ҚАСЫМ, ЖОМАРТ, КЕМЕЛДІҢ АНАСЫ ДАУЫС БЕРДІ

Жуырда Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округінің 33 жастағы тұрғыны 7 қыздан кейін үшем босанып, 10 баланың анасы атанған болатын. Көптен күткен ұлдарына Қасым, Жомарт есімдері, қыздарына Кемел есімі берілген еді.

Бүгін – Жалпыхалықтық референдум. Келес ауданының тұрғындары АЭС салуға қатысты референдумда белсенділік танытып жатыр. Бұл еліміз тәуелсіздік алғалы өтіп жатқан төртінші референдум. Ал бұл – саяси өзгерістерге қатысы жоқ алғашқы референдум.

Осы орайда Келес ауданындағы үшемнің анасы Гүлназ Мыңжасар осындай шешуші сәттен қалыс қалмау қажет деп шешкенін айтады. Ақтөбе ауылдық округінде тұратын «Алтын алқа» иегері Гүлназ Мыңжасар сайлау учаскесіне үшем Қасым, Жомарт, Кемелді ертіп келді.

«Бүгін сайлауға келдік. Осындай шешуші сәттен қалыс қалмауымыз қажет деп таптық. Өйткені балаларымыздың ертеңі бүгінгі шешімге байланысты. Балаларымыздың болашағы жарқын болсын деген ниетпен таңдау жасадық, — дейді алтын құрсақты ана.

Саяси науқанда белсенділік танытқан үшемдердің ата-анасына естелік сыйлықтар табысталды. Жалпы, Келес ауданында дауыс беруге келіп жатқан көпбалалы аналардың қарасы қалың.

РЕФЕРЕНДУМ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЕҢ ҚАРТ ТҰРҒЫНЫ ТАҢДАУ ЖАСАДЫ

Жетісай ауданы, Қарақай ауылдық округіне қарасты Қ.Сәтпаев елді мекенінің тұрғыны, Түркістан облысының ең қарт дауыс берушісі 110 жастағы Унгай Бегбаева да өз таңдауын жасады. Тың игеруге қатысып, екінші дүниежүзілік соғыста майдандағы жауынгерлерге қолынан келгенше көмек берген әжей соғыстан кейінгі жылдары ауылды қалпына келтіру ісіне атсалысқан.

1914 жылы Тәжікстан Республикасының Қорғантөбе облысында дүниеге келген Унгай Бегбаева әжей бүгінде 110 жаста. 5 перзентінен 14 немере мен 30 шөбере сүйіп отыр.

РЕФЕРЕНДУМ: ОРДАБАСЫЛЫҚ ҒАСЫР ЖАСАҒАН СОҒЫС АРДАГЕРІ ДАУЫС БЕРДІ

Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмен Мұратов үй жағдайында №437 сайлау учаскесінің жылжымалы жәшігі арқылы дауыс берді. Ардагер 1924 жылы 20 ақпанда аудандағы Бөржар ауыл округі, Таздар ауылында дүниеге келген. Ол 1942 жылы 1 тамызда әскер қатарына шақырылып, Беларусь майданында шайқасқан. Нәтижесінде қария “Құрмет белгісі”, I дәрежелі “Отан соғысы” ордендерімен және “Еңбек ардагері” медаліне ие болған.

Айта кетейік, жалпы облыста 200 мыңға жуық зейнет жасындағы қарт пен ардагерлер тұрады. Оның 11-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, 3,2 мыңнан астамы тыл еңбеккерлері.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 170-КЕ ЖУЫҚ АУЫЛДЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕ ЖЫЛЖЫМАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ПУНКТТЕР ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

Бүгін бүкілхалықтық референдум күні Түркістан облысындағы 167 ауылдық елді мекенде жылжымалы медициналық пункттер жұмыс істеуде. Аталған медициналық бригадалар учаскелерге келген дауыс берушілердің денсаулығын бақылайды.
Айта кетсек, Түркістан облысында таңғы 07:00-ден бастап 17 аудан-қала бойынша 945 дауыс беру учаскесі өз жұмысын бастады. Бүгінгі таңда облыста 1 млн 180 мыңнан астам дауыс беруші бар. ҚР Орталық референдум комиссиясынан 13 республикалық қоғамдық бірлестік, Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясынан 32 қоғамдық бірлестік аккредитациядан өткен. Барлық 945 учаскеде жалпы 6 433 байқаушы мен 20 мобильді капитан жұмыс істеуде.

ТҮРКІСТАНДА РЕФЕРЕНДУМ КҮНІ КІТАП ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-ң дауыс беру учаскесінде референдум қарсаңында кітап жәрмеңкесі өтті. Науқанға белсене қатысып, өз таңдауын жасауға келген қала тұрғындары арзан бағада түрлі жанрлардағы кітаптарды сатып ала алады. Бүгінгі таңда 10 мыңға жуық студентті білім нәрімен сусындатып отырған оқу орны аумағындағы учаскеге дауыс беру үшін жиылғандардың қарасы көп. Көрме-жәрмеңке де көпшіліктің назарынан тыс қалмады.

 

РЕФЕРЕНДУМ: КЕНТАУЛЫҚ ЖАС САРБАЗ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

Кентау қаласы Хантағы ауылындағы №60 дауыс беру учаскесінде Отан алдындағы борышын өтеп келген, көпбалалы отбасыдан шыққан Кенжебек Байтуған өз таңдауын жасады. Алматы қаласында №61993 әскери бөлімінің десанттық шабуылдау әскерінде борышын өтеп келген жігіт саяси науқанда өз таңдауының ел ертеңі үшін маңызды екенін тілге тиек етті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі № 636 Жарлығына сәйкес, бүгін еліміздің барлық өңірлерінде референдум өтіп жатыр. Жалпы Кентау қаласы бойынша 35 дауыс беру учаскелерінде 56 405 дауыс беруші тіркелген.

 

 

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КӨКПАРШЫЛАРЫ РЕФЕРЕНДУМДА ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

Жетісай, Келес, Мақтаарал, Отырар аудандары мен Кентау қаласының көкпаршылары референдум күні дауыс беру учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасады. Мәселен, кентаулық көкпаршылар Байылдыр ауылында орналасқан №48 дауыс беру учаскесінде дауыс берді.

Жалпы Кентау қаласы бойынша 35 дауыс беру учаскелерінде 56 405 сайлаушы тіркелген. Дауыс беру учаскелерінің барлығы қажетті материалдық-техникалық базалармен толық қамтамасыз етілген.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: САУРАНДЫҚ ЕГІЗДЕР РЕФЕРЕНДУМДА ДАУЫС БЕРДІ

Саурандықтар референдумда белсенділік танытуда. Жас пен жасамыс та өз таңдауларын жасап жатыр. Жібек Жолы ауылдық округінің егіз тұрғындары ағайынды Нұрбол мен Ербол Тәжібаевтар жұбайларымен бірге №86 учаскеде өз дауыстарын берді. 1982 жылы туған егіздер елеулі оқиғаларға үнемі атсалысып келеді. Олар бұған дейін де өткен барлық науқандарға жүйелі түрде қатысып жүргендерін айтып, өзге тұрғындарды да белсенді болуға шақырды.

Айта кетейік, бүгінде Сауран ауданы бойынша 41 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр. Аталған орындарда қауіпсіздік шаралары санитарлық нормаларға сай ұйымдастырылған. Тұрғындардың қатысу белсенділігі де жоғары деңгейде. Референдумға қатысып, таңдау жасау кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

_________

ТУРКЕСТАНСКАЯ ОБЛАСТЬ: БЛИЗНЕЦЫ ИЗ САУРАНА ПРОГОЛОСОВАЛИ НА РЕФЕРЕНДУМЕ

Сауранцы активно выступают на референдуме. Молодые и созидательные люди тоже делают свой выбор. Жители — близнецы сельского округа Жибек Жолы братья Нурбол и Ербол Тажибаевы вместе с супругами отдали свои голоса на участке №86. Близнецы 1982 года рождения постоянно участвуют в серьезных событиях. Они отметили, что регулярно участвовали во всех предыдущих кампаниях и призвали других жителей быть активными.

Отметим, что на сегодняшний день по Сауранскому району действует 41 избирательный участок. В указанных местах меры безопасности организованы в соответствии с санитарными нормами. Активность населения также находится на высоком уровне. Участие в референдуме и выбор продлится до 20:00.

Региональная служба коммуникаций Туркестанской области

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҰОС АРДАГЕРЛЕРІ РЕФЕРЕНДУМДА ДАУЫС БЕРДІ

Түркістан облысында ҰОС ардагерлері АЭС құрылысы бойынша өтіп жатқан референдумға қатысып, өз таңдауларын жасады. Мәселен, Сауран ауданы Ескі Иқан ауылының тұрғыны 100 жастағы ардагер Закір Мұсаев өз таңдауын жасап, өзге аудан тұрғындарын да науқанға белсене қатысуға шақырды. Сонымен қатар, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округінің №580 дауыс беру учаскесіне 98 жастағы Ахмеджан Анартаев та келіп, ел келешегіне бей-жай қарамайтындығын айтып, дауыс берді. Абыз ақсақалдарға комиссия мүшелері алғысын айтып, ақ батасын алды.

Айта кетейік, жалпы облыста 200 мыңға жуық зейнет жасындағы қарт пен ардагерлер тұрады. Оның 11-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, 3,2 мыңнан астамы тыл еңбеккерлері.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ДАУЫС БЕРУ УЧАСКЕЛЕРІНДЕ СПОРТТЫҚ ОЙЫНДАРДАН ЖАРЫС ӨТТІ

Түркістан облысында дауыс беру учаскелерінде спорттық ойындардан жарыстар өтіп жатыр. Мәселен, Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінде орналасқан №197 дауыс беру учаскесінде науқанға қатысушылар арасында үстел теннисі, дойбы, қол күресі, тоғызқұмалақ ұлттық ойындардар жарыс ұйымдастырылды. Республикалық референдумға өз таңдауын жасауға келген дауыс берушілер ойынға белсене қатысып, викториналық сұрақтарға жауап берді. Жеңімпаздар анықталып, сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, Отырар ауданында арқан тартудан сайыс ұйымдастырылып, белсенділік танытқан азаматтар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік дауыс беру — азаматтардың тұрғылықты жері бойынша дауыс беру учаскелерінде өтеді. Учаскелер 07:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады. Азаматтар өз басын куәландыратын құжат арқылы дауыс бере алады. Айта кетейік, бүгін облыс бойынша қоғамдық көліктер тегін қатынайды.