ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ» САЙЫСЫ ӨТУДЕ

Түркістан қаласында қазақ күресінен республикалық «Дала қырандары» сайысы өтуде. Екі күнге созылатын дүбірлі додаға еліміздің 10 облысынан 100-ден астам балуан бақ сынап, өзара мықтыны анықтауда.

Шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбековтың қолдауымен өтіп жатқан турнир Түркістан төрінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін ұлттық спорт ұлықталған сайыстар Астана қаласында өткен болатын. Жарыс жеңімпаздары қаржылай сыйлықтармен марапатталмақ. 1-орынға 2 миллион теңге табысталса, екінші орын иегері 1 миллион теңгені қанжығасына байламақ. Ал, үздік үштікті қорытындылаған қос балуанға 500 мың теңгеден берілмек.

Республикалық турнирде жауырыны жерге тимеген жігіттер 7 салмақ бойынша сынға түседі. Сайыстың алғашқы күнінде Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының балуандары өз шеберліктерімен көрермен көзайымына айналуда.