Архив рубрики: Денсаулық

ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА СПОРТТЫҚ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Түркістан қаласында заман талабына сай жаңа «A.B.L.» фитнес орталығы ашылды. Қуанышты сәтке облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жұртшылықты құттықтады.


– Түркістан – тек рухани астана ғана емес, сонымен қатар спорт орталығына айналып келе жатқан өңір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірімізде спорт инфрақұрылымының халыққа қолжетімділігін арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, былтыр жалпы құны 73 спорт нысанының құрылысы аяқталса, ал биыл 54 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың қатарында елімізде теңдесі жоқ екі ірі жоба – ипподром мен ескек есу каналы бар. Бұл – спортты дамытуға және ұлт денсаулығын нығайтуға бағытталған мемлекетіміздің берік ұстанымының айқын көрінісі. Біз тек спорттық нысандарды салып қана қоймай, олардың тиімді жұмыс істеуіне және тұрғындар үшін қолжетімді болуына ерекше мән беріп келеміз. Бұл кешен – Түркістан қаласы тұрғындарының денсаулығын нығайтып, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыратын маңызды орынға айналатынына сенімдімін, – деген облыс әкімі қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен жүйелі түрде айналысуға шақырды.

Заманауи талаптарға сай салынған фитнес орталығында спортпен шұғылдануға, саламатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалған. Жаттығу залдары, волейбол және жекпе-жек залы бар. Сонымен бірге бассейн және өзге де дене шынықтыруға қажетті құрылғылармен, бөлмелермен қамтылған.

МЕЙІРГЕРЛЕР КҮНІ: ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРТА БУЫН МАМАНДАРЫНЫҢ РӨЛІ МЕН МӘРТЕБЕСІН АРТТЫРУ ТУРАЛЫ

Бүгін, 12 мамыр, Қазақстанда және бүкіл әлемде Халықаралық мейіргер күні – 141 елдің мейіргерлер қауымдастығын біріктіретін кәсіби мереке атап өтілуде.

Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 190 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері, олардың 146 мыңнан астамы – мейіргер жұмыс істейді, ал ауылдық жерлерде шамамен 55 мың маман еңбек етуде.

Соңғы жылдары еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде мейіргерлердің рөлі едәуір артты. Қызмет аясын кеңейту және өкілеттіктерді беру арқылы мейіргерлер медициналық көмекті командалық үлгіде көрсету жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды.

Бұл дәрігерлердің жүктемесін азайтуға, пациенттер ағынын тиімді үйлестіруге, сондай-ақ медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Бүгінде кеңейтілген практика мейіргерлері өз бетінше келесі қызметтерді атқарады:
• пациенттерді бастапқы қабылдау және динамикалық бақылау;
• медициналық құжаттар мен электрондық жазбаларды жүргізу;
• дәрігердің тағайындауы бойынша ақпараттық жүйелер арқылы тегін рецепт жазу;
• пациенттер ағынын реттеу және сұрыптау, қабылдауға жазу;
• активтерді тіркеу және тұрғындарды МСАК ұйымдарына тіркеу.

Мейіргерлердің жауапкершілік саласына сонымен қатар:
• диспансерлік есептегі пациенттермен жұмыс;
• созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы және әмбебап-прогрессивті патронаж моделі шеңберінде консультация беру, оқыту және патронаж;
• вакцинациялау мен скринингтерді қоса алғанда профилактика шаралары;
• медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейдегі халықтың денсаулығын нығайтуға қатысу жатады.

Денсаулық сақтау министрлігі мамандарды даярлаудың сатылы жүйесін енгізді: стандартты деңгейден бастап мамандардың құзыреттеріне қойылатын талаптарға сәйкес келетін «бакалавриат – магистратура – докторантура» академиялық дәрежелеріне дейін.

Қазақстанда мейіргерлерді 94 медициналық колледж даярлайды, оның ішінде 22-сі – мемлекеттік, 72-сі – жекеменшік. Олардың 39-ы – жоғары медициналық колледж мәртебесіне ие.

Жыл сайын елімізде 23 000-нан астам жалпы бейінді маман даярланады, ал соңғы алты жылдың ішінде қолданбалы бакалавриат дипломы бар 20 000-нан астам мейіргер денсаулық сақтау мекемелеріне жұмысқа орналастырылды.

Мейіргер ісін дамыту жұмыстарын үйлестіру мақсатында еліміздің 20 өңірінде өңірлік үйлестірушілер тағайындалды. Олардың қатарында – практикалық денсаулық сақтау саласының, білім беру ұйымдарының және басқару органдарының өкілдері бар.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі барлық мейіргерлерге халықтың денсаулығын сақтау ісіне қосқан баға жетпес үлесі, біліктілігі, жанашырлығы мен адалдығы үшін шын жүректен алғыс білдіреді. Тек мейіргерлер ғана әрқашан пациенттің жанынан табылады, өмірдің ең қиын әрі жауапты сәттерінде қолдау көрсетеді.

Кәсіби мерекеге байланысты 14-16 мамыр күндері Түркістан қаласында «Мейіргер қызметінің инновациялары мен даму перспективалары» атты халықаралық форум және Қызылорда қаласында «ҚР-да тәуелсіз мейіргер ісінің ең үздік практикаларын енгізу» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1,7 МЛН АЗАМАТ МӘМС ЖҮЙЕСІНДЕ САҚТАНДЫРЫЛҒАН

Бұл туралы брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов мәлімдеді.

«Түркістан облысы бойынша 2024 жылы денсаулық сақтау саласындағы Қор арқылы ТМККК мен МӘМС аясында келген бюджет көлемі– 235,9 млрд теңгені құрады. Оның ішінде, МӘМС пакетіне – 117,7 млрд теңге, ТМККК пакетіне – 118,2 млрд теңге. Жалпы өткен жылы облыс тұрғындарына 184 медициналық ұйым қызмет көрсетті. Оның 141-і жекеменшік мекеме. Бүгінде Түркістан облысы бойынша 1,7 млн тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Атап өтерлігі, МӘМС қаржысы есебінен стационарлық медициналық көмекке – 35,5 млрд теңге, консультативті–диагностикалық қызметтерге– 15 млрд теңге, жоғары технологиялық оталарға – 978,2 млн теңге, медициналық оңалтуға–7,6 млрд теңге, стоматологиялық қызметтерге – 4,8 млрд теңге, амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 16,8 млрд теңге жұмсалған. Сондай-ақ, тұрғындар бейінді мамандардың күнделікті қабылдауы, түрлі анализдер мен КТ, МРТ сияқты диагностикалық қызметтерді алды. Мәселен, өткен жылы өңір халқы құны 2,5 млрд теңге тұратын 151 мың МРТ және КТ қызметін алған»,- дейді Бақыт Торғайбайұлы.

Спикердің сөзінше, облыста МӘМС есебінен жүйесінде сақтандырылған азаматтарға оталар тегін жасалады. Оның ішінде, 4,2 млрд теңгеге 3 мыңнан астам кардиохирургиялық операция, 2,3 млрд теңгеге 1000-нан астам нейрохирургиялық ота, 419,8 млн теңгеге 1000-ға жуық лор бейіні бойынша ота мен электромагнитті есту аппараты орнатылған. Сонымен қатар, 235,6 млн теңгеге 100-ден астам тізе және шат буындарын ауыстыру отасын, 916,8 млн теңгеге 1000-нан астам тамыр және нейротамыр отасын, 80,4 млн теңгеге 16 рет бүйрек және бауыр трансплантациясы жасалды. Бір отаның құны шамамен 5-10 млн теңгені құрайды.

ЖЕТІСАЙЛЫҚТАР ЧЕМПИОНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Жетісай ауданының спортсүйер азаматтары классикалық белбеу күресінен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Әлем чемпионы Біржан Шаймерденге құрмет көрсетіп, ағайын-туыстары тұлпар мінгізді. Ауыл ақсақалдары баталарын беріп, алдағы дүбірлі додаларда жеңіс тіледі.
Шараға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Талғат Қаржауов, Жетісай аудандық мәслихатының төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, чемпионның ағайын-туыстары мен ел ағалары қатысты.
Шаймерден Біржан Ыдырысұлы 1996 жылы ОҚО, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласында дүниеге келген. 2002 жылы Жетісай қаласындағы «Ю.Гагарин» атындағы мектеп табалдырығын аттап, 2008-2010 жылдары Астана қаласындағы «Қажымұқан Мұңайтпасов» атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатында, 2010-2013 жылдары аралығында Жетісай аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің грек-рим күрес бөлімінде аға жаттықытушы Қанат Сүлейменовтың қол астында жаттыққан. 2014-2018 жылдары Астана қаласындағы «С.Сейфуллин» атындағы Қазақ Агротехникалық университетінде оқыған.
Спорттық мансабында Біржан Ыдырысұлы 2015 жылы грек-рим күресінен ҚР универсиадасының қола жүлдегері, белбеу күресінен ҚР 7 дүркін чемпионы, 2020 жылы Иран елінің Тегеран қаласында өткен Иран ұлттық күресінен Әлем чемпионы, 2023 жылы Бішкек қаласында өткен белбеу күресінен Гран-при турнирігің қола жүлдегері, Краснодар қаласында өткен Әлем кубогінің қола жүлдегері, 2024 жылы Ресей Федерациясының Казань қаласында өткен Белбеу күресі турнирінде Әлем чемпионы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атақтарының иегері. ҚР Спорт және Туризм министрі Ербол Мырзабосыновтың жарлығымен өткен жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
«Спорт – тек дене шынықтыру мен белгілі бір нормативті орындайтын сала ғана емес, сонымен қатар, тәрбие құралы. Жастарды төзімділікке, табандылыққа, достық қарым-қатынасқа, алдына қойған мақсаттарына жете білуге дағдыландыратын күш. Бүгінгі сенің жеткен жетістіктерің үлкендер үшін мақтаныш болса, ізіңнен ерген інілерің үшін үлгі» деген аудан басшысы спортшы мен атасы Шаймерден ақсақалға сый-сияпат жасады.

РЕТТЕУДІҢ ЖАҢА ТЕТІГІ ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫҢ БАҒАСЫН ТӨМЕНДЕТУГЕ МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Қазақстанда ТМККК, МӘМС шеңберінде ем алатын пациенттерді қамтамасыз ету үшін  және дәріханалардың бөлшек сауда желісінде сатылатын препараттардың шекті құнын төмендетуді көздейтін дәрілік заттардың бағасын реттеудің жаңа тетігі жұмыс істейтін болады, деп хабарлады Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингі барысында.

Дәрі-дәрмектің шекті құнын төмендету құралдарының бірі бұрын дәрі-дәрмектің құнына енгізілген қосымша шығыстарды алып тастау болады: маркетинг (30%-ға дейін), көлік (15%-ға дейін) және сапаны бағалау шығындары.

Үстеме бағалардың регрессивті шкаласын қайта қарау нәтижесінде оларды қолдану шегі айтарлықтай төмендеді: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде олар 20%-ға дейін, көтерме сату үшін – 25%-ға дейін, ал бөлшек сауда үшін – 30%-ға дейін (бұрын 55%-бен салыстырғанда).

Реттеу, шекті бағалар мен үстеме бағаларды қалыптастыру қағидаларының жаңа редакциясында генериктерге бағаны бастапқы дәрілік зат бағасынан 30 %-ға төмендету көзделген.

Егер бастапқы препарат нарықта болмаған жағдайда, отандық аналогтың шекті құны импортталатын дәрілердің орташа бағасынан аспауға тиіс. Мұндай саясат бәсекелестікті ынталандыруға және барлық тараптар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ете отырып, отандық өндірушілер үшін жағдайларды жақсартуға мүмкіндік береді.

Жүйенің ашықтығын арттыру үшін мемлекеттік ақпараттық порталдармен, атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер комитетімен интеграция енгізілетін болады. Бұл шара дәріханалардың кедендік декларациялары мен кассалық чектерінің деректерін мониторингтеу арқылы дәрілік заттардың бағасын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, референттік елдердің тізімі қайта қаралды: 16-ның орнына Түркия, Ресей, Польша, Беларусь және басқалары сияқты экономикалық жағынан салыстырмалы 10 мемлекет кіреді. Бұл әлемдік тәжірибені ескере отырып, бағаларды дәлірек және өзекті талдауға мүмкіндік береді.

Ержан Нұрлыбаев атап өткендей, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы заңнамалық бастамалардың негізгі міндеті – бұл дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуін тежеуге, нарықтың ашықтығы мен әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін баға белгілеудің тиімді тетіктерін қалыптастыру.

Вице-министр сондай-ақ фармацевтикалық нарықта дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі монополияға қарсы органмен бірлесіп, Жол картасы шеңберінде көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін дәрілік заттардың бағасын кезең-кезеңімен реттеу жөніндегі іс-шаралар жүргізіліп жатқанын еске салды. Осылайша, 2023 жылы бәсекелестік ортаға рецептсіз сатылатын дәрілік заттардың 302 атауы, ал 2024 жылы – рецептсіз сатылатын дәрілік заттардың 952 атауы шығарылды.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-247/2020 міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға шекті бағаларды және үстеме бағаны реттеу, қалыптастыру қағидаларына тиісті өзгерістер (бұдан әрі – Қағидалар) қазірдің өзінде ҚР Денсаулық сақтау министрінің 25 желтоқсандағы № 110 бұйрығымен бекітілген.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 270 МЫҢНАН АСТАМ АДАМҒА ТҰМАУ МЕН ЖРВИ-ГЕ ҚАРСЫ ЕКПЕ САЛЫНДЫ

Түркістан облысында 2024 жылы тұмау мен ЖРВИ-ға қарсы 271 348 дана «Гриппол+» екпесін тұрғындарға егу жұмыстары жүргізілді. Жалпы өңір тұрғындарының 12,9%-на екпе егілген. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов мәлімдеді.

«Түркістан облысы бойынша 2024-2025 жылдардағы эпидемиялық маусымда 9 қаңтарға дейін ЖРВИ-дің 125 804 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 69 142 жағдай, 1 жасқа дейінгі балаларда – 9985, жүкті әйелдерде – 7143 ЖРВИ аурушаңдығы анықталды. Жалпы инфекциялық ауруларға, әсіресе ЖРВИ мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақсыздығымен сипатталатыны жасырын емес. Аурушаңдық кез-келген уақытта тез көтеріліп, асқыну жағдайы орын алуы ықтимал. Бұған еліміздің алыс-жақын шетелдермен, оңтүстік-шығыс Азия елдерімен саяси-экономикалық, туристік қарым-қатынастың белсенді дамуы өз ықпалын тигізетіні айқын», – дейді спикер.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды қазіргі таңда аймақтағы эпид ахуал туралы баяндады.

«Қазіргі таңда облыс бойынша 685 инфекциялық төсек-орын бар, оның ішінде ересектерге арналған – 240, балаларға арналған – 445. Бүгінгі күні инфекциялық төсек-орында жатқан науқас саны – 486, оның ішінде ересектер саны – 199 болса, жүті әйелдер – 66, сондай-ақ 221 бала тіркелген», – деді Бауыржан Нұрланұлы.

Жедел жәрдем көлігіне кілем тиеген

Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері жедел жәрдем көлігіне кілем тиеп жатқанын көрсететін видеоға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Видео Telegram-дағы “Жалобы Астана” арнасында жарияланды. Кадрда екі ер адамның жедел жәрдем көлігіне кілем тиеп жатқаны көрсетілген. Видео сипаттамада кадрлар Астананың орталық базарында түсірілгені жазылған. “Міне, халқым, біз күтетін жедел жәрдем қайда жүргенін қараңыздар. Бұл енді сұмдық”, – делінген жазбада. Елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері KAZ.NUR.KZ тілшісіне болған жайтқа қатысты түсініктеме берді. Ведомство өкілдері видеоға түсірілген көлік “Қалалық психикалық денсаулық орталығындағы” мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының балансында екенін айтты. “Жүргізуші шаруашылық басқармасы басшысының тапсырмасымен Орталық базар аумағына бұрын балалар бөліміне сатып алынған тұрмыстық заттарды (кілемдерді) тиеу үшін барды”, – деп хабарлады қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері. Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, оның барысында қызметтік көліктерді пайдалануға жол берілмейтіні анықталды. “Жүргізуші мен шаруашылық басқармасы басшысы қатаң сөгіс беріліп, тәртіптік шаралар қолданылып, профилактикалық әңгімелер де жүргізілді”, – деді ведомстводағылар.

ТҮРКІСТАНДЫҚ ДӘРІГЕР «ЖАҚСЫ АДАМ-2024» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Жақсы адам-2024» сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өткен болатын. Биыл арнайы сыйлықпен Созақ ауданының тұрғыны, саналы ғұмырын ауыл медицинасына арнаған абзал жан Бүркіт Арынбеков марапатталды.

Көптің ыстық ықыласына бөленген дәрігер Созақ ауданы, Құмкент ауылының тумасы. Ол ғұмырының 58 жылын медицинаға арнап келеді. Осы аралықта жалпы саны 10 мыңнан аса ота жасаған хирург. Бүркіт Арынбеков дәрігерлік жолында шалғай ауылдағы бөлімшелік ауруханада күрделі ота жасап, науқасты аман алып қалған. Сондай-ақ, босану кезінде ана мен бала өміріне қауіп төніп, екеуінің де жанын ажалдан арашалаған. Бүгінде ол білгенін Созақ аудандық орталық ауруханасында жас мамандарға үйретіп, оталарға бірге кіріп, тәжірибесімен бөлісіп жүр.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Телерадиокешені, «Jibek joly» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі шара биыл үшінші мәрте өткізіліп отыр.

ЖОЛДАУ: САУРАНДА АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА АРНАЛҒАН ҚОС МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек»- деген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданында қос медициналық нысан пайдалануға берілді. Шаға ауылдық округі, Шаға елді мекенінде фелдьшерлік акушерлік бекеттің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

Шараға Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, аудандық емхананың бас дәрігері Бахыт Стамқұлов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Медицинанлық нысанның ашылуына қатысқан ауыл тұрғындары облыс, аудан басшылығына өз тараптарынан алғыстарын білдіріп, игі тілектерін жеткізді.

Сондай-ақ, ауданға қарасты Оранғай ауылдық округі, Бостандық елді мекенінде де фельдшерлік акушерлік бекеттің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Қос нысанның ашылуы аудан тұрғындарын ерекше қуанышқа бөлеп, емдік шараларды енді облыс орталығына барып қабылдамай-ақ, өз ауылдарында алуға мүмкіндік туғанына ризашылығын білдірді.

Ұрпақ денсаулығы – ұлттың саулығы

Адамзат денсаулығын сақтаудың басты шарты – дұрыс тамақтану. Сондықтан тамақтануға ерекше көңіл бөлген жөн. Тамақтың құрамының құндылығы басты назарда болғаны дұрыс. Тиімді, дұрыс тамақтану денсаулықты сақтауға, организмнің қалыпты өсуі мен дамуына, жұмыс қабілетінің жоғарылауына және организмнің қоршаған ортаның әртүрлі жағымсыз әсеріне қарсылығын күшейтуге ықпалын тигізеді. Әсіресе, «Ұрпақ денсаулығы – ұлттың саулығы»- демекші, дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін – оны назардан тыс қалдыруға болмайды.

Дәл осы мақсатта, Жетісай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары “Қоғамдық тамақтану обьектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар” санитариялық қағидаларын бекіту туралы ” ҚР ДСМ -нің 2022 жылғы 17 ақпандағы N ҚР ДСМ-16 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы ҚР ДСМ-нің м.а 2023 жылғы 4 сәуірдегі N 58 бұйрығы мектеп асханасындағы астан уланудың алдын алу мәселесі бойынша» аудандағы білім ордаларының асхана қызметкерлері арасында семинар өткізуде.

« – Жалпы мектеп оқушыларының дұрыс тамақтануы мен денсаулығы, олардың дұрыс өсіп жетілуі бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Күнделікті тамақтың сапасы мен берілу мөлшері мектептік құрылған бақылау топтары мен мектеп медбикесі тарапынан бақылауға алынғануы тиіс. Сонымен қатар тамақтың сапасын анықтап отыру мақсатында бракераждық комиссия құрамы құрылған. Комиссия құрамындағылар айына екі рет асхана тамағының сапасын тексереді және тексеру нәтижесінде акт толтырылады. Айына бір рет тамақтану мен тамақ пісіру орнына тазалық жасалынып, дезинфекцияланып отыру көзделіп, іске асуы керек. Мектеп асханасында ұсынылатын тағамдардың сапасы нормативке сай, ыстық тағамдар түрі күнделікті өзгеріп отыруына назар аударыңыздар. Мектеп оқушыларын таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндетті. Оқушыларға мектеп асханасынан қайнатылған су тұтынылу тиіс. Дұрыс тамақтану бойынша, айтылған ережелерді орындай білген адамдардың ғана денсаулығы берік бола алады. Сондықтан да дұрыс тамақтану – әр адамның болашағы және ұрпақ денсаулығы – ұлттың саулығы екенін ұмытпаған жөн.» – деді мамандар.

Расында дұрыс тамақтану адамның өмірлік қажеттігі және денсаулық кепілі. Ас-адамның арқауы, ағза дене жүктемесінде ғана емес, тыныштық жағдайында да шығындайтын қуат көзі. Дұрыс тамақтану жүрек-қантамыр, асқазан-ішек жолдары, қантдиабеті, остеопороз, онкологиялық аурулардың алдыналу үшін, сыртқы орта әсеріне қарсы тұру үшін, ағзаның жұмысқа қабілеттілігін арттыру үшін, белсенді ұзақ өмір сүру үшін қажет. Салауатты тамақтану және жоғары дене белсенділігі, спорт пен шұғылдану, күйзеліс пен күресе білу, темекіден, ішімдіктен бас тарту жолымен салауатты өмір салтын ұстану арқылы аурулардың алдын алып, денсаулықты және тартымды келбетті сақтап, сұлу да сымбатты, тәні мен жаныжас, белсенді болып жүруіңізге болады.