Референдумда дауыс беруге құқылы азаматтардың 63,87 пайызы таңдау жасаған

Алдын ала қорытынды:
7 млн 820 мың 918 адам: Референдумда дауыс беруге құқылы азаматтардың 63,87 пайызы таңдау жасаған

Аймақтар бойынша Түркістан облысы ең белсенді үштіктің қатарында — дауыс берушілердің 75,31 пайызы таңдау жасаған.

6 қазандағы республикалық референдумда дауыс беруге құқығы бар азаматтардың келуінің алдын ала қорытындылары туралы ақпарат жарияланды.

6 қазанда дауыс беру күні Орталық референдум комиссиясы күні бойы учаскелердің ашылуы және дауыс берудің басталуы туралы ақпарат беріп отырды, сондай-ақ әрбір екі сағат сайын ҚР ОРК мүшелері дауыс берушілердің қатысуы туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың аумақтық комиссияларының деректерін беріп отырды.

Республика бойынша учаскелерде дауыс беру сағат 20.00-де аяқталды.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес 2024 жылғы 6 қазанда сағат 20.00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген азаматтардың жалпы санының 63,87% -і бюллетень алды.

Оның ішінде өңірлер бөлінісі бойынша:

1. Абай облысы бойынша – 69,57 %
2. Ақмола облысы бойынша – 71,63 %
3. Ақтөбе облысы бойынша – 75,11 %
4. Алматы облысы бойынша – 68,71 %
5. Атырау облысы бойынша – 63,28%
6. Батыс Қазақстан облысы бойынша – 67,03%
7. Жамбыл облысы бойынша – 61,28%
8. Жетісу облысы бойынша – 68,01 %
9. Қарағанды облысы бойынша – 72,12 %
10. Қостанай облысы бойынша – 73,45 %
11. Қызылорда облысы бойынша – 82,48 %
12. Маңғыстау облысы бойынша – 54,03 %
13. Павлодар облысы бойынша – 65,09 %
14. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 66,31 %
15. Түркістан облысы бойынша – 75,31%
16. Ұлытау облысы бойынша – 70,69 %
17. Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 73,79 %
18. Астана қаласы бойынша – 50,81 %
19. Алматы қаласы бойынша – 25,39 %
20. Шымкент қаласы бойынша – 70,57%

Учаскелік референдум комиссиялары дауыстарды санауға кірісті. Учаскеде дауыстарды санау уақыты оларды санау басталғаннан кейінгі он екі сағаттан аспауға тиіс.

РЕФЕРЕНДУМ: ОБЛЫСТЫҚ «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ДАУЫС БЕРДІ

Мерейлі отбасы облыстық байқауының І орын иегері Меңлібаевтар отбасы референдумға келіп, өз таңдауларын жасады. Олар Сарыағаш ауданындағы №682 дауыс беру учаскесіне барып таңдауларын жасады. Отағасы Есіркеп Меңлібаев 74 жаста. Ал жұбайы Орынкүл Меңлібаева зейнеткер, «Алтын алқа» иегері. Үлгілі отбасы 3 ұл, 4 қыз, 22 немере, 11 шөбере тәрбиелеп отыр.

Айта кетсек, Түркістан облысында 1 млн 180 мыңнан астам адам дауыс беруге құқылы. Өңірде 17 аудан-қала бойынша 945 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр.

РЕФЕРЕНДУМ: ТҮРІКСТАН ОБЛЫСЫНДА «СЕЛФИГЕ ТҮС ТЕ, ЖЕҢІМПАЗ АТАН!» КОНКУРСЫ ӨТУДЕ

Түркістан облысының тұрғындары дауыс беру учаскелерінің маңында селфиге түсіп, #референдумғакел, #дауысбер сынды хештэгтермен әлеуметтік желілерге жариялап, конкурсқа қатысуда. Жеңімпаздарды анықтау ашық түрде өтпек. Яғни, кез-келген дауыс беруші өз парақшасына сурет салып, хештэг қою арқылы, түрлі сыйлықтарға ие болмақ.

Естеріңізге сала кетейік, ел президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2-қыркүйек күні Қазақстан халқына Жолдауы барысында АЭС салу мәселесі бойынша республика көлемінде жалпыхалықтық референдум өтетінін мәлімдеген болатын. Бүгін таңғы 7:00-ден бастап Түркістан облысында 945 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА РЕФЕРЕНДУМ КҮНІ 73 СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

Түркістан облысында референдум күні 73 сәби дүние есігін ашты. Оның қатарында егіздер де бар. Референдум күні Түркістан облысында 41 ер бала, 32 қыз бала туды. Сол бұрымдылардың біреуін Әсем Белденова өмірге әкелді. Жаңа босанған ананың жағдайы жақсы.

Баласын бауырына басқан тағы бір ана, Дильназ Момынова. Оның 2 қыз бір ұлы бар.

Айта кетейік өңірде осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 27 074 сәби дүние есігін ашқан. Олардың 311-і егіз, 7-і үшем.

«АРЫС» ФУТБОЛ КЛУБЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМДА ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

«Арыс футбол клубы республика көлемінде өтіп жатқан референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Клубтың директоры Ерғазы Медетбеков бастаған спортшылар маңызды саяси оқиғадан шет қалмай, азаматтық борыштарын атқаруды дұрыс деп тапқан.

«Біз спортшылар ретінде тек алаңда ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді болуымыз керек. Әрқайсымыздың дауысымыз ел болашағын анықтауға үлес қосады», — дейді спортшылар.

Аяқдоп шеберлерінің бұл қадамы азаматтық белсенділіктің маңызды екенін көрсетті.

ТҮРКІСТАН: ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАДЫ

Ел мақтанышы, белгілі спортшы, V дүниежүзілік Көшпенділер ойынының жеңімпазы арыстық Азамат Мақұлбеков республика көлемінде өтіп жатқан маңызды саяси шара АЭС құрылысына қатысты референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Алыптар сайысының жеңімпазы Азамат қоғамның белсенді мүшесі ретінде елдің болашағына қатысты маңызды шешімдерден шет қалмауды азаматтық борышы санайтынын жеткізді.
Сондай-ақ, V дүниежүзілік көшпенділер ойынындарында көкпардан жеңіспен оралған Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі жетісайлық Абылайхан Нышанбеков пен Жетісай аудандық көкпар федерациясының Президенті Сабыр Айбеков, аудандық «Ұлттық спорт клубы» КММ басшысы Ерлан Райымбердиев бастаған бір топ шабандоздар Жаңа ауыл ауылдық округінің Ынтымақ елді мекенінде орналасқан №211 дауыс беру учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖАС ЖҰБАЙЛАР РЕФЕРЕНДУМДА ДАУЫС БЕРДІ

Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылындағы №584 дауыс беру учаскесіне жаңадан шаңырақ құрған жас жұбайлар келіп дауыс берді. Жұбайлық өмірге жаңадан қадам басқан жас отбасы иелері Лазизхан Шарипов пен Махбуба Шарипова.

Айта кетсек, облыста 1 млн 180 мыңнан астам дауыс беруші бар. ҚР Орталық референдум комиссиясынан 13 республикалық қоғамдық бірлестік, Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясынан 32 қоғамдық бірлестік аккредитациядан өткен. Барлық 945 учаскеде 6 433 байқаушы мен 20 мобильді капитан жұмыс істеуде. Сондай-ақ, 167 ауылдық елді мекенде тұрғындарды тексеру үшін жылжымалы медициналық пункттер жұмыс істеп тұр. Дауыс беруге алғашқы келгендерге арнайы сыйлықтар табыс етіледі.

 

РЕФЕРЕНДУМ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ МАҚТАШЫЛАРЫ ДАУЫС БЕРДІ

Мақтааралдық шаруалар мен мақташылар бүгінгі тарихи сәтке бейжай қарамай АЭС салуға қатысты өз таңдауларын жасады. Қазіргі таңда мақта алқаптарында 2 мыңға жуық адам жұмыс істеуде. Жалпы аудан бойынша 62 референдум учаскесі таңертеңнен бастап сайлаушылар үшін ашық тұр. Ауданда 69 940 референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тіркелген.

Мақтаарал ауданында мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасау үшін 61 сайлау учаскелері арнайы кабиналармен, тактилдік көрсеткіштермен, арнайы бұрыштармен, мониторлы компьютермен, құлақаспаптармен, ұлғайтқыштармен, тұтқалармен және пандустармен толық жабдықталған. Сонымен бірге, 11 сурдо-тифло аудармашы, 3 инватакси, 4 әлеуметтік таксимен қызмет көрсетуде.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ШАРДАРАЛЫҚ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫ РЕФЕРЕНДУМДА ДАУЫС БЕРДІ

«Шардара Армспорт» спорт клубының қол күресшілері Шардара ауданындағы №850 дауыс беру учаскесіне барып өз таңдауларын жасады. Бүгінде «Шардара Армспорт» спорт клубында 500-ге жуық спортшы жаттығады. Аудан бойынша қол күрестен 113 әлем чемпионы бар.

Айта кетсек, Шардара ауданы бойынша 33 дауыс беру учаскесі құрылған. Онда 43 675 дауыс беруші тіркелген. Учаскелер 07:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады. Азаматтар жеке куәлігін не төлқұжатын көрсету арқылы дауыс бере алады.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: БАТЫР АМАНГЕЛДІ ИМАНОВТЫҢ ШӨБЕРЕСІ ДАУЫС БЕРДІ

Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округі Бәйтерек елді мекенінің тұрғыны, ұлт-азаттық көтерілісінің сардары, батыр Амангелді Имановтың шөбересі Ғалымжан Нұрахов та бүгінгі референдумда дауыс берді. Ал батырдың немересі Рысбай Рахымбаев 10 перзентінен бүгінде 50-ден астам немере сүйіп отыр. Бүгінгі өтіп жатқан референдумда батырдың ұрпақтары белсенділік танытып, өз таңдауларын жасады.
«Аллаға шүкір, еліміз тыныш, шекарамыз бүтін, ұйқымыз қанық, қарнымыз тоқ. Біздің ендігі мақсатымыз – қол жеткізген жетістіктеріміз бен жеңістерімізді сақтап, одан әрі дамыту. Ол үшін бүгінгі жасайтын таңдауымыз үлкен маңызға ие»-дейді батырдың шөбересі Ғалымжан Нұрахов.