тазалықты сақтап, ағаш егіп, әрбір тұрғын өз ауласына гүл, ағаштар отырғызу әр азаматтың борышы екендігі тұрғындар арасында түсіндірілді.