ТҮРКІСТАНДА БОТАНИКАЛЫҚ БАҒЫ БАР «ЖАСТАР» САЯБАҒЫ АШЫЛДЫ

Түркістанда заманауи үлгідегі жаңа «Жастар» саябағы пайдалануға берілді. Саябақтың ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын алда келе жатқан еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

– Сіздерді Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Өздеріңізге мәлім, осыдан 6 жыл бұрын жаңа Түркістан облысы құрылды. Бүгінде Түркістан тек облыс орталығы ретінде ғана емес, түркі әлемінің рухани мәдени орталығы болып қалыптасты. Түрлі нысандар бой көтеріп, шын мәніндегі инфрақұрылымы қалыптасқан жаңа сәулетті қалаға айналды. Қаланы абаттандыру және қала тұрғындары мен қонақтары үшін серуендеуге қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ Түркістан қаласында жасыл желектер алқабын ұлғайту мақсатында нақты жұмыстар атқарылуда. Өздеріңізбен бірге «Жастар» саябағы кешенінің ашылу салтанатының куәсі болып отырмыз. Бұл жаңа саябақ қалаға қосымша көрік беріп, тұрғындарымыздың демалысын жақсы өткізуге таптырмас орын болары анық. Біз халық игілігіне берілетін нысандарды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ шараға қала тұрғындары мен елімізге танымал өнер жұлдыздары – Мадина Сәдуақасова, Ғазизхан Шекербеков, Махмуд Уримбаев өнер көрсетті.

Саябақтың жалпы алаңы – 10,5 га. Демалыс аймағында скейтборд алаңдары, шахмат клубы, өзге де ойын алаңдары, сонымен қатар, 2 шақырым жүгіру жолы және веложолдар қарастырылған. Жабық жылыжайда әртүрлі құрлықтан әкелінген өсімдіктердің 70-ке жуық түрі өсіріледі. Олардың ішінде Жерорта теңізі, Латын Америкасы, Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия және тағы басқа аймақтардың өсімдіктері бар. Пальма, фикус, тропикалық, шөл, субтропиктік, цитрус өсімдіктерімен қамтылған. Сонымен қоса оқушыларға биология сабақтарын өту мүмкіндігі қарастырылған. Саябақта құстар мен балықтар бар.

Айта кетейік, Түркістан қаласында 32 саябақ, 32 сквер мен аллея, 15 жасыл алаң мен аймақ бар.

ТҮРКІСТАНДА ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА 500-ДЕН АСА ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Түркістан қаласында «Жібек жолы» тұрғын үй кешені пайдалануға тапсырылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындардың қуанышын бөлісуге арнайы барып, баспана кілттерін табыстады.

– Баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз мәңгі, мәртебеміз биік болсын! Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар тұрғындарымыздың жайлы өмір сүруіне, баспана және жұмыспен қамтылуына бағытталған. Бүгін кезекте тұрған 500-ден аса отбасы көптен күткен пәтеріне қол жеткізіп, қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алып отыр. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! – деді Дархан Амангелдіұлы.

«Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылысы Түркістан қалалық әкімдігінің тапсырысымен жүргізілді. Қаланың Әкімшілік-іскерлік орталығынан бой көтерген 5 қабатты 508 пәтерлі арендалық тұрғын үй баспана кезегінде тұрған азаматтарға үлестіріледі.

Айта кетейік, биыл жыл басынан бері Түркістан қаласында кезекте тұрған 482 отбасына пәтерлер табысталды. Жалпы, жыл қорытындысымен түркістандық 990 отбасы баспанамен қамтамасыз етілмек.

Елімізде алғаш рет жосықсыз жұмыс берушілердің тізімі жасалады

2024 жылғы 12 желтоқсанында Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры өзінің жаңа бастамасын жариялады. Жосықсыз жұмыс берушілер тізімі жобасының мақсаты – жұмыс берушінің еңбек заңнамасын сақтауына қоғамдық бақылауды күшейту. Сондай-ақ, еңбек кодексін бұзу жайттарын жария ету. Жобаның ережесі Қордың adildik.org.kz сайтына жүктелген.

Жұмысшының Еңбек кодексінің 22-бабында қарастырылған құқығын бұзған кез-келген жұмыс беруші тізімге енгізілуі мүмкін. Жалақының кешіктірілуі, қауіпсіздік техникасын сақтамау, жұмыс тоқтап тұрғаны үшін ақы төлеуден бас тарту, төленетін еңбек демалысын бермеу, жұмыстан заңсыз шығару сынды жағдайлар тізімге енгізуге себеп бола алады. Бұл тұста жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек шартының болуы міндетті емес. Қолында еңбек шарты болмаса да жұмысшының Еңбек кодексінде қарастырылған құқықтары бар.

Еңбек құқығының бұзылуы жайлы ақпаратты жұмысшы, ұжым, БАҚ, билік органдарының өкілдері, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар және оқиға куәгері де ұсына алады. Бұл үшін Қор сайтында арнайы үлгіні толтыру керек. Реестрде заңды тұлғаның атауы, мекенжайы, саласы, құқықбұзушылық түрі мен саны және т.б. деректер болады. Жосықсыз жұмыс беруші реестрінің ережесінде ұсынылған мәліметтердің дәйектілігі қатаң бақыланады. Өтініш беруші еңбек қатынасы мен құқықбұзушылық фактісін растайтын құжаттарды ұсынуға тиіс (мәселен, хабарламалар скриншоты, еңбек шартының көшірмесі). Егер жұмыс берушінің әрекетіне қатысты еңбек ұжымынан шағым түссе, жұмысшылар қол қойған парақты ұсыну жеткілікті.

Қор ақпаратты ашық дереккөздерден тексере алады. Қажеттілік туындаған жағдайда ресми сұрау жібереді. Алайда деректердің растығы үшін жауапкершілік өтініш берушіге жүктеледі. Шындыққа жанаспайтын шағымдардың алдын алу үшін өтініш берушіні жауапкершілік жайлы ескертудің бірнеше кезеңі қарастырылған. Реестрге енген жұмыс берушілер уәжбен келіспесе, ақпаратты жоққа шығаратын дәлелдерді ұсына алады. Олар расталса, тізімнен шығарылады. Бірақ құқықбұзушылық қайталанса, бұл жұмыс берушіні тізімнен алып тастау уақыты созылады.

Қор өтініш берушілердің жеке деректерін жарияламайды. Реестр қордың adildik.org.kz сайтында жарияланады. Кез келген адам оның мазмұнымен таныса алады. Онлайн режимінде толықтырылып отырады. Осылайша ақпаратты бір жерде жинақтау қазақстандықтарды жосықсыз жұмыс берушімен еңбек қатынасынан қорғайды.

«Бұл реестрдің жүзеге асырылуы еңбек құқығы бұзылған жұмысшылар мен осы мәселеге бейжай қарамайтын қазақстандықтардың белсенділігіне байланысты. Жұмыс беруші алдап кетсе немесе осындай жағдайға куә болсаңыз, бізге хабарлауға шақырамыз. Реестрге қоссақ, компания атауы мен жетекшілерін барша ел білетін болады! Реестр – жай ғана тізім емес. Жұмысшы құқығын қорғау мүмкіндігі. Біздің бастамамыз әр адамның еңбегі бағаланатын қоғам құру жолындағы қадам боларына сенеміз», – деді баспасөз мәслихатында Қор директоры Дана Рысмұхамедова.

Жобаны іске қосу қоғамдық бақылауды дамытып, құқықтық мәдениетті нығайтуға жағдай жасайды. Қор барша жұмысшыны, қоғамдық ұйым өкілдері мен азаматтарды еңбек адамының құқығын қорғап, әлеуметтік әділдікті нығайтуды көздейтін бастаманы белсенді қолдауға шақырады. Жосықсыз жұмыс берушілердің алғашқы тізімі 2025 жылдың басында жарияланады.