ТҮРКІСТАН: КЕНТАУ ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА ТҰР

Кентау қаласындағы «Кентау Сервис» МКК №5 Жылу электр орталығындағы тозығы жеткен қазандықтарды қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстар Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауына алынған.

Қазіргі уақытта орталықтағы негізгі жабдықтың тозуы 85%-дан асады. Оның ішінде, 1952-1955 жылдары іске қосылған №7,8 бу қазандықтарына соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілді. 1958 жылы №9,10 бу қазандары іске қосылып, соңғы күрделі жөндеу 1990 жылы жүргізілді. №11,12 бу қазандары 1958 жылы іске қосылып, соңғы күрделі жөндеу 2012 жылы жүргізілді. Талап бойынша мұндай жұмыстар 5 жыл сайын жүргізілуі тиіс.

Осы жылғы жылыту маусымында станция тұрақты режимде 4 қазандықпен жұмыс істеді. Қазандықтардың тозығы жеткендіктен, жылу беру маусымында қазандықтар бірнеше рет сөндіріліп, жылудың сапасына айтарлықтай кері әсерін тигізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Кентау қаласының №5 ЖЭО жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта 6 қазандықтың қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, №8,11 қазандықтар 30 тамызда аяқталды, №9,10 қазандықтар қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. №7 және №12 қазандықтардың қайта құру жұмыстарын қараша айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Бұдан бөлек, 2 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда. №5 қазандықты жөндеу бюджет есебінен, №6 қазандықты жөндеу демеушілер есебінен іске асырылып жатыр. Жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Жұмыстардың мерзімінде әрі сапалы аяқталуы қатаң бақылауға алынған. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік-жекешелік әріптестігі тетігі арқылы 240 МВт жаңа газотурбиналық электр станциясының құрылысы жобасын іске асыру үшін үшжақты келісімге қол қайылып, Жол картасы бекітілді.

Сондай-ақ, облыстағы 293,1 шақырымды құрайтын жылу желілеріне тұтастай техникалық зерттеу жүргізілді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жылу желілерінің тозуы 46,5 пайызды құрады. Жоспарға сәйкес, Кентау қаласындағы 6,6 шақырым магистралды жылу желілері қайта жаңартылды. Оған республикалық бюджеттен 4,6 млрд теңге қаралды. Сонымен қатар 14,5 шақырым жылу желілерін реконструкциялау бойынша жоба әзірленді.

Айта кетейік, Кентау қаласының жылу электр орталығының іргетасы 1934 жылы қаланып, жабдықтары 1952 жылы орнатылды. Қала бойынша жылу тұтынушы 3255 нысан болса, жалпы абоненттер саны 16 мыңға жуық.

ТҮРКІСТАНДА «SARAP» ЭКСПЕРТТЕР КЛУБЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ ЖИЫНЫ ӨТТІ

Түркістанда «SARAP» эксперттер клубының аймақтық жиыны өтті. Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Іс-шараға Түркістан облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, атом энергиясы мен экология саласының кәсіби мамандары, жастар және азаматтық қоғам, партия өкілдері қатысты. Жиында Жолдауда айтылған мемлекеттік шешімдер қабылдаудағы азаматтардың белсенділігі және жаңа қоғамдық-саяси мәдениет, экологиялық тәуекел мен қауіпсіздік, атом электр стансасын салу туралы жалпыұлттық референдум жайын талқылап, өзара пікір алмасты. Кездесуге қатысқан көпшілік АЭС салу тақырыбына ерекше назар аударды.

Шараға арнайы келген ҚР ЭМ Ядролық физика институтының Бас инженерінің орынбасары Асхат Бекбаев аталған станцияның салынуы — ел ертеңі үшін аса маңызды қадам екенін айтып, референдумға үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырды.

СОЦИС-А Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты жүргізген социологиялық зерттеу қорытындысы

«СОЦИС-А» Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» Жеке қоры КӘЗИ ҚҚ 2024 жылғы 11-12 қыркүйек аралығында халық арасында телефон арқылы сауалнама жүргізді.

Сондай-ақ, аталған сауалнама ҚР заңнамалық нормаларын сақтай отырып жүргізілгені, атап айтқанда, референдум өткізу мерзіміне қарсы қоғамдық пікір өлшемін жүргізу туралы ҚР ОСК хабардар етіліп, оған
ҚР ОСК-сы 11.09.2024 ж. №ЗТ- 2024-05252908 хатпен жауап бергені атап өтілген.

17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан азаматтар қатысқан сауалнама ауқымы 1000 респондентті қамтыды.

Сауалнама анкетасына келесі сұрақтар енгізілді:

1) Сіз АЭС салу бойынша референдумға қатысасыз ба?
2) Қазақстанда АЭС салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?
3) Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?

Сауалнама қорытындысы келесіні көрсетті:

«Міндетті түрде барамын» (35,6%)және «Мүмкіндігінше баруға тырысамын» (20,2%) нұсқаларын таңдаған респонденттердің үлесі жалпы іріктеменің55,8%-ын құрады. Осылайша, сауалнамаға қатысқан әрбір екінші адам референдумға баруға дайын екендігін көрсетті.

Сауалға қатысқандардың оннан бір бөлігінен астамы «референдумға қатыспаймын» деген (12,2%).

Алдын ала болжанғандай референдумға қатысу/қатыспау туралы «әлі бір шешімге келмеген» респонденттердің үлесі жоғары болды (16,6%).

Сауалнамаға қатысқандардың 13,6%-ы «бұл жаңалықты бірінші рет естіп отыр»(атом электр станциясын салуы мүмкін деген жаңалықты бірінші рет естіп отыр).

Респонденттердің аз бөлігі (1,8%) бұл сұраққа «жауап беруге қиналамын» деп көрсеткен.

«Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?» деген сұрақта пікірлер эмоционалды ұстанымнан бастап толығымен прагматикалық дәлелдерге дейін құбылады.

Мәселен, «азаматтардың денсаулығына әсер етуі ықтимал» және «экологияға әсер етуі ықтимал» деген эмоционалды пікірлері бар жауаптарды таңдау тиісінше 59,5% және 54,1% құрады. Бұл, ең алдымен, желіде АЭС салу ықтималдығы туралы алғашқы ақпарат пайда болған сәттен бастап мұндай жобалардың қауіптері туралы әртүрлі пайымдар тарала бастағандығына байланысты болуы мүмкін.

Айта кету керек, сауалнамаға қатысқан халық АЭС-те қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты шаралары бойынша прагматикалық ойлар айтқан: «Апаттардың алдын алу жөніндегі қауіпсіздік шаралары» (43,1%); «Радиоактивті қалдықтарды басқару» (24,9%); «Кадрлық әлеует» (16%)*

*(Ескерту: Қосындысы 100% емес, өйткені респонденттер бірнеше жауап нұсқаларын таңдай алды).

«Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа келісетіндердің үлесі 60,4% құрады.

Сауалнамаға қатысқандардың 30,1%-ы АЭС салу идеясын қолдамайды.

Сауалнамаға қатысқан әрбір оныншы адам (9,5%) атом электр станциясының құрылысына қатысты сұраққа жауап беруден бас тартқан.

Зерттеудің жалпы қорытындысы:

— Респонденттердің 55,8%-ы өз азаматтық ұстанымын көрсетуге және АЭС салу мәселесіне қатысты дауыс беруге ниет танытты;

—  АЭС құрылысын қолдаушылардың үлесі 60,4%.

Жүргізілген социологиялық сауалнама нәтижесінде әрі қарай жария түсіндіруді талап ететін экологиялық және техникалық қауіпсіздік критерийлерінің контуры межеленді. Атап айтқанда, халық денсаулық қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ құрылыстың техникалық жағы және атом станциясының болашақ жұмысшыларының кадрлық құрамының кәсібилік деңгейі туралы алаңдайды.