Сауран ауданының шаруалары жаңа әдіспен өнімдерін еселеп, азаматтарды жұмыспен қамтуда

Түркістан облысында мақта сапасын арттыру мақсатында биыл жаңа тәсілмен 2,5 мың гектар алқапқа мақта егілді. Шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Шаруалардың айтуынша, алғашқы нәтижесі таңқаларлық жетістік беріп отыр. Жаңа су үнемдеу технологиялары суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары.

Қазақстандық мақта талшығы сапасының төмендігінен әлемдік нарықта сұраныс болмауда. Жаңа технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Жалпы өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше мақта – тоқыма кластері құрылады. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады.

Жаңа технологиялық әдіс арқылы дәлдікпен егілген шит тұқымы тез өсіп, жетіледі. Тамшылатып суарудың нәтижесінде қоза көсегі түгелдей ашылып, өнім көрсеткіші кемінде 2 есе артады. Тиімді тұқым себу тәсілін бастаған шаруалар, өзгелерге үлгі көрсетті. Жаңа инновациялық тәсілдің тиімділігіне көзі жеткен диқандар осы әдіске өтпекші. Бұл агросалаға серпін беріп, өнім көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шаруалармен кездесіп, жайқалып өскен жаңа алқаптарды аралады. Сауран ауданының шаруалары қытайлық диқандармен кеңесе отырып, жаңа әдіспен мақта егіп, бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ, шаруа иесі жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтып, ауыл әлеуетінің артуына септігін тигізуде.

“– Былтыр облыс әкімінің тапсырмасымен тәжірибе жинақтау үшін аудан әкімімен бірге жергілікті бизнесмендер жиналып, Қытайға бардық. Сонда сол жақтың фермерлерімен сөйлескен болатынбыз. Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылында 130 гектар жерге тамшылатып суару арқылы мақта ектік. Су үнемдейтін жаңа тәсілді басқа шаруалар көріп, таң қалып жатыр. Бұл бұрын сор басып кеткен жер болатын. Мақта егуге болатынына ешкім сенбеген. Бастаманың нәтижесі керемет. Алып – қашпа әңгімелердің бос сөз екеніне көзіміз жетті. Қазақстанда рұқсат етілген тыңайтқыштарды ғана пайдаландық. Бәрі заңды. Әрі қарай осы тәжірибені пайдаланып, алқаптың ауқымын артырамыз деген ойдамыз. Сонымен қатар, жергілікті азаматтарды да жұмыспен қамтып отырмыз. Алдағы жоспарлар да жетерлік”– деді шаруашылық иесі Қанат Көшербаев.

Түркістан облысында жыл сайын облыста 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Облыста егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдылық берілуде.

Сонымен қатар көрші ауданда шетелдік инвестор мақтаны терең өңдеу көпсалалы кешені кәсіпорындарын құрып, дайын өнімді экспортқа шығаруды жоспарлауда. Жоғары сапалы шикізатты өсіруден бастап, жұқа матадан жасалған киімдер мен жоғары сапалы үй тоқыма бұйымдарын өңдеу мен өндіруге дейін өндірістің толық циклін құруды қамтамасыз етеді. Кәсіпорын облыста алғаш рет тамшылатып суару жүйелерін орнатып, 1 мың гектардан астам аумаққа мақтаның элиталық сорттарының тұқымын екті. Егістікте жергілікті тұрғындар жұмыс істеп жатыр. Кезең-кезеңмен пластикалық құбырлар, тамшылатып суару жүйелері, мақта өңдеу бойынша екі зауыт, иіру, тоқу фабрикалары және кластердің басқа да жоспарланған объектілерін өндіретін зауыттарды пайдалануға бере отырып, кәсіпорын 4 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, ал қазақстандықтарды – жоғары сапалы маталармен және тоқыма өнімдерімен қамтамасыз етеді.

Түркістан облысының өнерпаздары Астана төрінде

10 қыркүйек күні Астана қаласындағы Этноауылда Түркістан облысы өнерпаздарының мәдени-концерттік бағдарламасын назарларыңызға ұсынамыз:

сағат 11:00-16:00 аралығында Отырар халық театрының ұлттық салт-дәстүр қойылымдарынан көрініс (күнделікті)

сағат 11:00-16:00 аралығында «Арша» тобының дәстүрлі ән шашуы

сағат 12:00-де «Шаңырақ» этно шатырында «Дала сазы» концертінде Түркістан облысының «Саялы Сарыағаш» фольклорлық ансамблі өнер көрсетеді.

сағат 14:00-де Ақмола, Түркістан облыстары мен Ұлытау айтыскерлері сайысқа түседі. Облыс құрамасында «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, Нұрмахан Жақыпбек және Нұрдәулет Өмірбеков бар.

сағат 16:00-де Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәдени бағдарламасы аясында Түркістан облысы өнерпаздарының гала-концерті өтеді. Кеш қонағы – Маржан Арапбаева.

Күні бойы Түркістан облысының қолөнер шеберлерінің өнімдері көрме-жәрмеңкеде көпшілік назарына ұсынылады. Үш бірдей киіз үйде өңірдің мәдени-туристік әлеуеті кеңінен таныстырылады.

Айта кетейік, Көшпенділер ойындары – Қазақстанды әлем жұртшылығына жаңа қырынан паш ететін бірегей жоба. 8 мен 13 қыркүйек күндері елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 90-ға жуық мемлекеттен 2700-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Олар 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салады. Оның ішінде спорттың 13 түрі бойынша Қазақстан құрамасының сапында Түркістан облысынан 29 спортшы қатысуда. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Түркістан облысынан «Бірлік керуені» жобасы ұйымдастырылып, түркістандық керуен елордаға аттанған болатын.

Ал, күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртшылықпен бірге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімін тамашалады.

«Астана Арена» стадионында өткен шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

«Ата ұлды, ана ұлтты тəрбиелейді»: Түлкібастықтар салт-дəстүрді дәріптеді.

Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түлкібас ауданының мәдени күндері өтті. Этноауыл аумағында ауданнан шыққан танымал ақын жазушылардың кітап көрмесі қойылып, жиылған қауым аудан мәдениетімен кеңінен танысты.

Бұдан бөлек, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрме-жəрмеңкесі, ауылшаруашылық өнімдерінің және ұлттық тағамдардың көрме жəрмеңкесі халыққа ұсынылды. Қалаға келуші туристер ұлттық астан дәм татып, өз пікірлерін білдірді.

Шарада «Ата ұлды, ана ұлтты тəрбиелейді» атты салт-дəстүр, əдет-ғұрыптардан көріністер сахналанды. Көне салт-дәстүрлер дәріптелді. Қазақ руханиятының төл тұмары саналатын терме, халық əндері мен дəстүрлі əндерден концерттік бағдарламалар көрсетілді. Мархабат Байғұттың «Машаттағы махаббат» повестінен көше театры стилінде «Мақталы» халық театры музыкалық-сахналық қойылымды сомдады.

Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы Этноауылда ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында асық ату, бес асық, гір тасын көтеру, нысана дәлдеу, қазақша күрес, қол күрестен көрермендер мен спорт мектебінің мамандары арасында жарыстар ұйымдастырылды.

Жарыс қорытындысымен жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Екі күнге созылған мәдени шара «Керуен сарай» алаңында өткен мерекелік гала-концертпен қорытындыланды. Аудан әкімінің орынбасары Ербол Орманов қатысып, ізгі лебізін арнады.

Мың жарым жылдан астам тарихы бар, қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған киелі Түркістан қаласының аспан астында аудан әншілері «Қызғалдақты –Түлкібас», «Саржайлауым», «Қазақстаным» атты әндерді шырқаса, бишілері «Айгөлек» сынды би қойылымдарын қалың жұртшылыққа паш етті.

Айта кетейік, «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түлкібастықтар қазақы мәдениет пен көне салт-дәстүрлер дәріптеп, ұлттық спорттық ойын түрлерінен жарыстар өткізіп, ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттай білді. Аудан өнерпаздары алаңды думанды ән-биге бөлеп, қала тұрғындары мен қонақтарына көңілді кеш сыйлады.

ЕРЕКШЕ ҮЛГІДЕГІ АЛТЫН СЫРҒАЛАР

“Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Мұражай қорында археологиялық қазбадан табылған алтын сырғалардың бірнеше түрлері бар. Солардың ішінде ерекше үлгідегі сырғалардың бірі – сұрақ белгісі түріндегі сырға. Мерзімделулері ХІІІ-ХІVғғ. тән, Сауран, Күлтөбе қалаларынан табылған сырғалар. Жалпы сұрақ белгісі тәрізденген сырғалар негізгі бөліктен және сырғалықтан тұрады. Бірінің сырғалығы сым, пішіні ілмек тәрізді жұқа болса, келесісінің қимасы дөңгелек, жоғарғы ұшы бар сақина түрінде жасалып, жіңішке сымға 5 дана әр түрлі мөлшердегі ұсақ інжу тас ілінген. Ғылымда мұндай сырғаларды «қыпшақ» үлгісіндегі алтын сырғалар деп атаған.

Сұрақ белгісі тәрізді, бірақ мыстан жасалған сырғалар Отырар қазбаларынан да табылғандығын атағанымыз жөн. Осы тәрізді мыстан жасалынған сырғаларды Отырар халқының қарапайым тұрғындары таққан болуы керек деп болжауға болады. Жалпы, мұндай сырғалар кейінгі ортағасырлық қабаттардан жиі табылған. Мәселен, Тараз №3 рабадының ХІІІ – ХІVғғ. қабаттарынан да сұрақ белгісі тәрізді сырға табылған.

Зерттеуші ғалым Т.Н.Сенигова мұндай сырғалардың Орталық Қазақстан аймағындағы обалардан табылуын қалалықтарға қыпшақтардың ықпал етуімен түсіндіреді. Ендеше сұрақ белгісі үлгісіндегі алтын сырғалардың кездесулері қыпшақ және басқа да далалық тайпа өкілдерінің қала халқының құрамында болғанының айғағы деп түсінуіміз керек.

Тағы да айта кету керек, осындай сұрақ белгісіне ұқсас сырғалар Түркіменстанның Ташау облысындағы ортағасырлық Шехрлик қаласынан да табылғанын ғалымдардың еңбектерінен кездестіреміз.

Келесі ерекше үлгідегі сырғалар – Күлтөбе қаласынан табылған, III-IV ғасырлардағы алтыннан жасалған «калаш» түріндегі сырғаларға. Олардың пішіндері бір-бірін қайталайды, айырмашылығы тек өлшемдерінде және қондырылған көздер санында. Жалпы пішіні сопақша болып келген, сырты жұқа алтын фольгамен қапталған. Сырға беттерінде көздер қондыруға арналған сопақша немесе дөңгелек ұяшықтар орналастырылған. Сырғаның жоғарғы екі ұштарына қола ілмектері бекітілген.

Өкінішке қарай, ілмектері толығымен сақталмаған, тек бір сырғада ғана кішкене бөлшегі сақталған екен. Мұндай сырғаларды жасау технологиясының өзгешеліктері бар: бөлшектер бөлек немесе бірге құйылуы мүмкін, дәнекерленуі де мүмкін. Калачи сырғалары бүгінгі күнге дейін Азиядан Еуропаға дейінгі әртүрлі халықтардың мәдениеттерінде кездесетін сырғалардың ең көне түрлерінің бірі болып саналады.

Белгілі археолог, ғалым Е.Смағұлов, өз еңбегінде ресей ғалымы А.Торгоевтың Күлтөбеден табылған сырғалар жайында айтқан пікірін сүйеніп, «Сырғалар Күлтөбеде өмір сүрген зергерлердің қолынан шыққан” деп есептеуге болатынын айтқан. Музей қорындағы осындай «калаш» ,«сұрақ белгісі» тәрізді сырғалар сирек кездесетін ерекше сырғалар қатарына жататын құнды жәдігерлердің бірі болып саналады.

Ә.Егеубаева – “Әзірет Сұлтан” Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қор сақтаушы.

«Тоқта, түн» («Стоп,ночь») фильмі премьерасының күні белгіленді

«Тоқта, түн!» – бұл A’Studio тобының əндері желісімен түсірілген толықметрлі киномюзикл. Премьерасы 2024 жылдың 5 қыркүйегіне жоспарланған.

Синопсис

Фильм өз арманына нық сеніммен келе жатқан жас музыкант Бейбіт туралы. Əке рөліне енді үйреніп келе жатқан Бейбіт, шығармашылық пен отбасылық өмірді тең ұстауға тырысады. Өзіне ғашық биші қыз Джулияны кездестіргенше бəрі ойдағыдай еді.

Бұл оқиға ақын жəне музыкант жас жігіттің өмірі, махаббат, достық жəне де сүйікті қала Алматы туралы.
Фильм туралы
Кинокартинада негізгі оқиғаларды бейнелеуге алматылық «A’Studio» тобының 17 əні ұсынылған. Мюзиклде тыңдармандардың сүйікті хиттеріне айналған «Стоп, ночь!», «Солдат любви», «Грешная страсть», «Тик-так», «Еще люблю» жəне «Джулия» сияқты басқа да əндер орындалады. Көрерменге тосынсый ретінде топтың аты «Алмата» кезіндегі алғашқы альбомдағы əндер қазақша шырқалады.
Фильмде «A’Studio» тобының негізін қалаушы, продюсер Байғали Серкебаевтың жаңа өңдеуден өткізген əндері орындалады.
Фильмнің продюсерлерінің бірі, Америкалық мюзикл жəне драма академиясының түлегі, «Инопланетяне ни при чем», «18 килогерц», «Схема» фильмдерінің продюсері – Дина Жұмабек.
Фильмге динамика мен энергия беретін ең жарқын музыкалық сахналарды қоюға 500 ден аса əртүрлі стильдегі бишілер қатысты. Би қойылымдарын хореографтар Арсен Именов – (Қазақстан), «Танцы» жобасының қатысушысы жəне Мадонна, Пафф Дэдди сынды əлемдік жұлдыздармен жұмыс істеген Сапл Нам (Ұлыбритания) қойды.
Фильмді Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне ақпарат министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Medeor» ЖШС түсірді.
«Қазақстандық киноматографиясының тарихында музыкалық картина көп емес. Алғашқы мюзикл режиссер Шəкен Аймановтың 1958 жылы жарық көрген «Біздің

 

сүйікті дəрігер» картинасы. Онда басты рөлді менің əкем Ермек Серкебаев сомдаған. Мюзиклдің композиторы кемеңгер Александр Зацепин. Оның, менің əкемнің орындауындағы, «Надо мной небо синее» əні мега-хитқа айналып, миллиондаған көрерменннің жүрегінен орын алған. Жарты ғасыр өткен соң, 2024 жылдың 5 қыркүйегінде «Стоп, ночь» фильмінің премьерасы болады. Мен осы картинамыз Қазақстандағы киномюзикльдер эстафетасын жалғасытрғанын қалаймын», – деді Байғали Серкебаев.
Жобаның басты қатысушылары
● Оператор: Александр Плотников («Тұлғалық өсі тренингі», «18 килогерц», «Схема», «Аманат», «Разрывая замкнутый круг», «Сказ о розовом зайце»)
● Қоюшы суретші: Алексей Шиндин («Тұлғалық өсі тренингі», «18 килогерц», «Схема», «Стриж», «Бауыр»)
● Хореография: Арсен Именов, Сапл Нам
● Продюсерлер: Байғали Серкебаев, Дина Жұмабек
● Актерлер:
Кемеңгер Оралов – Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі, мамандығы – «драма жəне кино актері» («5:32» сериал / 2021, «Ключи счастья» сериал / 2022, «Рокировка» / 2022)
Қарлығаш Ермекова – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Мемлекеттік жəне халықаралық музыкалық байқаулардың лауреаты, MOLDANAZAR тобының клавишта орындаушысы.
Жасмина Нурахметова – кəсіби биші, хореограф, “JD DANCE” би ұйымдастырушысы. NAZIMA, Say Mo сияқты əншілерге би қойған. Raim&Artur&Adil “Симпа”, Ирина Кайратовна “Wu Kang”, Ninety One “Senorita” бинебаяндарына түскен.
«A’Studio» тобы туралы
«A’Studio» – бүкіл əлем бойынша тыңдармандарын əдемі əуен мен жүрекке жеткізер сөздерімен тəнті еткен қазақ музыкасының пионерлері. Қазіргі таңда да олардың мұралары жаңа толқынды əртістер мен сүйікті тыңдармандарына шабыт беруде.
Қолдағандар мен серіктестер
Фильмнің жарық көруіне қолдау білдіргендер: KMF, Кинопоиск, Яндекс Плюс, Air Astana, Алматы қаласының халықаралық əуежайы жəне медиамаркетингтік агенттік Nonna Marketing Agency, фильмнің бас ақпараттық серіктестігі WeProject.media, сыртқы жарнама бойынша медиа серіктес Citix.

«Тоқта, түн!» фильмі 2024 жылы 5 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі. ҚР территориясындағы дистрибьютор компания «Sulpak Cinema».
Фильмнің Instagram аккаунтына сілтеме:
https://www.instagram.com/stopnight_film?igsh=ajlveXpnaTBuZmdx