Абылай хан дәуірі адамзат тарихында Қазақ хандығы деген атаумен қалған қуатты мемлекеттің соңғы рет дәуірлеп толысқан шағы болып қала бермек. Ш. Уәлиханов атағы алты алашқа мәшһүр болған атасы Абылайдың дәуірін «ерлік ғасырына» теңеді. Ақын-жыраулардың шығармаларында қазақтың абыройы аспандаған, ұлыс ретінде толысқан, жан-жақтан жау анталаған заманда іргесін алдырмаған қуатты, бірлігі жарасқан ел ретінде жырланды.
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай, қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай. Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам, Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай! Көмекей әулие атанған, Бұқар жыраудың осы толғауы Абылай ханның халық үшін қаншалықты қымбат болғандығын айғақтап отыр. Ал ғалымдардың зерттеу еңбектерінде бұл дәуір қазақ тарихының бетбұрысты кезеңі, қуаныш пен қайғы кезек алмасып отырған, қайшылыққа толы заман ретінде суреттелді. Атақты ханның тұлғалық қасиетін, қайраткерлік өмір жолын жан-жақты қырынан аша түсу мақсатын көздеген зерттеушілер оның жанында жүрген батырлары, билері мен ақыл-кеңесшілері жайлы, халықаралық саясаттағы дипломатиясына, шығу тегі мен жерленген жеріне, ел билеу дәстүріне қатысты мәселелерді көтеріп, жекелеген монографиялар арнады.
Абылай ханның жанында бірге болған батырлар мен билер, жыршылар туралы зерттеу еңбектерінде жиі айтылады. Себебі халық аңыз-әңгімелерінде, тарихи жырларда, орыс, қытай деректерінде олар жайлы деректер, мәліметтер көп кездеседі. Сондықтан зерттеушілердің назарына тез ілігіп, өздері зерттеп жүрген мәселеге қатысты кеңінен тарқатып жазуға септігін тигізеді. Бұл зерттеулердің барлығы Абылай ханның тұлғалық қасиетін әртүрлі қырынан аша түскені анық. Қазақ хандығының қуатты дәуірін қалыптастырған Абылаймен қатар, тарихта талай батырлардың есімі мен ерлігі де аталады. Олардың қатарында Алтай Нияз батырдың есімі белгілі. Ол туралы деректер де аз емес. Оның Абылайды тұтқынан босатқаны туралы да мәліметтер бар. Бұл тарихи оқиға бойынша тарихшылар мен ғалымдар мынадай пікірлер айтады. «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының кіші ғылыми қызметкер, Мәдениет саласының үздігі Т.Оразов бұл кезеңді былай деп баяндайды.
Деректерге сүйенсек, ХVІІ ғасырдың соңы ХVІІІ ғасырдың басы қазақ жерінде мамыржай тіршілік болмағанға ұқсайды. Бұл заман Еуразияның кең байтақ далалық өңірін мекендеген көшпелі ұлыстардың апшысын қуырылып, өрісінің қысқарған кезеңі. Батыстан жауар бұлттай түнеріп Ресей империясы төнсе, Шығыстан Мəнжүр əулетіне бағынышты қара
құрттай Қытай қаптап келді. Қазақтың ежелден келе жатқан ескі жауы қалмақ болса, өзінің ата қонысынан батысқа қарай лықсып, Сарыарқа мен Жетісуға ендеп енді.
Ел басына осындай күн түсіп, ат ауыздықпен су ішіп, ер азамат қан кешкен заманда қазақ ынтымағын ойлап, мемлекеттігін жаңғыртуды көксеген асыл азаматтардың бірі Нияз батыр еді. Барқыұлы Нияз батыр – Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың аталығы және Түркістанды хан дәргейінде ұстаған аса ірі саяси тұлға. Ресей елшілік құжаттарында Нияз батыр Әбілмәмбет ханды таққа отырғызған, Сәмеке ханнан кейін Түркістанды билеген және Тәшкеннен салық жинап тұрған деген мәліметтер бар. Сонымен қатар, орыс құжаттарында 1742-1744 жылдары Нияз батыр жоңғар қонтайшысы Қалдан Цереннің қолына тұтқынға түскен Абылайды босатуға Әбілмәмбет ханның баласы Әбілпейіз сұлтанды аманатқа алып барған деген деректерде кездеседі. Нияз батыр 1785 жылы жүз жастан асқан шағында қайтыс болған екен. Батырдың сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне жерленген. Жазушы А.Сатаев «Халық кеңесі» газетінде Нияз батыр туралы хикаят жазды. 2012 жылы ғылым докторы, тарихшы Ж.Артықбаевтың Нияз батыр туралы «Аталықтар әулеті: Арыстан, Барқы, Нияз» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Ал, профессор Зарқын Тайшыбай батырдың ерлігі бойынша мынадай жазба қалдырған екен.
« — Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайлары мейлінше шиеленісті, біртұтас ел ретінде қалыптаспай, ұлттың келешегі айқындалмай тұрған шақ еді. Осылайша, қалың тұманнан жол таппай тұрғанда, ел мен жер тағдырын Ресеймен байланыстырған Әбілқайыр ханның таңдауы қате болмағанын кейінгі оқиғалар мен қоғамдық-саяси құбылыстар дәлелдеп шықты. Қанша қиын болғанымен, бұл таңдаудың қазақ халқы үшін қажеттігін, қазақ билеушілерінің арасында алғашқылардың бірі болып 27 жастағы Абылай сұлтан түсінді. Әбілмәмбет ханның көмекшісі Абылай, бас уәзірі Нияз батыр, үштің бірі болып, 1740 жылы тамыз айының 28-жұлдызында Ресей императрицасына адалдық шартына қол қойды. Ресей империясымен әскери одақ құру да оңайға түскен жоқ. Көшпелі қауымның келешегіне сенбеген Ресей әкімшілігі бодандық шартын сақтамай, сыртқы саясатта босаңдық танытты. Осыны пайдаланған Қалдан Серен, бір жылға жетпей-ақ, жер қайысқан қалың қолмен Қазақстанның оңтүстігі мен шығысынан, екі бағыттан басып кіріп, қазақ ауылдарын қанға бөктірді, бір ұрыста Абылай сұлтан қамауда қалып, қолға түсті.
Мына жағдайда, одақтас екендігін қағаз жүзінде ғана танытып қойған Ресейден көмек алмаған Орта жүз жалғыз қалды, бақайшағына дейін қаруланып, тастүйін ұйымдасқан, бүкіл шаруашылығы мен тұрмысын соғыс тәртібіне ежелден бейімдеп алған жоңғарлармен бетпе-бет келді. Қазақ хандығының ішкі жағдайлары да басқаша қалыптаса бастады. Шоқан Уәлиханов талдап жазып кеткендей, қазақ батырлары мен билері арасынан Абылайдың ұстанған саясатына сын көзбен қарайтын бірнеше «партия», яғни топтар пайда болды. Мысалы, шақшақ Жәнібек тархан, Құлсары мен Құлеке батырлар тек қана Ресейге жақын бағыт ұстанды, Абылайдың жоңғар хандығымен, Қытай империясымен, Орта Азия хандықтарымен байланыстарын қолдамады. Барақ сұлтан, Әбілмәмбет хан, арғын Нияз батыр мен бәсентиін Малайсары, уақ Деріпсалды батырлар Қалдан Серенмен тіл табысып, тату көрші ретінде шығыстағы шегараларды аман сақтау жолын таңдады. Бұған тағы бір себеп, Ұлы жүздің едәуір бөлігі басқыншылыққа қарсы тұра алмай, жоңғар хандығының билігін мойындағандығы еді. Демек, Қалдан Серенмен тығыз байланыс жасау арқылы оңтүстіктегі қандастарымыздың амандығына кепіл болу қажеттігі ескерілді. Олар Ресейден рахым күте қоймады.
Сұлтанмұхаммет, Әбілпейіз сұлтандар мен Қабанбай, Қожаберген, Дәулетбай батырлар Қытай сияқты мықты одақтасқа арқа сүйеп, сауда қатынастарын өрістету, шаруашылық тәсілдерін жетілдіру арқылы бір ғасырға таяу аттан түспей, бел шешпей тіршілік кешкен, тынымсыз жорық жағдайындағы елді бейбіт өмірге бейімдеп, тұрмысын жақсарту қажет, деп білді. Сол үшін қызмет етті. Тіршілік мүддесі үшін қазақтардың алдында төртінші таңдау да бар еді. Ол – Орта Азия хандықтармен дін қарындастық жосығымен ынтымақтасу. Бұл бағытта Түрік және Парсы патшалықтарымен, Ауғанстанның Ахмет шахымен, Қоқанның Әбдікәрім бегімен одақтасуға ұмтылуға болатын еді.
Ал, Абылай сұлтан осы төрт бағыттың бір де біреуін теріске шығарған жоқ, сондай-ақ, ол елдердің бірде-біреуіне тізгін бермей, әрқайсымен мәмілеге келіп, дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға тырысты және Қазақ хандығының тәуелсіздігіне нұқсан келетін жолдарды батыл жаба білді. Қажет болса, білектің күші, найзаның ұшымен қарсы жауап беруден тайсалған жоқ. Мысалы, Ресейден, Қытайдан, Жоңғар хандығынан, Қоқан хандығынан төнген қауіпке қарсы қорғаныс майданын ашып, орайы келгенде-ақ талқандап, тайсалмастан «азу тісін ақситқаны» соған дәлел. Әлбетте, мұндай қарулы қақтығыстардың бәрінде қазақтар басым бола бермеген, Абылай сол шиеленістердің соңын асқындырмай, шебер дипломатиямен ұластыра білді.
Сонымен бірге, жоғарыда аталғандай, өз ішіміздегі «басқаша ойлауға бейім партиялармен» де тіл табысып, сол батырлар мен билердің, сұлтандардың беделін, ақыл-кеңесі мен күш-қуатын елді, жерді қорғау мүддесіне жұмылдыра білді. Табиғатынан терең ойлап, кең пішетін Абылайдың сұңғыла саясатын әріптестері де мойындады. Осы кезге дейін сақталған құжаттарда, тіпті ауыз әдебиетінде қандай да бір батырды, немесе биді, сұлтанды пікірлес болмағаны үшін Абылай жазаға тартыпты, биліктен шеттетіпті деген дерек кездеспеуі де – ғажап құбылыс.
Абылайдың Әбілқайыр ханмен, Нұралы ханмен, Батыр сұлтанмен, тіпті, Кіші жүздің ханын өлтірген Барақ сұлтанмен, Әбілмәмбет ханмен, Әбілпейіз сұлтанмен, Төле бимен, Қазыбек бимен, Жәнібек тарханмен, Байжігіт тарханмен, Оразмәмет тарханмен, Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Баян батырлармен, т.б. ара қатынаста қолындағы шексіз әкімшілік құзыретін пайдаланып, оларды күшпен көндіргені, немесе сыртынан сөз айтқаны туралы дерек те жоқ, әңгіме де естілмеген. Бұл, әрине, Абылайдың адам ретіндегі мінез-құлқы қандай болғанынан хабар береді.
Абылайдың бүкіл мемлекеттік басқару билігі мен тұрмыс-тіршілік тәртібін соғыс жағдайына бейімдеп, билердің құзыретін шектегені рас, төменнен жоғарыға дейінгі әкімшілік билік аймақ тәртібімен жүйеленіп, батырлардың қолына берілді. Ең жоғарғы кеңесші алқа болып саналған «жардың» – Хан кеңесінің қарауына аса күрделі халықаралық мәселелерді ғана ұсынып, келісімін алып отырды, шиеленісті шебер шешіп, өз ұсынысын өткізе білді, ел ішіндегі мәселелерді жеке-дара батыл үйлестіріп отырды.
Абылайды сыпаттауға тілге тиек болып отырған себеп: «Нияз батырдың ақылымен… істелген» дегенге қарап, бұл батырдың ниеті жат екен деген пікір тумауға тиіс. Кезінде, Абылайдан гөрі басқаша ойлайтын, оны сынаған тұлғаларды Абылайдың өзіне қарсы қойып, оған оппозиция іздеу, жауықтыру арқылы, ел ішіндегі беделіне шіркеу түсіру әрекеттері құдайы көршілеріміздің тарапынан талай кездескені де рас. Бірақ, мұндай арандатудан нәтиже шықпағанына, Абылайдың көлденең сөзге ермегеніне көп жылғы зерттеу үстінде көзіміз жетіп келеді.
Бұл айтылғандардан: «Абылайдың жеке басына дос санағаны әр қазақ, қазақ мүддесіне келгенде, ол пенделіктен, мансаптан биік болған» деп қорытынды жасауға болады.
Ауызекі әңгімелерден естігеніміздей, Абылайды жоңғар жағынан босатып әкелуге тоқсан жақсы барыпты. Орыс құжаттарында солардың арасында бәсентиін Малайсары мен қуандық Нияз батырлардың есімі нақты аталады. Ресей әкімдері көп қазақтың тізімін атап-атап неге бермеген десек асылық болар, тек осы екі батыр ғана бармағаны анық қой. Сондай-ақ, Абылаймен бірге тұтқыннан босаған бабаларымыздың есімдерін де білгіміз келеді-ақ. Өкінішке қарай, ол дәуірдегі іс қағаздарын жасаушылар біздің арманымызды ақтамаған. Әр заманның өз жүйесі бар, бізге жеткен там-тұм деректерді дәтке қуат еткеннен басқа шара жоқ. Оның есесіне көлкөсір аңыз-әпсаналарға арқау болып, ғасырлардан өтіп, бізге жеткен әңгімелер барына шүкіршілік.
«Абылай сұлтан қалмақ тұтқынынан босап, еліне таяп келіп қалды, қасында жоңғарлардан 30 адам бар… Абылайдан келген кісілердің айтуы бойынша, Абылай жоңғарлардан үлкен құрметпен босаған. Жоңғар ханы оған алтын оқамен зерленген отау үй, оқалы шапан, жинамалы темір шатыр, темір сауыт, т.б. беріп аттандырғаны» туралы деректер бар. Мұндай сый-сияпат Абылайға «қазақ пен жоңғардың келешекте тату көрші тұруы үшін көрсетілген. Жоңғарлар өз тарапынан бұдан былай қазақтарға тиіспейді. Ал, Абылайдың жанындағы жоңғар елшілері генералға жолығуға келе жатыр-мыс. Нендей мақсатпен жолығатынын Абылай жіберген адамдар білмейтін көрінеді».
Енді, Әбілмәмбеттің жоңғар қолындағы баласы Әбілпейіз сұлтан туралы жазба мағлұмат мынадай: «Ол сонда, жанында алты күтушісі бар, айына он қой сояды, тамағы тоқ. Жоңғарлардың қашан босататыны белгісіз. Жоңғарлар оған қоса, Барақ сұлтанның ұлын да аманатқа сұрап отыр. Ал, Әбілмәмбеттің ұлын аманатқа апарып берген Малайсары батырға сый ретінде 40 құл мен 100 бие беріп қайтарыпты»
Нияз батырдың қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны туралы нақты дерек болмағандықтан, жанама деректерге қарап отырып, жоба жасағаннан басқа амал жоқ. Батырдың заманы, өмір сүрген ортасы, замандастары жөніндегі деректерді салыстыра, салмақтай қарап, оның жасы Әбілмәмбет ханмен шамалас деп болжауға болар, бәлкім одан бірер жас үлкен де шығар. Ал, Абылай ханға әке тұрғысында екені дау туғызбайды, кемінде одан 18-25 жас үлкен болуға тиіс. Әлбетте, Қаздауысты Қазыбек бабамыздан кіші, Әбілқайыр ханнан да біраз жас кіші десек, қисынға келер. Сонда оны 1680-85 жылдары туған, 1760-жылдан кейін қайтыс болған деп жобалаймыз.
Қытай мұрағаттарында сақталып, кейінірек қолға тиіп отырған мына құжатта Нияз батыр және оның замандастары туралы деректер бар.
1758 жылғы ақпан айында хатталып, тіркелген «Қазақ тайпаларының саны туралы» деген тізбеде: «Орта жүзде: тарақты, арғын, найман, керей, уақ, төлеңгіт, қыпшақ қатарлы 7 тайпа бар», екендігі көрсетіледі де, олардың саны, кімнің билігінде екендігі құжат түрінде жазылған. Көне тарихи мағлұмат ретінде қазіргі ұрпаққа қызықты көрінер деген ниетпен сол тізімді қысқартпай бермекпін. Атап, айтсам, бұл деректер менің «Қазақтың ханы – Абылай» деген атпен, былтыр басылып шыққан екі томдық кітабымның 1-томының 528-530 беттерінде толық берілген. Зерттеуші Бақыт Еженханұлы бұл құжаттың маңызды мағлұмат екенін атай келе, «мәліметтерді қазақ даласына барған мәнжу елшілері Абылай ханның өз аузынан естіп, жазып алғанына» көз жеткізген. Демек, бұл деректердің асыл дәйегі берік екендігіне сенуге болады.
Бұл деректер де Нияз бабамыздың өз заманында, Қазақ хандығының мемлекеттік басқару жүйесінде алған ерекше орнын көрсетеді. Жеке тұлғаға арналған осынау шағын жазбаларда Тәуелсіз Қазақстанның өткен тарихына барлау жасауға талпыныс жасадық. Бұдан шығатын қорытынды – әр дәуірдің ерекшелігіне қарай, халықтың тағдырын мойнына алған көсемдері мен шешендері, билері мен батырлары болған. Егер, бүгінгі біздің бойымызда өз ұлтымызға, жерімізге деген сүйіспеншілік, құрмет сезімі болса, жүрегімізде бір мысқал намыс болса, сол ата-бабаларымыздан қалған. Неше ғасыр өтсе де, бойға қуат, ойға дәт беретін осы өнегені қастерлей білсек қана, өзіміздің қазақ екенімізді ұмытпаймыз. Ол үшін тарихты білу керек, білуге талпыну керек.