Сырғалар жасалған материалы мен жасалу тәсіліне қарай алтын, күміс сырға, қарала сырға, лажылы сырға, шытыра сырға, қолқа сырға, қозалы сырға, үзбелі сырға, күмбезді сырға, қоңырау сырға, ай сырға, айшықты сырға, ақық сырға, иықты сырға, иінді сырға, лағыл сырға, гауһар сырға, тұмарлы, салпылдақ, омыраулы, қозалы, жапырақты сырғалар, шілтерлі сырға, шұбыртпа сырға болып көптеген түрге бөлінеді. Бүгінде осындай сырғалардың бірнеше үлгісін Түркістан облысындағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы қорынан кездестіруге болады. Музейдің ғылыми қызметкері А.Үркінбаева қазақ халқының салт-дәстүрінде әшекейлердің өзіндік мәні мен маңызы бар екенін айтады.
«Ертеде қыздың басы бос, атастырылмаған болса, керегеге, кілемге, тіпті бақанға сырға іліп қою салты болған. Үйге келген қонақ немесе жолаушы ілулі тұрған сырғаны көрсе: «бұл үйдің бойжетіп келе жатқан немесе бойжетіп отырған қызы бар екен, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмапты, қыздың басы бос екен», — деген ой түйген. Салт-дәстүр бойынша қазақ халқында атастырылған қыздың құлағына сырға тағу рәсімі бар. Сондай-ақ, қазақтар үзбелі салпыншақтар сылдырымен жын-шайтанды үркітіп отырады деп түсінген. Мұндай ұғым басқа халықтарда да кездеседі. Мысалы, якуттарда сырғаны бесікті қорғау үшін ілетін болған. Ал қорым мен көктаста сырғаның бейнеленуі қайтыс болған адамның әйел екендігін білдіреді. Құлаққа сырға тағып жатқан кезде: «Құлағың ауырмасын, жаманшылық естіме, бетің ажарлы болсын» деген тілек айтылады. Қалыңдық санатына қосылған қыздардың сырғасындағы күн, жұлдыз, ай, дән, жапырақ, бидай түрінде ілінген салпыншақтар астарында ұрпақтың өсіп-өнуіне деген ізгі тілек жатыр. Мұнымен қатар сырға құлақ арқылы жаман күштің бойға енуіне жол бермейді деген наным қалыптасқан. Ертеректе қыз баланы қырқынан шығара салып, құлағының сырғалығын тары дәнімен уқалап, етін өлтіріп, отқа қарылған инемен тесіп, оған жібек жіп өткізіп, тұйықтап байлап қоятын. Құлақтың тесігі бітеліп қалмау үшін кейінірек кішігірім күміс сырға тағатын. Ол «жас нәрестеге тіл-көз тимесін» деген ізгі тілектен туындаса керек. Бұрын ер баласы тұрмай жүрген немесе баланы өте кеш көрген ата-аналар ырым етіп қартайғанда көрген осы ұлымыз тұрсын, тіл-көзден, әр түрлі жаман күштерден аман болсын деген мақсатпен оны ұл емес қыз, деп құлағына сырға тағып қоятын болған. Баланың буыны бекіп ер жете бастағанда ғана оны құлағынан шешіп алған. Ел арасында мұндай ғұрып ХХ ғасырдың басына дейін сақталып, тіпті сирек те болса ХХ ғасырдың 40-50 жылдарына дейін де кездесіп қалып отырған», -дейді «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері.
Деректерге сүйенсек, ең алғаш сырғалар Шығыс Европада шамамен 3000 жыл бұрын пайда болған екен. Алғашында сырғаны тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да соның ішінде жауынгерлер мен батырлар бір сырға ғана тағатын болған. Сырға неолит заманында сүйектен, мүйізден жасалса, қола дәуірінде металға көшкен. Ал б.з.б. ІІ ғ -.б.з ІІ ғасырынан бастап алтын мен күміске асыл тас орнатылып, сырғаның өте сәнді түрлері шыға бастапты.
Ал, жалпы қазақ халқының ұлттық әшекейлері күмістен, алтыннан, қоладан және мыстан жасалған. Қыздар мен әйелдер үшін бұл негізгі материалдар болды. Тастардың ішінде інжу, кәріптас, маржан, аметист, рубиндерге артықшылық берді. Негізгі сенімдер бойынша олар қиыншылықтар мен зұлымдықтардан қорғаған. Сондай-ақ, қазақ халқының танымал әшекейлері – алқалар мен салпыншақтар. Олар әлеуметтік-мәдени және діни маңызға баса назар аудару үшін ерекше формада жасалады. Мысалы мұндай зергерлік бұйымдарын үйленбеген қыздар, қалыңдықтар, жас әйелдер мен бала емізетін аналар кие алады. Бұл массивті әшекей және жақсы мүсінді қажет етеді. Наным бойынша, бұл әшекей зұлым көзден, зұлым рухтардан және аурулардан құтқарады.
Зергерлік бұйымдардың тағы бір нұсқасы ол — тұмарша (бойтұмар) және алқа. Бұл екі жағында тізбектерде орналасқан салмақты үшбұрышты салпыншақ. Төменгі жағында оны монеталар немесе қоңыраулар толықтыра алады. Олар жағымды әуен шығарады. Салпыншақтың беті күміс немесе алтын жалатылған. Көбінесе тұмарша былғарыдан немесе тығыз матадан жасалған. Қуыс үшбұрыштың ішіне құран парақтарын салуға болады. Бұл әшекейді Шығыс Түркістан қыздарының костюмдерінен жиі көруге болады.
Алқаның тағы бір түрі — омырауша. Ол доға түрінде жасалынады. Көнеден халқымызда әйелдің табиғи энергиясын арттыру үшін зергерлік бұйымдарды кигізген. Көбінесе мұндай бұйымдарды ақықпен жасаған, өйткені ол сәттілік сыйлап, денсаулығын қорғап, күш-қуатын арттырады деген сенім болған.
Сондай-ақ, түркі тілдес халықтардың әйелдері мен қыз-келіншектерінде болуы міндетті әшекей сырға екені белгілі. Олар да тұмар қызметін атқарған деген деректер бар. Олар әрбір ханымды зұлым рухтардан қорғайды деп сенген және сырғалардың көбісі арнайы өсімдік немесе жануарларға ұқсас ою-өрнекпен бейнеленген. Мұндай өнімдер сондай-ақ әйелдің мәртебесін, оның отбасылық жағдайын білдірген.
Қазақстанның мұндай ұлттық зергерлік бұйымдары пішіні мен дизайны бойынша бөлінеді. Олар: ай және айшықты, ай және ай тәрізді сырғалар; тұмарша үшбұрышты әшекейлер; салпыншақты сырғалар; астары бас әшекейлер, қаралы — қараға боялған; иықты- иыққа тиетін сырғалар; сояу-үшкір бұйымдар және күмбезді әшекейлер болып табылады. Қазіргі уақыттың өзінде еліміздегі үйлену тойларында сырға салу және сырға тағу рәсімдері бар. Яғни, қалыңдыққа көбіне алтын сырға тағады.
Ал, салт-дәстүрімізде күміс бас киімдерді жауынгер ер адамдар киген. Олардың дулығасы оюлармен безендірілген және нақышталған. Тиісінше әйелдері де бастарында күміс немесе алтын ою-өрнектері бар талғампаз зергерлік бұйымдарды киген.
Қазақ қыздары әрқашан ұзын және қалың шаштарымен ерекшеленген және танымал болған. Мысалы: сақиналармен жалғанған ұштарында салпыншақтары бар таспалар,яғни шашбау болған. Ол, нақыштармен, қоңыраулармен немесе монеталармен қосымша безендіріліп отырған. Сондай-ақ, шолпы — ол інжу, агат және маржан, алтын мен күміспен безендірілген қыздарға арналған арнайы бас киім. Қазақ қыздары оны кәмелетке толғанға дейін киген. Ал үкі аяқ дегеніміз, бөлшектерді тырнақ түрінде қолданатын бас киімге арналған салпыншақ. Қыздардың басына арналған мұндай зергерлік бұйымдар әшекейлер мен тұмарлардың рөлін атқарған. Мысалы, шолпы қыздарды тәрбиелеу үшін қажет болса, әшекейлер әуезді дыбыс шығарып, қыз баласының мүсінін көркейте түскен. Сонымен қатар елімізде ұлттық әшекейді әйелдер де, ерлер де тағатын сақина болды. Бүгінде жүзіктердің бірнеше түрі бар. Мысалы құдағи жүзік — бірден екі саусаққа тағылатын жүзік, қызды жақсы қабылдағаны үшін алғыс ретінде қалыңдықтың отбасынан қайын енесіне беріледі. Құстұмсық — қалыңдық үйлену тойына дейін киіп, туған ауылына күйеу жігіттің отбасында оны жақсы қабылдағанының белгісі ретінде беретін сақина. Тағы бірі жүзік — оны сиқыр мен дуадан қорғайтын тұмар деп білген. Жүзіктердің бөлшектерін құю және нақыштау арқылы жасаған. Қазақ дәстүрінде бұл зергерлік бұйым әрқашан салмақты болған, тастармен және ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген.
Қазақ әйелдердің танымал әшекейлерінің бірі ол — білезіктер. Әйелдер оларды жас кезінен бастап киіеді, ал қартайған кезге әшекейлер көбейіп, олар үй иесінің білегін толығымен жауып тастайды. Кейбір дереккөздерде қыздың алғашқы білезігін күйеу жігіттен сыйлық ретінде алатыны айтылған. Бұл уәделесу сақинасының баламасы секілді болған. Атап өтетін болсақ бес білезік — қалыңдықтың киіміне кіреді, шынжыр баумен байланған сақиналар мен білезіктерден тұрады. Ал, тасты білезік — ұқыпты жақтаудағы асыл тастардан тұрған. Жұқа селдір білезіктің құрылымы да үлдір болып келген.
Қазақтың дәстүрлі әйелдер әшекейлері заманауи бейненің бір бөлігі бола алады. Зергерлік бұйымдар тек әдемі және қымбат бұйымдар емес. Бұл халықтың этникалық ерекшелігін сақтау тәсілі. Қазақтар мәдениетінің қалай дамығанын, ата-бабаларымыздың қандай дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары болғанын, олардың ғасырлар бойғы тәжірибесінен не үйрене алатынымызды дәл зергерлік бұйымдар көрсете алады. Күнделікті көрініске шолпы, білезік немесе шашбау қосуға болады. Тәжірибе жасап, сақиналар, сырғалар және басқа да бұйымдарды қосудан қорықпаңыз. Ұлттық әшекейлер де заманауи қыздардың әшекейлер жиынтығында болуға лайық. Қазақ әшекейлерінің, соның ішінде сырғаның ғұрыптық мән-мағынасына тоқталсақ алғашқыда ол құлаққа дүлей күштерден сақтау мақсатында тағылатын болған. Сырғаның тұтас тұрпаты да, жекелеген бөлшектері, материалы мен ою-өрнегі де белгілі бір мән-мағынаны білдірген. Мысалы, көз қондырылған бұйымның көз тиюден алдын-ала сақтайтын киелілік және емдік қасиеті бар. Қазақтар мен түркімендердің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, тұрмысын зерттеген неміс этнографы Карутц Рихард айтқандай: «Ұзақ уақыт бала көтере алмай, кеш босанған әйелдер баласының құлағын әдеттегіден ертерек, үш жасында тескен, бұл баланың өмірін ұзартуға ықпал етеді деп сенген». Қыз бала үшін міндетті саналатын құлақ тесу дәстүрі сүндетке отырғызумен бірдей саналған. Сондықтан да, ел аузында құлақ тесу — қыздың сүндеті деп айтылады. Ұзақ күттірген ұл дүниеге келгенде, оның да құлағын тесіп, сырға салатын болған. Бұл бір жағынан тіл-көзден қорғау үшін жасалса, екінші жағынан жын-шайтанды шатастыру мақсатын көздеген. Мұндай ғұрып тувалықтарда болған, ал өзбектер мұндай жағдайда көп балалы жеті әйелдің әшекей сынықтарынан балқытып сырға жасаған. Қазақтарда ұл бала мұндай сырғасын бес жасқа дейін тақса, ал өзбектер үйленгенге дейін сырғасын алмаған.»,- дейді музейдің ғылыми қызметкері А.Үркінбаева
Еліміздің рухани-мәдени астанасы Түркістан қаласында батыр бабаларымыздың отан қорғаудағы ерліктері, сонымен қатар тарихи тағылымдары насихатталды. Яғни, облыс орталығындағы «Фараб» кітапханасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы және «Сіргелі Тілеуке батыр (Қарабыр)» қоғамдық қайырымдылық қоры бірлесе Сіргелі Тілеуке (Қарабатыр) Төбетұлының 330 жылдығына орай «Батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері: тарих және тағылым» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырды.
Конференция – тарихи-мәдени мұраны сақтау және жас ұрпақтың бойында бабаларға құрмет тағылымын қалыптастыруды, тарихи тұлғалармен байланысты Қазақстанның киелі орындарын насихаттауды, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, өскелең ұрпақты патриотизмге баулуды мақсат тұтады. Конференцияға қатысушылар «Фараб» кітапханасының фоесінде музей-қорықтың ұйымдастыруымен «Бабалар ерлігі елге мұра», «… Өңкей батыр жиналып, Абылай салды жарлықты» тақырыптарындағы кітап көрмесін тамашалады.
Бағдарлама бойынша конференцияға алыс-жақыннан келген зиялы қауым өкілдері «Сіргелі қара Тілеуке» деректі фильмін тамашалады. Конференцияны тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Тұрсұн жүргізіп отырды. Конференцияны мемлекет және қоғам қайраткері һәм еңбек ардагері О.Рахманбердиев құттықтау сөзімен ашып, қазақ халқының қалыптасуы жолында ерен еңбек еткен Тілеуке батырдың ерлігіне тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мауленқұловта сахна төріне шығып, батыр бабамыздың қазақ жерін қорғаудағы ерліктерін тізбектеп, алдағы уақытта тұлғатану мәселесін терең зерттеу қажеттігін атап өтті. Тағы басқа бір қатар тұлғалар құттықтау сөз сөйлеген соң конференция модераторы т.ғ.д., профессор Х.Тұрсұн сөз кезегін баяндамашыларға берді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қожа «Жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста Сіргеліден шыққан батырлар (тарихи деректер мен зерттеулерде)», Қазақстан Шежірешілер одағының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қаласы өкілдігінің басшысы, профессор М.Әбдіәкімұлы «Тілеуке-Қарабатыр тарихтағы ерлік жолдары» атты баяндамасын жасап, қазақ тарихындағы батыр бабалардың ерліктерін атап өтті.
Айта кетейік, биыл елімізде Тілеуке батырдың 330 жылдық мерейтойы. Тілеуке Төбетұлы – 1694-1754 жылдар аралығында өмір сүрген батыр, қолбасшы, мемлекет қайраткері және тарихи тұлға. Тарихи деректерде және қазақ халқының ауызша тарих айту дәстүрімен жеткен шығармаларда батырдың жорық жолдары туралы мәліметтер көптеп кездеседі. Тілеуке батыр тарихи деректерде Тілеуке, Тілеулі және Қарабатыр деп айтылып келген. Тарихи тұлға алып денелі, қараторы, келбеті сұсты және қаһарлы көрінуіне байланысты «Қарабатыр» атанып кеткен.
Тілеуке жас кезінде елдің ортасында батырға тән бітімімен және болмысымен танылған. Бұрынғы қариялардан жеткен әңгімеге назар аударсақ, яғни 1894 жылы туған, 90 жастағы Қыпшақалы Әлімбайұлы деген қария шежіре мен қисса-дастандарды жатқа айтатын болған екен. Оның айтуынша, Тілеуке Шаян өзенінің жоғары жағында Арыстанды өңірінде дүниеге келген. Қарияның айтуынша Тілеуке жас күнінде жолбарыспен алысып, оны өлтірген екен. Ол уақытта батырдың өмір сүрген кезеңі жаугершілік заман еді.
Қазақ-қалмақ заманы салған салмақты көтере алатын халықтың ұлдары тарих сахнасынан осы тұста айрықша көріне бастаған. Бұқар жырында аталып, өсиет болып, кейінгі ұрпаққа өлмес аты қалған атақты адамдарды жырау: Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай деп басқа аттас адамдармен шатастырмасын дегендей тасқа қашап салған таңбадай ғып бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Осы айтулы соғыстарға қарт жыраудың өзі де қатысып, Абылай ханның қасында болған. Бұл жөнінде ел аузында деректер де көптеп сақталған.
Атақты Бұқар жырау қазақ-қалмақ шайқасына байланысты тағы бір жиырма сегізінші толғауында: «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, Құдаменді Дәулет қасында, Бақ дәулеті басында, Сеңгірбай мен Шойбек бар, Таңсық қожа, Мәмбет бар, Қасқарау Малдыбай, Қатардан жақсы қалдырмай, Айнақұл, Бәти ішінде, өңкей батыр жиылып, Абылай салды жарлықты» – деп жырланған.
Сонымен қатар, «Батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері: тарих және тағылым» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында филология ғылымдарының кандидаты Л.Н.Гумелев атындағы ЕҰУ профессоры И.Нұрахмет «Ауызша поэзиядағы батырлар туралы кейбір деректер», тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Абай атындағы қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі Н.Атығаев «Абақ Керей Қожаберген батыр Жәнібекұлы», тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Х.Тұрсұн «Көлегеннің батыр ұлы Ер Бәйменбет» атты тарихи еңбектерінен сыр шертті. Тарихи-мәдени мұраны сақтау және жас ұрпақтың бойында бабаларға құрмет тағылымын қалыптастыруды мақсат еткен конференцияда қазақ халқының тарихи кезеңдері бойынша мәліметтер де айтылды.
Кейбір мәліметтерде ХVIII ғасырда Жоңғар мемлекеті 1722 жылы Цинь императоры Канси қайтыс болғаннан кейін тіпті күшейе түскен екен. Өйткені, жоңғарға қауіп сейіліп, олардың билеушілерінің назары Орта Азияға ауған. Тіпті, Қытай елі жағына бодандық туралы келіссөздерде тыйылып, олардың әскери қуаты артып, Жетісу жеріндегі қазақ пен қырғыз халқын ығыстыра бастағаны туралы айтылады.
«Қазақ жеріне бағытталған алдағы әскери қимылдарға тыңғылықты дайындалған жоңғар қонтайшысы Цеван-Рабтан қалың әскердің басшылғында жақсы қаруланғандырып қазақтарға шабуыл жасады. Қазақтар жерін басып алу 1723 жылдың көктемінде басталды. Қазақтар қапы қалды, қорғаныс шаралары туралы сөз болған жоқ. Қаншама адам қалымақтың қолынан қаза тапты, бірқатары Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық, Сырдария өзендерін кешіп жүріп суға кетіп өлді. Дүрбелеңге түскен қазақтар Сырдария өзеніне қашты, тек оның ар жағына асып кеткен жағдайда өздерін қауіпсіз сезінетіндей ойлады. Ұлы жүз және Орта жүздің бір бөлігі Сырдария өзенінің төменгі ойысынан Шыршық өзенінің жоғары жағынан өтті. Ұлы және Орта жүз қазақтары «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламасын» еске алатын тарихта оқиға орын алды. Кіші жүз Сауран қаласын («Сауран айылған») айналып, бекеттен өтті. Шиелі тұсынан Хиуаға кетті», – деп жазды М.Тынышбаев.
Міне осындай тарихи деректер айтылған басқосуда тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Қ.Еңсенов «Тілеуке Төбетұлының жорық жолдары» және Өскемен қаласы №44 мектеп-лицейінің тарих пәні ұстазы, зерттеуші педагог Қ.Айтхожин «Батырлар институтының тарихын орта мектепте оқыту мәселесі» туралы, ал Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика магистры Б.Ахметбек «Ел тарихындағы Сыр бойы батырларының рөлі», сонымен қатар «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары М.Тастанбеков «Ойрантөбе – Тілеуке батырдың соңғы шайқас алаңы» тақырыптарында тұшымды баяндамалар жасалды.
Тарихшылардың айтуынша, Тілеуке батырдың өжеттігі мен қайсарлығы қалмақ шапқыншылығы кезінде анық көзге түседі. 1723 жылы қалмақ билеушісі Цеван Рабтан бастаған қалың қол Қаратау күнгейіндегі Ұлы жүз қазақтарына лап қояды. Тілеуке Сіргелі және Ысты руларының қолын бастап, Бабата, Құмкент, Саудакент қалаларын қорғауға кіріседі. Бірақ күші басым жаудан қазақтар ығып, жеңіліске ұшырайды да, ата қоныстан ауа көшеді. Осы бір сүргінді қалмақтың қалың қолы Оңтүстікке басып кіріп, Қаратау асып жетті. Қалмақтар қарулы қолы қорғануға шамасы келмеген бейбіт елді шауып-жаншып, қырғындап, үй-мүлкін тонап, малын айдап әкетті. Тірі қалғандар ата мекені мен мал-мүлкін тастап қашуға мәжбүр болды. Осы кезде Бөген, Шаян бойындағы Сіргелілер, Қаңлы, Шанышқылының негізгі тұрағынан ауа көшіп, Өзбек жеріндегі Шыршық өзенінен ары асып кетеді.
Ертеректе өмір сүрген Сіргелі шежіресінің аса білгірі тоқсан жастағы Едігеұлы Ақылбек қарияның айтуынша, сол уақытта Тілеуке батыр Ташкент маңындағы жаудан ығысқан сіргелі, қоңырат, ысты, ошақты руларының басын қосып, қалмаққа қарсы қол жасақтапты. Тілеуке батырдың қару жасайтын ұсталық шеберлік өнері де болған. Мұнда оған қаңлының Сырлыбай, Қараманас, Шаншқылының Бердіқожа батырлары өз қолдарымен қосылады. Бұл уақытта қалмақтар Сайрам, Шыназ, Ташкент қалаларын басып алып, уақытша билік жүргізген. Кейіннен бұл өлкеден қалмақтарды қуып шығуға Тілеуке батыр көп еңбек сіңірген екен.
Осы тұста, батыр бабаларымыздың отан қорғаудағы ерліктері мен тарихи кезеңдердегі мәліметтерге тоқтала кетсек. Мысалы Түркістанды қорғау шайқасы.
1723 жылы қалмақтардың қалың қолы қазақтың сол кездегі астанасы Түркістан қаласына тұтқиылдан шабуыл жасайды. Қабанбай батыр қорғану жөнінде қазақ сұлтандарына неше рет талап қойса да, олар ығыса береді. Он мың әскері, отыз мыңнан аса халқы бар Түркістан қаласынан ұран шақырғанда әрең бірнеше мың адам ғана жиналады. Ал, Қабанбай Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алдындағы майданға келіп, қалың жұртқа сіргелі Елшібек батырды таныстырып, қорғаудың қамын жасап, әскерді орналастырады. Қаланы қорғауға Елшібек батыр жауапты болып, өзі Кіші жүзден қалың қол ұйымдастыруға аттанады.
Ақтабан шұбырынды жылдары Отан алдындағы өз жауапкершілік намасын түсінген халық еркін жасытпады. Табан тірескен және ұзаққа созылған шайқастар жүріп жатты. Ташкент қаласының қазақ жасағы бастаған тұрғындары үш айға жуық қаһармандықпен қорғанды. Ташкенттің ізінше Сайрам мен Түркістан да құлады. Бүкілхалықтық қарсыласуды ұйымдастырушылар Бөгенбай, Қабанбай, Саңырық, Жәнібек, Малайсары, Елшібек және басқалар халықты туған жерін қорғауға көтерді. Жоңғар әскерлері қазақ халқының табанды қарсыласуымен санасуға мәжбүр болды. Жау таулы жерлерде, алыстағы далалық аудандарда, қалаларда тойтарыс алды. Жоңғарлар қаланы шабуыл арқылы бірден басып ала алмады. Қарсылық көрсету күшті болды. Бірақ, әртүрлі амалдармен және лек-лек болып келген әскердің күшімен соңында алды. Қазақтар амалсыз шегініс жасады.
Одан кейін Ордабасы құрылтайы қазақ тарихындағы өте маңызды кезеңдердің бірі болды. Қаратаудың күнгей биігіндегі оқшау биік Ордабасында үш жүздің баласы бір бәтуаға келіп, ата жауға аттануға анттасқан сәті – ең шешуші кезең болса, бас сардар Әбілқайыр болып сайланып, қазақтың барлық батырлары бірге тізе қосып жауға қарсы аттанғанда, тұлпарлар тұяғы мен сауыт киген адамдардан жер қайысқан күйде еді.
Қазақ зиялысы М.Тынышбаев «Қазақ халқының тарихы» атты еңбегінде: «Үш жүздің әскери қосындары біздің ойымызша, Бадам өзені жақтағы «Ордабасы» тауына жақын жерде, яғни «Орда Басы» деп аталатын тарихи орында бас қосқан. Ол тарихи орын Алатау мен Қаратау тауларымен шектесетін Арыс пен Бадам алқабының еңіс ойпатында орналасқан, жекелеген биіктіктермен, аласа жоталармен төбешік далаға айналып жатқан бұл шағын тау бүкіл төңіректі алыстан бақылауға ыңғайлы орын. Өзеннің ойпатынан көтерілген биік төбе, Арыстанды, Шаян немесе басқа жерлерде Ордабасыға тән төбе бірден көзге түседі. Ордабасының арғы бетінде бір кездері суы мол, ең бай шалғындығы бар жерде Бадам өзені Ордабасыдан батысқа қарай ағады. Оңтүстікте көптеген шабындықтарда елеулі ордаларды жасыруға болады. Дәл осы жерде ортақ келісім жасалып, бір-біріне адалдық антымен серттесіп, бірауыздан Әбілқайыр ханды бас қолбасшы сайлап, халық әдет-ғұрпы бойынша ақбоз атты құрбандыққа шалған», – деп жазған.
XVIII ғасырдың 20-жылдардың ортасына қарай Қазақстанның оңтүстік шекарасында қалыптасқан аса шиеленісті және үрейлі жағдай күштірек және жақсы ұйымдасқан жаумен күресу үшін Үш жүздің күштерін тез арада біріктіруді талап етті. [9]. Ордабасы Құрылтайына Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс хандар, сұлтандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған билер, даңқты қолбасшылар мен батырлар шақырылған. Осы кезден бастап қалмақ-қазақ соғысындағы шабуыл бастамасы қалмақтардан қазақ жасақтарының қолына өтіп, олар Әбілқайырдың қолбасшылығымен оңтүстік майданның әр түрлі бағыттарында жаулап алған аймақтарынан қалмақ жасақтарын белсенді түрде ығыстыра бастады.
Ал, Бұланты-Білеуті шайқасының маңызы қазақ халқының тарихында ерекше. Қасиетті Ұлытау жеріндегі Бұланты-Білеуті өзендерінің аралығындағы кең жазықта қазақ халқының тағдыры шешілген шайқас болғандығы анық. Қазақ халқының тарихында 1723-1727 жылдар аралығын қамтыған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталатын қайғылы оқиғадан кейін Үш жүздің ру-тайпалары бас қосып, алқалы кеңес өткізген жер Оңтүстік Қазақстандағы Ордабасы болды. Осы арадан бірлікпен аттанған қазақ жасақтары Әбілқайыр ханды бас қолбасшылыққа сайлаған. Қазақ жауынгерлері алғашқы жеңіске 1726 жылы Шұбартеңіз маңында қол жеткізді. Одан кейін мықты қаруланған жоңғар әскеріне қарсы Ұлытау мен Сарыарқаны қорғау мақсатында 1727 жылы Бұланты мен Білеуті өзендері аралығында «Қарасүйір», «Қалмаққырылған» деген жерде жан алып, жан беріскен шайқас өткен.
Қалмақтармен күрестің бұл кезеңі туралы М.П. Вяткин былай деп атап өткен: «Орасан көп адам мен малдан айырылу қазақтарды топтастыруға мәжбүр етті. Қазақтардың ойраттарға алғашқы соққыны сұлтандардың басшылығымен емес, қайта Кіші Жүзден Тайлақ, Орта жүзден – Бөгенбай және Ұлы жүзден Саңырық батырлардың бастауымен шыққанын атап өту назар аударарлық. Бұл қақтығыстың зор маңызы болды, ол барлық Үш жүз қазақтарының күштерін жаппай ұйымдастыруды бастап берді», – деп жазды.
Осы Бұланты-Білеуті өзендері аралығындағы шайқаста ерекше көзге түскен және ең алғашқы жеңістің туын желбіреткен Кіші жүз жетіруынан Тайлақ батыр мен оның жинені Ұлы жүз ошақты Саңырық батырлар туралы деректі қазақ қарияларынан ең алғаш рет жазып алып, Әбубәкір Диваев «Көк-Кесене мовзлейі» атты мақаласында 1905 жылы жариялаған. Одан кейін қазақ зиялысы М.Тынышбаев «Қазақ халқының тарихы» еңбегінде жазған. Осы аталған еңбектерге кейін тарихшы Ирина Ерофеева сілтеме жасаған.
Бұланты-Білеуті шайқасының маңызы қазақ халқының тарихында ерекше. 2019-2020 жылдары Бұланты-Білеуті шайқасына қатысты зерттеулер жүргізіп, экспедицияға жанашыр азаматтармен барғанбыз. Шайқастың болғандығы рас. Шайқас алаңында батырлардың қорымдары бар, ондағы Үш жүзден қатысқан батырлардың ру таңбалары қашалған. Тіпті, жебе ұшы мен мылтық оқтары да табылды. Бірақ, әлі көп зерттеуді қажет етеді.
Сондай-ақ, Аңырақай шайқасында жеке ерлігін және ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткендер арасында көптеген батырлар, билер, сұлтандар, рубасылары, барлық үш жүздің өкілдері болды. 1729 жылы Аңырақай шайқасы өткен аймақ Аңырақай таулары, Ақсүйек сайы, Хантау шоқылары орналасқан жерден Алматы бағытында 200 шақырымға созылған кең далада өткен. Ол жерде «Үлкен Орда қонған», «Сұмқайтты» деген жерлер бар. Аңырақайдағы шайқасқа Әбілқайыр хан басшылық етті. Шайқастың сәтті басталуы қазақ жауынгерлерін жеңіске жігерлендіретіндігі күмәнсіз. Сөйтіп, олар жеңіп шықты. Асқақ рух сезімімен қанат біткен олар өздерінің ерлігін, ержүректігін, тастүйін бірлігін және жоғары әскери машықтанғандығын танытты. Әбілқайыр ханның өзі мен оның серіктерінің ең жақсы қасиеттері осы шайқаста көрінді.
Қалмақ басқыншылығына қарсы қазақ халқы Отан соғысының жеңіспен аяқталуында Аңырақай шайқасы аса көрнекті рөл атқарды. Ол туралы қазақтардың дәстүрлі ауыз әдебиетінде айтылады, сондай-ақ, оған М.Тынышбаевтың еңбегі және басқа да бірқатар жанама деректемелер арналған.
Осы аталған Аңырақай шайқасы туралы Ж.Қ. Қасымбаев: «Тек соңғы жылдардағы ізденістер негізінде осы бір қоныстың қазақтың атақты батыры Бөлекпен жекпе-жекте жер жастанған ойраттың Аңыра атты батырының есімімен байланыстылығы айқындалды. Бұған күмәнданатын негіз жоқ. Қаскелең, Боралдай, Шарын өзені және тағы басқа қоныстар ойрат есімдерімен аталғаны белгілі», – деп жазды.
Аңырақай шайқасына Үш жүздің батырлары қатысқан. Солардың ішінде көзге түскен үлкен қолбасшылардан Бұқар жыраудың жырында: Қаракерей, Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Сіргелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Құлашбек, Шапырашты Наурызбай және тағы басқа батырлардың есімдері аталған.
1740 жылы тамыз айының соңында Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан Орта жүздің атынан ант беру үшін Ор бекінісіндегі Патшалық Ресей империясының кездесуге арнайы жіберген адамдарымен жолығуға барады. Бұл мемлекет аралық үлкен оқиға болған. Дәл осы уақытта Қазақ хандығына Жоңғар хандығынан өте күшті қауіп төнген. 1739-1741 жылдар арасында үлкен шайқастар басталып кеткен. Ташкентте отырған Қалдан Церен үш түмен әскер шығарып, үш бағытта жорыққа аттандырған. Ертісті бойлап солтүстіктен – Септен ноян, Сырдарияның бойымен – Сары-Манжа ноян және Қаратау ішімен Арқаға тік жол тартып шыққан Лама-Доржы әскері болды. Осындай қиын жағдайда екі жақтан қыспаққа түсіп қалып, мемлекеттілікті жойып алмау үшін қазақ елінің басқарушы элитасы арыдан ойлап, байсалды және сарабдал саясат жүргізді.
Міне, осы жаугершілік заманда қазақ халқын басқарушы ел ағалары «Хан кеңесінде» алдағы жоспарды дұрыс құрған сияқты. Осы кезде елді сыртқы жаудан қорғайтын – Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Бердіқожа және тағы басқа қолбасшылар Жоңғарияның жойқын жорықтарына қарсы күресте халықты қорғаумен жүрді. Ал, мәмілегерлік келісімде Шақшақ Жәнібек екі елдің басшыларын жолықтыруды реттеген. Бұл сапарда Әбілмәмбет ханның қорғаушы жасағын Нияз батыр бастап барса, Абылай сұлтанның қорғаушы жасағына Тілеуке батыр қолбасшылық жасап барған. Осы кездесуде Ресей империясы тарапынан генерал-лейтенант В.Урусов өз нөкерлерімен келген. Олармен жолыққан кезде бейбіт келісім, екі ел тұтқын адамдарды алмасу, керуендерді өткізу, көрші елмен татулық туралы келісім болып, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан ант берген. Осы барған қазақ делегациясын орыстар сән салтанатымен қарсы алып, олардың құрметіне бірнеше мәрте зеңбіректен оқ атқызған. Хан мен сұлтанға арнайы шатыр тігіп, мал сойдырып қонақ ретінде күткен. Кездесудің соңында геренрал-лейтенант В. Урусов өз қолынан Нияз батырға күмістелген қылыш, Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан, Жәнібек батыр және Тілеуке батырларға бірдей темір сауыт сыйға берген. Бұл көрші мемлекет тарапынан үлкен сенім мен құрмет белгісі болған.
1739 жылы Ұлы жүз ханы Жолбарыс өлгеннен кейін, Ташкенттегі билік 1749 жылға дейін толығымен Төле бидің қолына көшеді. Қазақ халқының Жетісу мен Сыр бойын өзінен қуатты жаудан біржола азат етуге әлі де даяр емес екендігін түсінген Төле би қалмақтармен күш жинап алғанға дейін бейбіт қатынаста болуға тырысып, олардың талап еткен салығын өтеп отырады, сондай ақ, қалмақ билеушілеріне өз ұлы Жоланды аманатқа жібереді. Жолан қалмақ ханы қолында екі мәрте, он төрт жыл жылға жуық уақыт болған.
1744-1745 жылдары Қойгелді батыр, ру басшылары Тоқсанбай, Мәлік, Кетендердің басшылығымен наразы халық Қалдан Цереннің Шымкент жанында орда тіккен өкілі Баршаханды, оның көмекшісі Саңғалды өлтіреді. Бұл жағдай қалмақ ханының Ұлы жүз қазақтарына жазалау мақсатында шабуыл жасау қаупін туғызды. Бірақ, ханның көп ұзамай 1745 жылы қайтыс болуы, оның артын ала қалмақ хандығында басталған бұлғақ кезең бұл жоспарды іске асырмай тастады. Міне, осы аталған Ташкент қаласы үшін тартыста Төле би, Тілеуке батыр, Бердіқожа батыр және тағы басқа батырлар бірлесіп күрескен.
Ташкент жерінде Төле би билік жүргізген кезеңде Тілеуке батыр елді ұйымдастырып қорған тұрғызғандығы туралы дерек бұрынғы қариялардан жеткен. Ол қорған атауы кезінде «Сіргелі қорғаны» аталған екен. Тарихи орынның атауы осы күнге дейін жалғасып, Ташкент қаласында Сіргелі аталатын аумақ бар.
Ал, 1750 жылдардың басында атақты Шаған шайқасы Шыңғыстауда болған. Абылай ханмен атақты Қабанбай, Бөгенбай батырлар қол бастап келіп, Қоңыр Әулие үңгірінің қапталында қорған жасап бекінген қалмақ әскерімен шайқасқа түскен. Қалмақтар қазақтарға алғызбай, бір апта бойы қазақ жағынан шығын көп болған екен. Сол кезде Абылай сұлтан ашуланып, осы жерде кім Шағандағы қалмақтардың қамалын алса, соны Бас қолбасшылыққа сайлаймын депті. Міне, осы Шаған шайқасында ақбоз атпен шауып, ерекше ерлік көрсетіп, қамалды алған Қаракерей Қабанбай батыр ерекше көзге түскен және «Дарабоз» атанған. Оның қасында Еспенбет батыр да ерекше ерлік танытқан. Тарихи шайқасқа байланысты Құрбанғали Халид пен Мәшһүр Жүсіп еңбектерінде:
Қабанбай хандай болып ардақталды,
Абылай риза болып, басындағы тәжін тақты,
Еспенбетке риза болып, оқал шапан жапты, – дейді. Бұл шайқаста қазақтың мерейі үстем болып, біраз шығын әскер жағынан болғанменен қалмақтарды осы жерден қуып шығып, қазақ даласын біртіндеп азат етіп, ары қарай Шығыстағы Шорға шайқасына қарай ойысқан. Осы шайқаста қалмақ жағынан қол бастап келген Арқауыл батыр Қабанбаймен жекпе-жекте қаза тапқан. Ал, Доржы ноян қашып шығып, Аягөзге жеткенде қалған әскерімен шайқаста өлтірілген. Шаған шайқасы аздап тарихта айтылады. Бірақ, бұл шайқас қазақ тарихының ақтаңдақ беттерінің бірі екендігі анық. Осы тарихи орынды 2021 жылы экспедиция кезінде екі рет арнайы зерттеген едік. Шайқас өткен Қоңыр Әулие үңгірінің оң және сол жақ қапталында жатқан қорымдарда бес жүзден артық сарбаздардың бейіттері бар. Онда шапыраштының ай таңбасы, ошақтының тұмар, шаншқылының жебе таңбасы, төренің аша таңбасы, арғынның екі көз таңбасы, керейдің ашамай таңбасы, Кіші жүз таманың таңбасы, телеудің таңбасы және тағы басқалары байқалады.
Тарихта Оңтүстік өңірді азат ету шайқастары кезінде де қазақ батырлары ерліктерімен ерекшелене білген. 1745 жылы Қалдан Церен қайтыс болғаннан кейін таққа он үш жасар оның ортаншы ұлы Цеван Доржы отырды. Оның билік еткен тұсында қысқа мерзім Жоңғарияның ішкі істерінде жөнсіздіктерге жол беріліп, жазықсыз өлім жазасына кесу, қатал тәртіп орын алған және экономикалық құлдырауды көздеген саяси бөлшектену басталды. Қалмақтарды қазақ жерінің Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам аймағынан қуып шығу кезінде қазақ әскерлері қаһармандық жанқиярлық ерліктер көрсетті. Қаратаудағы Теректі алқабында, Боралдайдың саласы бойында, Садыр қамалған бұлақ деген жерлерде қалмақтардың қалың қолын Үлкентұз тауына қуып тығып талқандады. Сөйтіп Қаратау қазақтардың жеңілістерінің ғана емес, сонымен бірге өз жерін азат етудегі жарқын табыстарының да куәсі болды. Осы уақытта Абылай Үш жүздің басын біріктіріп, қалмақтардың қол астында қалған қазақ жерлерін азат ету мақсатымен Орта жүз жерінде Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Ер Жәнібек, Көкжарлы Барақ және тағы басқа батырларды топтастырып қол жинады. Алдымен ұзақ жылдар бойы Жоңғар хандығына бодан болып келген Ұлы жүз жерлерін Жетісу, Сыр бойындағы қалалар, Талас, Шу өңірін азат етуді көздейді.
Жоңғария билеушісі Цеван-Доржы таққа отырысымен қазаққа қарсы қалың қолды бастап, жорыққа өзі шығады. Адам айтқысыз екі жақтан да қызыл қан судай ағады, ұзаққа созылған қатты ұрыстан соң Қабанбай қолы Жаңақорғанды, Шымкентті, Бөгенбай қолы Сайрам мен Созақты, Баян мен Жәнібек қолдары Талас өзенінің бойы мен Қарақалпақ жерінен жауды қуып шығады. Абылай сұлтан басшылық еткен, Қаракерей Қабанбай бастаған қалың қол, Ұлы жүз жасақтарының қолбасшысы Шапырашты Наурызбай батырмен бірге одақтаса отырып, 1751 жылдың күзінде қоқандықтардан Ташкент, Сайрам, Созақ қалаларын азат етеді. XVIII ғасырдың бас кезінде Орталық Азияның бір кездегі қуатты көшпелі мемлекеті болып есептелген Жоңғар хандығының әлсіреуі мен құлдырауының күшейе түскен кезі еді. Қабанбай батыр 1751 жылы Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын қалмақтардан тазартып, Төле бидің билікке келуіне көмектесті.
Сонымен қатар Жетісу жеріндегі шайқастарда батырлардың нағыз ерлігі айтылады. Деректерге сенсек, Жетісуды азат ету шайқасында көмек күткен патша әскері келмей қалған. Сондықтан, Ұлы жүздің батырлары кеңесіп, әлі де біздің қазақ шамасы келсе қарап отырмаған. Қалмақтар мен қазақ арасында шайқастар Үшқоңыр, Алматы, Көкпек, Ойрантөбе, Қарқара, Жаркент және Сүмбе жеріне дейін бірнеше шайқастар өткен. Себебі, атақты Жаркент, Көкталдағы қорғандарда торғауыттардың тобы, кешегі Қонтайшының ескі қазынасы, соғыс құралдары бар мен жауынгерлері орналасқан бекіністер талқандалып, қамалдары алынды.
Райымбек батыр туралы деректер жинаған шежіреші Қабылбек Сауранбаев ақсақал кезінде батырлардың ұрпақтарынан 30 адаммен сөйлесіп, көнекөз қариялардан шайқастар туралы деректер жазып алған екен. Қолжазбаға назар аударсақ, бұл шайқасқа Ұлы жүзден бір жүз он батыр қатысты деген факті келтіреді. Олардың қатарында: Қангелді батыр, Қапай батыр, Сатай батыр, Бөлек батыр, Ырыскелді батыр, Аралбай батыр, Бердіқожа батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр, Барақ батыр, Бақай батыр, Биеке батыр, Райымбек батыр. Бұлардың арасында жүздік, елулік батыр, отыздық батырлар да болған.
Жетісуда Райымбектің жорығына байланысты деректерге назар аударсақ, Түргенді Райымбек бастаған қол, Шелекті, Суықтоғайды Бақай батыр, шанышқылы Қожамберді батыр, Барақ батыр, Ердес батыр бастаған қол, Алматыны, Іле бойын Сатай батыр, Ырыскелді батыр, Өтеп батыр, Ақбас батыр, Тілеуке батыр бастаған қол жаудан тазалады. Қалмақ қолындағы қазақ тұтқындары босатылды. Қалмақ қорғанын алуда қазақ жауынгерлерінен де көп адам шығын болған. Атақты батырлары қаза тапқандары болған. Батырлардан көп жаралы болған. Райымбек батыр, Бақай батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр сияқты батырлар жаралы болған.
Райымбек батырдың екінші жорығы Суықтоғайдан босатылған жоңғар қолдарына шабуыл, Жіңішкеде, Таушілікте, Қарабұлақта, Жалағашта, Үш Меркіде, Кеңсуда, Көктөбеде, Үш Қарқарада жалғасып, қазақтардың толық жеңісімен аяқталады. Қалмақтармен шайқаста қазақ жауынгерлерінен де көп адам шығын болған. Атақты батырлары қаза тапқандары болған. Батырлардан көп жаралы болған. Райымбек батыр, Бақай батыр, Ердес батыр, Тілеуке батыр сияқты батырлар жаралы болған.
Жетісу жеріндегі жорықта Жаркент, Көкталдағы торғауыт-қалмақтар Тарбағатай, Шәуешектегі жоңғарларға болысып, Орта жүз Қабанбай қолына қарсы аттанбақ екен деген хабарды естіген Райымбек: «Біздің Ұлы жүз жабағы тайды жауға мінуден құтылды. Қарағайдан найза ұстаудан кетті. Мінгеніміз тұлпар болды. Соғыс құралдарымыз жетерлік, соғыс әдісін игердік, жас батыр, жаңа бауырлар көбейді. Енді осы тобымыз тарамай тұрып Қабанбай батырға елші жіберіп, хабарын алайық», – деген ойды айтады.
Осы кезде Қабанбай батырдан Тарбағатай мен Шәуешек арасын жауып, жауды өзара қатынастыруға мүмкіндік бермеу туралы ұсыныс келіп жетеді. Сөйтіп, қалмақтардан Сарытау, Үйгентас, Үсекті азат етуге атсалысады. Іле бойлап Қорғасқа дейін барады.
Міне, батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері, тарих және тағылымға толы өмір жолдары кейінгі ұрпаққа өнеге, рух, ұлттық тәрбие болып қалыптасуы керек. Батыр бабаларымыз елді жаудан жерді азат ету жолында бір-біріне көмек берген. Атажұртты қазақ батырлары бірлігімен қорғап, ынтымағы мен берекесін сақтай білген. Осындай жаугершілік заманда өмір сүріп, бүкіл өмірі жаумен күресте өтіп, жан алысып, жан берісті, батыр бабалар елді қорғай білді. Сондықтан, олардың рухына тағзым етіп, халықтың тарихи танымын нығайтып, ұлттық рухын көтеру өте маңызды. «Батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері: тарих және тағылым» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының мақсаты да осыған бағытталды.
Басқосуда Түркия Республикасы, Анкара қаласы, Ислам Ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам мәдениетін зерттеу орталығының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ә.Муминов та «Батырлар бойынша деректерді классификациялау мәселесі» тақырыбында Анадолу жерінен онлайн байланысқа шығып, мағыналы баяндамасын жасады.
Конференция қорытындысы бойынша ғылыми жиынның жинағын шығару мен қатар, қоғамдық өмірдің әр саласында Сіргелі қара Тілеуке (Қарабатыр) Төбетұлының есімін мектептерде насихаттайтын және ұлықтайтын түрлі іс-шараларды ұйымдастыру және қазақ тарихындағы батырлардың есімдерін насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу қажеттігі жөнінде қарар қабылдады.