ТҮРКІСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНДА ТУРИСТІК БАҒЫТТАР АШЫЛАДЫ

Түркістан облысының делегациясы Өзбекстандағы Туризм комитетінің өкілдерімен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында екі ел арасындағы туризм саласын дамытуға бағытталған маңызды мәселелер талқыланды. Жиында екі тарап шекаралық туризмді жандандыру, ортақ туризм өнімдерін әзірлеу және туристік инфрақұрылымды дамыту жөнінде ұсыныстар айтты.

Сонымен қатар, «Жібек жолы» бағыты аясында бірлескен маркетингтік шаралар мен комбо-турларды ұйымдастыру туралы бастама көтерілді. Нәтижесінде Өзбекстан елінің Туризм комитеті тарапынан бұл бастамаларға қолдау көрсетілетіндігі айтылды. Осы ретте екі елдің туристік әлеуетін арттыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нақты жобаларды іске асыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.

 

ТҮРКІСТАН: «ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ – АДАМЗАТТЫҢ БОРЫШЫ» АТТЫ СЕНБІЛІК ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы басталған болатын. Осы ретте

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, экологиялық сана мен қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Табиғатты қорғау — адамзаттың борышы» атты сенбілік өтті.

Сенбілік Түркістан қаласының шағын саябағы мен Сауран қалашығындағы тарихи-мәдени орталықтың маңайында ұйымдастырылды. Қатысушылар қатарында облыстық жастар орталығының қызметкерлері, Сауран ауданының мамандары және еріктілер болды. Жастар мен еріктілер тобы аймақтың тазалығын сақтап, көгалдарды күтіп, қоқыстарды жинап, қоршаған ортаның көрікті әрі таза болуына үлестерін қосты. Бұл сенбілікке қатысушылар табиғатқа деген қамқорлықтың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, экологиялық мәдениетті насихаттауға бағытталған жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 600 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру бойынша елімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес Сайрам ауданы, Манкент ауылдық округіндегі «Айнабұлақ» негізгі орта мектебі ел игілігіне берілді. 600 орынға шақталған білім ұясы облыстық бюджет есебінен салынды. Білім ордасының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды қос мерекемен құттықтап, ұстаздар мен оқушыларға сәттілік тіледі.

«Бүгін қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ел Президенті білім саласына қолдау көрсету, ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Өңірде осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде. Бұл мектепте білім алуға барлық жағдай жасалған. Мұның бәрі өсіп келе жатқан ұрпақтың игілігі үшін істеліп жатыр», деп атап өтті облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы

Оқу ғимараты 3 қабаттан тұрады. Заманауи үлгіде салынып, материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған. Мектепте асхана, оқу және зертхана бөлмелері, спорт залы соңғы үлгіде жасалған. Ұлдар мен қыздарға арналған шеберханасы мен арнайы дәрігерлік кабинет қарастырылған. Информатика мен робототехника сыныптары да бар.

Айта кетейік, Түркістан облысында биыл 50 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 2 мектеп тапсырылып үлгерді.