Ұлы Отан соғысының қатысушыларына – 1 500 000 теңгеден берілді

Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3 654 Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар тұрады. Оның ішінде 11-і ҰОС ардагері, 121-і ҰОС-ң қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер, 3510-ы тыл еңбеккерлері мен қайтыс болған соғыс ардагерлерінің әйелдері. Өңірдегі 3 654 ардагерге бір реттік материалдық көмек берілді. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына – 1 500 000 теңге, кәмелетке толмаған соғыс тұтқындарына – 100 мың теңге, блокадалық Ленинградтың тұрғындарына – 60 мың теңге, тыл еңбеккерлеріне – 30 мың теңге берілді. Сонымен қатар, ҰОС ардагерлеріне облыс әкімінің атынан құттықтау адресаттары табысталды. Мерекеге орай облыстағы кітапханалар мен музейлерде соғыс ардагерлеріне арналған көрмелер мен еске алу шаралары өткізілмек. Одан бөлек, Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында «Күтпеген кездесу» спектаклі қойылады. Сондай-ақ, патриотизмге баулу мақсатында әр аудан мен қалалардың орталық көшелерінде cоғыс ардагерлерінің суреттерімен билбордтар орналастырылады»,- деді Әсия Құралқызы.
 
Басқарма басшысының сөзінше, мерекеге орай денсаулық сақтау саласы тарапынан 500-ге жуық ардагердің үйінде медициналық қызмет көрсетілді. Одан бөлек, облыстағы «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйінде жыл сайын 8000-ға жуық жекелеген санаттағы азаматтар емделуде. Сонымен қатар, ардагерлердің үйіргелік ауласын тазалау, жерін аудару жұмыстары да жүргізілуде. Аудан-қала әкімдіктеріндегі мектеп пен саябақтарда орналасқан 100-ден астам ескерткіштерге тазалық жұмыстары жүргізілді.
Айта кетсек, жалпы Түркістан облысынан Ұлы Отан соғысына 140 мыңнан астам азамат аттанып, оның 70 мыңы елге оралған. Оның ішінде, 51 – Кеңес Одағының батырлары, 1 – Халық қаһарманы және 8 – III дәрежелі «Даңқ» ордені кавалерлері атағын алғандар.

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 29 САЯБАҚТЫҢ АУМАҒЫ РЕТКЕ КЕЛТІРІЛДІ

Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың бастамасымен елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» науқаны Түлкібас ауданында қарқынды өтуде. Жалпы акция аясында аудан аумағындағы 29 саябақтар мен аллеялар аумағы тазартылып, толық реттеліп, көгалдандыру жұмыстары іске асты.
Дәл сондай аудан орталығындағы «Ардагерлер» саябағының аумағын тазартып, ретке келтіру жұмыстарына Түлкібас ауданының Германиядағы кеңес әскерлері және Варшава келісім-шарт тобының филиал төрағасы Дүйсебаев Асанбек Қалдыбайұлы бастаған ардагерлер үлес қосты.
Зейнеттік жастағы ағаларымыз «7-мамыр Отан қорғаушылар күні» қарсаңында демалыс орнының аумағын күл-қоқыстан тазартып, шөптерін шауып, абаттандыру жұмыстарына ат салысты. Өз қаржылары есебінен саябақ атауы жазылған арка орнатуға мұрындық болды.
Бұдан бөлек науқан аясында аймақта 67 көпқабатты үй ауласы, 19 балалар және спорт алаңшасы реттеліп, ол жердегі орындықтар мен қоршаулар сырланды. 441 көше бойлары, 115 шақырым аяқ жол, 152 шақырымнан астам көпір мен өзендер арнасы, 31 шақырымнан астам иригациялық жүйелер күл-қоқыстан тазартылды. Елді мекендерді көгалдандыру мақсатында 29 мыңнан астам сәнді және тағыда басқа ағаш түрлері мен 12 мыңнан астам гүл көшеті отырғызылды.
100 астам бұлақ көздері ашылып, аумағы тазартылды. Жалпы сенбілікке 14 мыңнан астам түрлі мекеме қызметкерлері мен еріктілер ат салысты.

ТӨЛЕБИДЕ ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Ұлы Жеңістің 79 жылдық мерейтойына орай, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров ардагерлерге теңестірілген тыл еңбеккерлерін үйлеріне арнайы барып, құттықтады.
Ел басына күн туғанда қолына қару алып, майданның алдыңғы шебінде жүрген батыр бабаларымыздың ерлігі бүгінгі және келешек ұрпақ санасында нағыз адамгершіліктің, отансүйгіштіктің үлгісі болып қалса, тыл ардагерінің еңбегі де ерлік пен қайсарлықтың символы болып табылады.
Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы Ленгір қаласының тұрғыны 97 жастағы қарт әже Қасымбаева Тұрлықызды, Жаңаұйым елді мекенінің тұрғыны 88 жасар Бектұров Қыстаубай қарияны құттықтап, сый-сияпатын жасап, ізгі тілегін жеткізді. Қариялардың өнегелі әңгімесін тыңдап, ақ батасын алды.
Жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, 29- немере, 98-шөбере. 14- шөпшек көрген әже елімізге тыныш, бейбіт өмір тілеп, арнайы құттықтап барған аудан басшысына алғысын жеткізді. Бейбітшілік пен бостандық үшін күрескен аға буынның жанқиярлығын, қажымас қайраты мен ерік-жігерін әйгілейтін 79-шы мейрамын аудан халқы Жеңіс жауынгерлерінсіз қарсы алды. Аудан әкімдігі тарапынан тыл еңбеккерлеріне,
Тәжік-ауған шекарасын күзетуде ел тынышығын сақтап, жастарға өнеге болған Ауған соғысының ардагерлеріне, Қазақ жеріне сансыз қасірет алып келген Семей ядролық полигонының жабылуына үлес қосқан және Чернобыль апатының куәгерлеріне құрмет көрсетілді.

КЕНТАУДА АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов ҰОС ардагері Бадан Төребай мен тыл ардагері Қалтай Алдиновтың шаңырағына барып, мерекемен құттықтады. Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының құттықтау хатын табыстады.
Өз кезегінде соғыс ардагері мен тыл еңбеккері, жас ұрпақтың бейбіт өмірде бақытты ғұмыр кешуін тілеп, қазақ елінің тәуелсіздігі мәңгі жасай берсін деп ақ баталарын тілегін арнады.
1924 жылы дүниеге келген Бадан Төребаев 1944 жылы 15 қазанда шақыртумен әскерге аттанып, 4 ай әскери дайындықтан өткен соң, Белоруссиядан бастап Берлинге дейінгі қан майдандарда шайқасқан.
Майдангер ауыр шайқаста көзге түсіп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ І-ші дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» орденімен, 2 рет «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталған.
Елге 1950 жылы қарашада оралып, Кентау қаласындағы «Мырғалымсай» кенішінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, сол қызметі зейнетке жеткізді. Ол 2 ұл, 3 қызынан 14 немере, 31 шөбере, 2 шөпшек сүйген бақытты ардагер.
Ал, Қалтай Алдинов 7 мамыр 1941 жылы дүниеге келген. Жастайынан еңбек араласып өскен қария соғыс жылдар өмірдің тауқыметін көріп есейген. 1961 жылы “Ачполиметалл” комбинатының құрылыс жұмыстарында қызмететкен. Қазіргі таңда 6 ұл қыздан 20 немере, 18 шөбере, 1 шөпшек көріп отырған бақытты ардагер.