Созақ ауданы: Жуантөбе ауылындағы жүйелі жұмыстар

Жуантөбе ауылдық округінде биыл жүйелі жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда 100 пайыз ішкі көшелер асфальтталып, халыққа қажетті инфрақұрылымдар мен маңызды нысандар ел игілігіне берілді. Бұл бағыттағы жұмыстарға ауыл тұрғындары мен ауыл ақсақалдары да оң бағасын берді. Айта кетейік, Жуантөбе ауылдық округінің әкімі Абраев Дәуіржан Жолдасұлы ауыл ақсақалдарына біршама біткен құрылыс нысандарын аралатып, таныстырған болатын. Яғни, Созақ ауданының Құрметті азаматы, тыл ардагері Сығалайұлы Әбдіразақ, еңбек ардагері Шаймерденов Өтенбай, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсыбек Амандық, әділ би Тайбек Аманжол, ақсақалдар кеңесі Сәрсен Алтай бастаған топ қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигонды және толық жөндеуден өткен кіші футбол алаңшасын аралап көрген еді.

Сонымен қатар ауылдық клуб жанынан ашылған заманауи спорттық жаттығу залының жұмысымен танысып, халықтың игілігі үшін жасалған жүйелі істерге ризашылықтарын білдіріп, атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан басшылығына алғыс жеткізген. Жалпы Жуантөбе ауылында құрылыс саласы бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Жергілікті бюджет есебінен мал тоғытатын нысан құрылысы және мал емдеу мен бірдейлендіруге арналған станок алаңының құрылысы жүргізілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке қарайтын жанбай тұрған бағаналарға жарықтандыру шамдары жаңадан орнатылды. Көктем мезгілінде де «Торлан-Строй» ЖШС тарапынан біршама ахау келген бағаналарға жөндеу жұмыстары жасалған болатын. Ал, ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен Қожақ Омарұлы көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. 2018 жылдан бастап жүргізілген жарықтандыру жұмыстарының нәтижесінде ауылдағы негізгі 8 көшенің қазіргі таңда барлығы және көше аралық жолдар толығымен 100 пайыз жарықтандырылған.

Көктем мезгілінде төртінші деңгейлі бюджет есебінен біршама ахау келген бағаналарға жөндеу жұмыстары жүргізіп, сырланған, алдағы уақытта да тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіледі.Сонымен қатар үнемделген қаржы есебінен жеке арнайы ауыл жарықтандыру жүйелерін бір жерге топтастыратын трансформатор орнату жоспарда.

Сонымен қатар, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудандағы ауылдық округтер мен кенттерге 11 дана электрлі көтергіш машиналарын табыстаған болатын. Соның 1 данасы Жуантөбе ауылына жеткізіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жүк көтергішпен жұмыс жеңілдей түскен. Яғни, бағаналардағы көше жарықшамдарын алмастыру мен ауылдарға кіре беріс тұстағы аркаларды безендіру, баннерлер ілу сынды жұмыстарды оңтайландыруға тиімді.

Жоғарғы кеңістіктегі жұмыстарды оңтайландыратын жаңа машиналар ауданға облыс көлемінде алғаш болып алынып отыр. Бұған дейін аудандағы елді мекендердің арасы шалғай орналасқандықтан істен шыққан жарықшамдарды алмастыруға немесе қажеттілігіне қарай өзге де жұмыстарға жүк көтергіш машиналарының жетіспеуі сынды мәселелер туындап келген болатын. Жаңа қондырғылардың салмағы 1,5 тоннаны құраса, 12 метрге дейінгі биіктікке көтеріледі. Кез келген көлік түріне жегіп, тасымалдауға ыңғайлы етіп жасалған.

Айта кетейік, биыл Жуантөбе ауылында асфальт төсеу жұмыстары да қарқынды жүрді. Елдімекендегі жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын Қазыбек би, Қ.Омарұлы мен Ә.Жақсыбайұлы, Б.Достайұлы көшелеріне асфальт жабындысын төселіп, жергілікті тұрғындардың талап-тілегі орындалды. Осылайша ауылдың негізгі көшелеріндегі топырақ және тас жол мәселесі оң шешімін тауып, ішкі автомобиль жолдары 100 пайыз асфальтпен қамтылды. Қазіргі таңда ауыл көлемінде 9,4 шақырымды құрайтын негізгі ішкі автомобиль жолдары бар. Биылғы жылы тұрғындар сұранысына орай бірқатар көшеге жарықшамдар орнатылып, бұл мәселе де оң шешімін тапты. Осылайша ауылдың негізгі ішкі көшелері де толығымен жарықтандырылды. Сонымен қатар ауыл тазалығын ретке келтіру мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон да пайдалануға берілді.

Жалпы Созақ ауданында жолдарды жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін облыстық бюджеттен 547 млн. 67 мың теңге қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық  11 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін 371 млн. 127 мың теңге қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген.

2023 жылы Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, нәтижесінде аталған елді мекендердің көшелері 100% асфальт жабындысымен қамтылған. Бүгінгі таңға ішкі жолдардың асфальт жабындысы 66 пайызды құраса, ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде 69 пайыздан асады деп жоспарлануда.

2024 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 26,1 шақырымды құрайтын 25 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін облыстық бюджеттен 710 млн. 613 мың теңге қаржы бөлініп, мердігер анықталып шарт түзілді. Қазіргі таңда асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 21,2 шақырымдық 18 көшеге қиыршық тас төсеу және асфальт жабындысын төсеу үшін 493 млн. 289 мың теңге қаржы бөлініп, мердігер анықталып шарт түзілді. Қазіргі таңда асфальт жабындысын және қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.