ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨМІРГЕ ДЕГЕН ҚАЖЕТТІЛІК 150 МЫҢ ТОННАҒА АЗАЙҒАН

Түркістан облысындағы жылыту маусымы өңірдегі 12 ауданда биыл 11-21 қазан аралығында басталды. Қалған 5 аудан, қалаларда жылу маусымын 1 қарашадан бастау жоспарланған. Бұл туралы өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева мәлімдеді.

— Облыс көлемінде 1 жылу энергия орталығы, 34 орталықтандырылған және 1 622 автономды қазандықтар бар. Жалпы облыстағы 737 көпқабатты тұрғын үй мен 2 243 бюджеттік мекеме жылыту маусымына толықтай дайын. Қазіргі таңда Кентау қаласындағы 6,6 шақырымдық магистральды жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Өңірдің көмір отынына қажеттілігі — 684,1 мың тонна. Елді мекендерді газдандыру жұмыстарының нәтижесінде, қатты отынға тәуелділік өткен жылмен салыстырғанда 150 мың тоннаға азайған. Облысқа көмір тасымалдаумен 23 өңірлік оператор айналысады. Қазір көмір тұйықтарындағы көмір қоры 120 мың тоннаны құрап отыр. Жалпы жағдай қалыпты, көмір жоспарға сәйкес тасымалдануда. Аймақта көмірдің 1 тонна бағасы 19 850 – 22 000 теңге аралығында саудалануда. Сондай-ақ облысқа қажетті 7,8 мың тонна әлеуметтік мазутты ҚР Энергетика министрлігі тарапынан оператор мекемелері анықталып, бағасы бекітілді. Тасымалдау жұмыстары бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Қыркүйек, қазан айларында өңірге 3 616 тонна мазут тасымалданды, — деді спикер.

 

Сызған ауылдық округінде 1 миллиард теңгеге жуық жобалар іске асырылуда

Биыл Сызған және Басбұлақ елді мекендеріндегі су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, тұрғындар орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Қайнар елді мекенінде тұрғындардың сұранысына сәйкес ішкі көшелерге көше жарықшамдары орнатылды. Сонымен қатар, Сызған ауылындағы Қ. Рүстемов көшесі және Қозмолдақ елді мекеніндегі М. Берістемұлы мен Ж. Дәуітбайұлы көшелері де жарықтандырылды. Сызғаннан жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрайтын Қариғаш, Мектеп және Тастақ көшелері орташа жөндеуден өтті. Ауыл тұрғындары үшін заман талабына сай жабдықталған шағын футбол алаңының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, құрылысы келер жылы басталмақ.

Сонымен қатар, КХ-110 «Мардан-Қозмолдақ-Сызған» облыстық автомобиль жолының 0-13,3 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары басталды. Қайнар ауылының ішкі көшелеріндегі электр желілері жаңартылып, жақын арада жұмыстар толық аяқталады. Осылайша, ауылдық округте жалпы құны 1 миллиард теңгеге жуық жобалар іске асырылуда. Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Сызған ауылдық округі тұрғындарымен өткен есептік жиында баяндап, атқарылған жұмыстарды кеңінен түсіндірді.

Жиын барысында тұрғындар алдыңғы кездесулерде айтылған өтініштердің аяқсыз қалмай, тиісті жұмыстардың жүргізілгеніне ризашылық білдірді. Аудан басшысына алғыстарын жеткізіп, бірнеше ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Аудан әкімі айтылған мәселелердің әрбірін назарға алып, заң шеңберінде жауаптар берді. Шешім табуға мүмкіндік беретін ұсыныстарды жауапты мамандармен бірлесе талқылап, нақты тапсырмалар жүктеді.

Ұлы Отан соғысының ардагері Мырзахмет Жылысбаев ақ батасын беріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі. Есептік жиыннан соң аудан басшысы Қозмолдақ елді мекеніндегі «Балдаурен» бөбекжай-балабақшасында болып, жылу жүйесімен танысты. -«Біздің басты мақсатымыз – балаларымызға сапалы білім мен тәрбие беретін заманауи әрі жайлы орта қалыптастыру. Балабақшадағы мәселелерді шешу үшін бар мүмкіндікті қарастырамыз», – деген аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы балабақша меңгерушісі мен ондағы қызметкерлердің қажеттіліктерін тыңдап, шешуді қажет ететін мәселелер сараланды.