«ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ» КӨПТОМДЫҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Түркістанда «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында, Республика күні мерекесіне орай, «Қазақстан тарихы» көптомдығын әзірлеу жұмыстарына қатысқан ғалымдар — т.ғ.д., профессор М.Қожа және т.ғ.к., доцент З.Жандарбектің қатысуымен дөңгелек үстел мәжілісі болып өтті. Музей-қорық басшылығы мен ғалым-мамандары, қызметкерлері қатысқан дөңгелек үстел отырысын «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының директоры М.Садықбеков жүргізіп отырды. Музей-қорық басшысы алдымен бүгінгі дөңгелек үстелді өткізудің мақсаты мен міндетіне тоқталып өтті.

Айта кетейік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан тарихы» көптомдығы жөнінде: «Қазақстан аумағында өткен тарихи оқиғалардың әлемдік үдерістермен тығыз байланыста сипатталуы маңызды. Бір сөзбен айтсақ, жеті томдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет. Көптомдықтың тілі – жеңіл, мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек. Бұл – аса маңызды мәселе. Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырамын. Содан соң ол ғылыми ортада кеңінен талқылануы керек. Бұл еңбек ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз. Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі», — деп атап өткен болатын.

Дөңгелек үстелдің мақсаты да Президенттің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан тағылымы мол, маңызды жұмыстардың нәтижелерін талқылап, қазақ тарихының айқын көріністерін, жаңа тың деректерді баяндау және көптомдықтың ұрпақ үшін маңыздылығын дәріптеу, насихаттау болды. Аталған басқосуда «Қазақстан тарихы» көптомдығы авторларының бірі т.ғ.д., профессор М.Қожа сөз берді. Тарихшы-ғалым т.ғ.д., профессор М.Қожа ХІІІ-ХVІІІ ғғ. Қазақстандағы қалалар мәдениетіне қатысты бөлімді жазғандығын жеткізді. Кітапта Қазақстан территориясындағы көне қалалар Түркістан, Тараз, Отырар, Сарайшық, Алматы т.б. қалалар жөнінде тың ғылыми мәліметтер қамтылғандығын атап өтті.

Тарихшы ортағасырдағы қазақ хандығы тарихын зерттеу ісінде, Түркістанды айналып өтуге болмайтынын және Түркістан қаласы қай кезден бастап Қазақ хандығының астанасы екеніне, қашаннан бастап Қазақ хандығына бағынышты болғанына тоқталды.

– «Түркістан – Қазақ хандығының астанасы» десек, ең бірінші назар аударатын мәселе: ол қай кезден бастап астана дәрежесіне ие болғаны жөнінде сауал туындайды. Йасы қаласы 10-12 ғасырларда шағын қалашық болған. Кейін дами келе аймақ орталығына айналады. Ал 16-ғасырдан бастап «Йасы қаласы осы үлкен аймақтың астанасы» деген сөз кездесе бастайды. Соның бірі 16-ғасырдың басында Фазлаллах ибн Рузбихан Исфаханидің «Михман наме-йи Бухара» атты еңбегінде «Йасы қаласы үлкен иеліктің, Түркістан аймақтарының астанасы» деп жазылған. Екінші деректе Осман тарихшысы ал-Кафави, (1582ж қайтыс болған) 16-ғасырда жазған еңбегінде «Йаси, – бұл Түркістан патшасына туыратын орын. Бұл қаладан ас-шайх ас – саййид Ахмад ал-Йасави, …Оның моласы сонда қадірленеді, зиярат жасалынады» деп жазып кеткен. Бұл – Қазақ хандығына дейінгі Түркістан қаласының астана дәрежесінде болғанын көрсететін айғақтар. Көп тарихшыны қызықтырар тағы бір мәселе: ол – Түркістанның қашаннан бастап Қазақ хандығына бағынышты болғаны, солардың иелігіне қашан толық өткені. Мұнда мына жайтты айтқым келеді. Жалпы Сырдың орта ағысы аймағы уақытында Ақ Орда хандарының иелігіне тиесілі болған. Өтеміс қажының «Шығыснама» еңбегінде, Қадырғали Жалайырдың еңбектерінде «Орыс хан билік етті» деген деректер кездеседі. Орыс хан, өздеріңіз білетіндей, қазақ хандығының арғы бабасы. Кейін қазақ хандығы Жетісу аймағына барып, кетуге мәжбүр болғаннан кейін бұрынғы тұрған аймағын қайта иеленуге келген. Мысалы, Темірліктермен, өзбек ұлысы, ақ ордалықтар арасында соғыс болып жатқан кезде Орыс ханның баласы Барақ бұл жер – бабаларының жері екенін және түрлі қоныстар салғанын айтып, осы аймақты қайтарып беруін талап еткен. Қазақ хандары орныққаннан кейін көп уақыт өтпей Түркістан аймағын қайтаруға әрекет еткен. «Түркістан қашаннан бастап қазақ хандарына бағынышты болды» деген сауалға қайта келер болсақ, А. И. Добросмысловтың 1912 жылы жарық көрген еңбегінде Түркістанда хандық құрғандардың тізімін келтіреді: Есім, Жәңгір, Батыр, белгілі заң шығарушы Тәуке, Қайып, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай. Осы пікірге негізделіп, «Түркістанның Қазақ елі астанасы ретінде тарихта орын алуы Есім ханнан басталады» деп саналады. Бұған Орта Азияның айтулы тарихшысы, Хиуаның болашақ ханы Әбілғазының Түркістандағы Есім хан ордасын паналауын куәға тартамыз. Хиуа ханы, атақты тарихшы Әбілғазы Бахадүр хан: «… мен қазақ ішіне кеттім. Түркістанда Есім хан қасында үш ай тұрдым. Ол уақытта қазақтың ханы Тұрсын хан еді, ол Ташкентте тұратын еді, Түркістанға келді. Есім хан оны көре барды, мені есік алдына қойып, өзі барып Тұрсын ханға көрініс қылып, қайта келіп, мені қолымнан жетектеп алып барды. Тұрсын ханға: «Бұл Иадгар хан ұлы Әбу-л-Ғазы, еш уақытта бізге бұл жамағаттан кісі келіп, қонақ болған жоқ еді, бізден барғандар көп болар, бұл Сіздің қызметіңізде болғаны жақсы», — деді. Тұрсын хан: «Жақсы, сенің айтқаның болсын» деп өзімен бірге Ташкентке алып кетті» деп жазады. Бұл ақпарды сол кезде шамамен 20 жастан асқан Әбілғазы Бахадүр хан жазып кеткен екен. Осы дерекке сүйене отырып, яғни Түркістанда Есім ханның қасында үш ай тұрғанына қарап Түркістанның Есім ханға қарағанын санаған едік,-дейді тарихшы Мұхтар Қожа.

Түркістан қаласының қазақ хандығының астанасы болғанына тағы бір дәлел: бұл қала білім мен ғылымның орталығы атанған. Мұхтар Қожаның айтуынша көшпелі қазақ балаларының сауатын ашуда Түркістанның орны ерекше.

« – Мысалы 1747 жылғы деректерде «үшінші күні Жәнібек Тарханға отаны Түркістан болып келетін және ордада қазақ балаларын оқытумен айналысатын Бердіш молда келді» деп жазылған. Бұл басқа қалаларға емес осы Түркістанға келуінде мән бар. 19-ғасырдың басында хан болған Тоғайдың інісі Әліақбар сұлтан тапсырысымен 1813 жылы Әбдрахман Өзкенди Түркістан қаласында «Қисса-Дастан Шыңғыс хан» атты тарихи шығарма жазған. Бұл шығарманы ХҚТУ доценті Зікірия Жандарбек қазақ тіліне аударды. Орыстардың Орынбор экспедициясының бастығы И. Кириллов 1734 жылы 11 шілдеде сыртқы істер коллегиясына жазған хатында «Туркестан где была их старинная столица» деп Түркістанның астаналық дәрежесін атап кетеді. Қорыта келгенде Түркістан қаласының 15 және 18-ғасырдағы тарихына қатысты қолда бар деректер бұл қаланың қазақ хандығында ерекше орны барын, шын мәнінде астаналық дәрежеде болғанын көрсетіп тұр,» — деп түйіндеді тарихшы Мұхтар Қожа.

Тағы бір айрықша атап өтетін жәй Сарайшық қаласынан табылған құмыралардың бірінде Ж.Баласағұнның сөзі түрік тілінде жазылғандығын айтып, осындай мәліметтер кітапқа енгізілгендігін жеткізді.

Ал, «Қазақстан тарихы» көптомдығы авторларының бірі тарих ғылымдарының кандитаты З.Жандарбек Алтын Орда дәуірінің тарихына қатысты зерттеу еңбектерін ұсынғандығын жеткізді. Рухани бағыттағы мәліметтер кітапқа толығымен енгізілсе деген пікірін ортаға салды. Сондай-ақ, археолог-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Тұяқбаев Түркістан қаласының тарихына қатысты мәліметтерді тізбектей отырып, кесене маңында жерленген тұлғалар бойынша пікірін ортаға салды. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында жазылған мәліметтерді автор қаншама жыл Ресейдің архивтерінен алғандығын атап өтті. Сол деректік мәліметтердің нәтижесінде, Тәуекел ханның Түркістанда жерленгендігін нақтылып алдық, — деп сөзін түйіндеді.

« — Алғаш рет мұнда 1598 ж. Тәуекел хан мен Қайнар-Күшек сұлтан жерленген. Қазақ хандарынан Түркістанды астана деп жариялаған Есім хан 1628 ж. осында жерленеді, онан соңғы жерленген 20 ханның ішінен үш жүзге билігі жүргендері Жәңгір, Тәуке, Қайып, Болат, Әбілмәмбет және ұлы ханымыз Абылай болды. Егер қазақ хандарының жалпы санын, жоғарыда айтқандай 78 хан мен аты ғана белгілі 5 ханды қосып, 83-ке жеткізсек Түркістанда қазақ хандарының 25 пайызы жатқан болып шығады. Ал, сұлтандарға келсек әзірге белгілісі 8 адам ғана, егер Абылайдың өзінің 30 ұлы болғанын есепке алсақ олардың нақты санын білу мүмкін емес. Қазақ билеріне келетін болсақ Түркістанда жерленген әзірге 25 бидің есімі анықталып отыр. Ғылыми еңбектерде 84 қазақ ру-тайпаларының таңбасы белгілі, алайда негізгі қазақ тайпаларының саны 45 екендігін де білеміз. Олар әрі қарай кішігірім руларға және аталарға бөлініп кетеді, мұның санын дәл анықтау әлі күнге жүріп жатыр. Қазақ хандығы тұсында 45 тайпадан 45 би мемлекеттік мәселелерді шешуге араласты деп есептесек те, әр рудың, әр атаның өз биі болғаны барлығын шатастырады. Бізде жерленген билердің қаншасы тайпа биі болғанын білу де мүмкін емес, бұған олардың әр ғасырда өмір сүргендігін қоссақ ешбір есеп беру мүмкіндігінен айырыламыз. Батырлар да солай, Түркістанда әзірге жерленген 67 батыр есімі анықталып отыр.» — деді Археолог-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Тұяқбаев

Дөңгелек үстелге қатысушылардың тарапынан авторларға сұрақтар қойылып, ғалымдар тарапынан сұрақтарға жауаптар берілді.