ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНЫҢ ӨТУ БАРЫСЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысы бойынша жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Облыста 1 жылу энерго орталығы, 34 орталықтандырылған және 1 622 автономды қазандық бар. Өңірдегі 737 көпқабатты тұрғын үй мен 2 243 бюджеттік мекемеге жылу тұрақты берілуде. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға жылыту маусымын тұрақты бақылауда ұстауды ескертті.

Түркістан облысына 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына жалпы қажеттілік көмір көлемі 684,2 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта жалпы қамтылу көрсеткіші 500 мың тонна немесе 73 пайызды құрап отыр. Қазіргі уақытта жылыжай иелері тарапынан көмірді сатып алу қарқыны артуда. Түркістан өңіріне көмір тасымалдаумен 23 өңірлік оператор айналысады. Көмір тұйықтарындағы көмір қоры 68 мың тоннаны құрап отыр. Жалпы жағдай тұрақты.

Облыстағы №5 жылу электр орталығында 6 қазандықтың қайта құру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, 2 қазандық ағымдағы жөндеуден өткізіліп, резевте тұр. №6 турбогенератор қайта жөнделіп, іске қосылды. Жобалық қуаттылығы – 5 МВт және 4 МВт электр қуатын өндіруде.

Сондай-ақ 2023-2024 жылдары Кентау қаласындағы тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралды жылу желілері ауыстырылды. 4 ескірген насостық станция қайта жаңартылып, жылу желілеріндегі гидаравликалық қысым реттелді. Одан бөлек, Арыс қаласындағы табиғи газбен жылытылатын орталық қазандықтар пайдалануға берілді. Төлеби ауданы, Ленгір қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді қамтитын жарамсыз 150 метр жылу желілері толық ауыстырылып, резервтік қазандық орнатылды. Созақ ауданы бойынша Таукент кентінде 5 қазандықта, Қыземшек кентінде 4 қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу берілуде. Оған қоса, 2940 метр жылу желілері жаңартылды.

Түркістан облысында жылыту маусымының өту барысы аймақ басшысының бақылауында тұр.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУДАН КӨШ БАСТАДЫ

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары жыл басынан 97,2%-ды құрап, облыс бағаны тұрақтандыру жұмыстары бойынша өңірлер арасында 1 орынға шықты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру арқылы өңірдегі инфляция көрсеткіші төмен деңгейде сақталып келеді. 11 айдың қорытындысымен инфляция көрсеткіші 7,6%-ды құрап, бұл көрсеткіш бойынша да Түркістан облысы тиімді жұмыс жүргізіп, республикада 4 орынға тұрақтады.

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық отырысында өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауаптыларға бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.

«Түркістан» ӘКК өкілінің хабарлауынша, бағаны тұрақтандыру бойынша Делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия белсенді жұмыс істеуде. Комиссияның негізгі қызметіне бағаны негізсіз өсірмеу, сауда үстемесін асырмау, өндірушіден сауда нүктесіне дейінгі баға тізбегін қарау функциялары кіреді. Жыл басынан комиссияның 96 отырысы өткізілді. Бағаны негізсіз өсіру, сауда үстемесін асыру, өнімсіз делдалдарды анықтау бойынша 281 факті қаралып, әкімшілік айыппұл салу үшін тиісті органдарға жолданды. Осы жұмыстардың нәтижесінде, баға тұрақты деңгейде сақталып келеді. Жалпы алғанда, айналым схемасы, форвардтық келісімшарттар, қоймадағы қорларды есептегенде тұрақтандыру қорында 32 мың тонна азық-түлік қоры бар.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, азық-түлік қоры жеткілікті. Сыйымдылығы 4000 тоннаны құрайтын заманауи қойма толық пайдалануға берілді. Қоймада азық-түлік тауарлары талапқа сәйкес сақталып, сауда орындары мен әлеуметтік дүкендерге тұрақты жөнелтілуде.

2025 жылдың маусымаралық кезеңіне тұрақтандыру қорын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін 11 тауар өндірушімен 1,1 млрд. теңгеге жалпы 4 309 тонна картоп, 2 735 тонна сәбіз, 2 460 тонна пияз, 1 883 тонна қырыққабат өнімдеріне және күріштің 2 234 тоннасына, 1 санатты 13,5 млн. дана тауық жұмыртқасын сақтау мерзімімен форвардтық келісімшарттар жасалды. Халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, 2025 жылға егіс құрылымы бекітілді. Жоспарға сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдары 906 мың гектарға егіледі деп күтіліп отыр.

Пресс-служба акима Туркестанской области