ТӨЛЕБИДЕ «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 11 НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

Ауылдардың инфрақұрылымы мен әлеуметтік жағдайын жаңғыртып, қазақстандықтардың жергілікті жерде жұмыспен қамтылуына қатысты идеологияны қалыптастыруға арналған «Ауыл – Ел бесігі» жобасының жүзеге асып келе жатқанына 5 жыл болды. Бұл жоба Түркістан облысында сәтті жүзеге асырылуда.

Ауылдардың жағдайын жақсартып, ауыл халқының тұрмыс деңгейін көтеру үшін қолға алынған жоба Төлеби ауданында кеңінен жүзеге асып келеді. Елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдар жетілдірілуде. Бұл жоба биыл да жалғасын тауып, 723 млн теңгеге 11 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Биыл ауданда бірде — бір мәдениет ошағы жоқ Киелітас ауылдық округінде 146 орындықты Мәдениет үйі мен Көксәйек ауылдық округінде спорт кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру жоспарлануда.

Сондай-ақ 8 елді мекенге электр желілері жүргізіліп, трансформатор орнатылады. Жалпы, ұзындығы 7,5 шақырымды құрайтын 5 көшенің жолын орташа жөндеуге 159,1 млн теңге қарастырылды.

Айта кетерлігі, 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Момынай елді мекенінде Мәдениет үйінің, Бірінші Мамыр елді мекенінде заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешенінің және футбол алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 1 МИЛЛИОННАН АСТАМ ТАЛ КӨШЕТІН ОТЫРҒЫЗУ ЖОСПАРЛАНҒАН

2024 жылы Түркістан облысында жалпы 1 038 870 түп түрлі тал көшетін отырғызу жоспарланған. Оның 522 935 данасы — көктем айларында егілсе, күз айларында — 515 935 дана көшет егілмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы аясында 2021-2025 жылдар аралығында облыста 1,5 миллион көшет отырғызу көзделген.

Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының елді-мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Аталған іс-шара аясында өңірдегі 852 елді мекеннің шамамен 90% көгалдандыру үшін 4 млн-нан астам көшет егу жоспарланған. Бұл жайында Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуәлиев брифингте мәлімдеді.

Сондай-ақ, басқарма басшысы республикалық «Таза Қазақстан» экоакциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында біршама жұмыстардың атқарылатынын жеткізді.

-«Жасыл аймақ» апталығында атқарылатын жұмыстар негізінен елді мекендерді тазалау, әктеу, сырлау, көшет егу, ағаш бұталау, түптерін қопсыту, суару жүйелерін реттеу, қоршауларын қалпына келтіру бағытында жүргізіледі. Бір күнде бір гектар орман — ауадан 120-280 келі көмірқышқыл газын сіңіріп, 180-200 келі оттегін шығарады. Тіпті бір ағаш — 3 адамның тыныс алуына жеткілікті оттегін бөледі. Жүргізіліп жатқан көшет егу жұмыстары өңіріміздің экологиясын жақсарту, тұрғындардың денсаулығын түзеу бағытында үлкен маңыздылыққа ие-, деді Қайрат Амангелдіұлы.

Сонымен қатар, өткен «Киелі мекен» апталығының қорытындысын Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков баяндады.

-15-20 сәуір аралығында өткен апталық кезінде облыс көлемінде 22 мыңнан астам азамат атсалысып, 496 техника тартылды. Жалпы 226 көлемді іс-шаралар өтті. Нәтижесінде облыстағы 1 410 көшенің бойлары тазаланып, 7 816 дана ағаш отырғызылды. 16 508 дана ағаш әктеліп, 40 024 шаршы метр аяқжолдар тазаланды. Сондай-ақ, 346 саябақ пен скверлер, 244 балалар және спорт алаңшалары ретке келтірілді. 176 шақырым көпір, өзен-каналдар мен бұлақтардың арналары, 517 көпқабатты тұрғын үй аумақтары мен аулалары, жертөлелері тазаланды»- деді.

ШАРДАРАЛЫҚ 9 ОҚУШЫ РОБОТОТЕХНИКА БОЙЫНША ИСПАНИЯДАҒЫ ЖАРЫСҚА ЖОЛДАМА АЛДЫ

Жуырда Түркия мемлекетінің Анталья қаласында өткен халықаралық “Robotex Turkiye 2024 ” робототехника сайысы өтті.

Айтулы сында Түркістан облысы, Шардара ауданының Мәулен Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатының “Shardara team” робототехника командасы Азияның түкпір-түкпірінен келген 34 команданың арасында өткен білім бәйгесінде “Lego Sumo” категориясы бойынша ІІІ орынды қанжығасына байлады.

Информатика пәнінің мұғалімі Маржан Саудабаеваның баптайтын команда Испанияда өтетін жарысқа жолдама алды.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА САУРАНДА 9 МЫҢҒА ЖУЫҚ ГҮЛ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

 

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында бүгін Сауран ауданы әкімдігінің аумағы көгалдандырылды. Аймаққа арнайы топырақ пен органикалық тыңайтқыш көмегімен көпжылдық 400 дана роза және 8500 дана бегоня, циния, ганцания және бархитца секілді гүл түрлері отырғызылды.

Экоакцияның үшінші «Жасыл аймақ» апталығында аудан аумағында көгалдандыру жұмыстарымен қатар, тазалық, әктеу-сырлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іс-шарада түрлі-түсті гүлдерден бөлек, талдар да отырғызылды. Аймақты жасыл желекке ораған «Таза Қазақстан» экоакциясы бұл жұмыстарға айрықша серпін беріп, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, экоакция басталған күннен бүгінге дейін Сауран ауданындағы 117 көше бойлары тазаланып, 24 саябақ пен аллеяда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Екі мыңға жуық ретсіз өскен бұталар қырқылып, талдардың түптері әктелді. Жалпы ұзындығы 42,7 шақырым аяқжолдар тазаланып, саябақтар және скверлер ретке келтірілді. Көпірлердің, өзендердің, каналдар мен бұлақтардың 11,3 шақырым арналары мен 32,1 шақырым ирригация жүйелері тазаланды. Сонымен қатар 4700-ге жуық көшет отырғызылып, 597,5 тонна қоқыс шығарылды.

ОРДАБАСЫДА ФЕЛЬДШЕРЛІК-АКУШЕРЛІК БЕКЕТ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам елді мекеніндегі Дербес ауылының тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ауылда заманауи үлгідегі фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Енді тұрғындар ем іздеп, аудан орталығына бармай, дертіне шипаны Дербес фельдшерлік-акушерлік бекетінен табады. Аталған нысанның құрылысы 2023 жылы басталған.

Фельдшерлік-акушерлік бекетте фильтр, әйелдер бөлмесі, егу бөлмесі, емшара бөлмесі, қабылдау бөлмесі бар.

Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Баласағұн Асым, аудандық аурухананың басшысы Болатхан Салыбекұлы қатысты.

«Құрметті ауыл тұрғындары! Сіздерді барлық жағдайы жасалған, заманауи үлгідегі бекеттің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Медициналық нысан ауылдағы екі мыңнан астам тұрғынға сапалы, тиімді медициналық көмек көрсетеді деп сенемін. Денсаулығына жиі шағымданатын тұрғындар үшін бұл үлкен қуаныш», деді аудан әкімі Азат Оралбаев.

Жалпы, ауданда 51 емдеу мекемесі бар болса, оның 38-і – ФАП. 2023 жылы 5 ФАП пайдалануға берілсе, биыл 2-еуі ел игілігіне табысталмақ.

Шардарада өзекті мәселелер талқыланды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов Шардара ауданына арнайы жұмыс сапарымен барды. Аудандағы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлік нысандарын аралады. Жергілікті кәсіпкерлермен жүздесіп, оларға мемлекеттік бағдарламалар беретін мүмкіндіктер туралы айтты. Алдымен ауданда тамшылатып суару әдісін пайдаланып, жүгері егуге ниет білдірген түрік инвесторларымен кездесті. Инвесторлармен зауыт ашу мәселесі талқыланды.

Осы ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 2024 жылғы 19 сәуірде Шардара ауданы тұрғындарымен кездесті. Өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды. Халықпен кездесуден соң өңір басшысы облыстық мәслихат төрағасымен және жауапты басқарма, бөлім басшыларымен бірге жеке қабылдау өткізді. Мәселені қалай шешу керектігін айтып, жолдары мен жүйесін түсіндірді. Тұрғындардың жекелеген сұрақтарына жауап берді.

Сапар аясында, Жаушықұм ауылдық округінде орналасқан «Тұрар» шаруа қожалығында болып, қожалықтың тамшылатып суару әдісін пайдалану бойынша жұмысымен де танысты. Сонымен қатар, Шардара қаласындағы және Алатау батыр ауылдық округіндегі «Шебер» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тігін фабрикасымен ауданға қарасты Ұзыната ауылдық округінде орналасқан тұрақты тұқымбаққа арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. 15 гектар тәлімбақта 2 млн 300 түп көшет өндірілуде.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кәсіпорындардың санын арттыру керектігін айтып, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әлеуметтік осал топтары мен жастардың әлеуметтік жағдайын көтеру қажеттігін тапсырды. Кәсіпкерлермен кездескен өңір басшысы аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдауды күшейтуді тапсырды.