«ҰЛТТЫҚ ҚОР — БАЛАЛАРҒА»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 920 МЫҢНАН АСТАМ БАЛАҒА ҚАРЖЫ АУДАРЫЛҒАН

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы басталған болатын. 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап ҚР Ұлттық қорынан алғашқы қаражат есептеліп, барлық балаларға алғашқы қаржы аударылды. Жалпы еліміз бойынша бағдарламаға 6 919 131 бала қатысушы ретінде тіркелген. Олардың барлығына бірдей 100 АҚШ доллары 52 центі мөлшеріндегі сома аударылды. Ал Түркістан облысы бойынша 922 841 балаға қаржы аударылған болатын.

Енді жыл сайын Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен сома ұлғайып отырады. Сондай-ақ, есептелген қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында одан әрі инвестициялануын жалғастырады. Ол бағдарламаға қатысушы балаларға 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс алып келмек.

Атап кету керек, бағдарлама іске қосылған алғашқы 10 күн ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін нысаналы жинақ төлемін алуға берілген 41 өтінім, ал білім беру ақысын төлеу мақсатында 42 өтінім түсіп, БЖЗҚ уәкілетті операторға өтінім берген азаматтардың банктік шотына аудару үшін төлем жүргізген.

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ӨНДІРІС ДАМИДЫ

Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім байқалады. Өткен жылы облыс орталығының жалпы өңірлік өнім көлемі 421,7 млрд теңгені құраған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды, жаңа жобаларды қолға алуды тапсырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен дайындалған «Түркістан қаласының Ерекше мәртебесі» туралы Заң жобасы жуырда Парламент Мәжілісінде мақұлданды. Бұл заң киелі Түркістан қаласының одан әрі дамуына оң ықпал етпек. Жұмысты күшейтіңіздер. Тиімді жобаларды қолға алған жөн, – деді Нұралхан Көшеров.

Түркістан қаласында өндіріс орындарының саны артып келеді. Бүгінде қаладағы 180 гектар аумақта Арнайы экономикалық аймақ орналасқан. Одан бөлек, 190 гектар жерде Индустриалды аймақ іске қосылған. Бұл аймақта 10,5 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы уақытта 19 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында бетон бұйымдарын жасау, есіктер шығару, битум өндіру, жұмсақ жиһаздарды жасау, әк өндіру сияқты жобалар бар.

Облыс орталығында халықты жұмыспен қамту шаралары да қарқынды жүзеге асырылып келеді. 2024 жылы 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жоспар 116,2 пайызға орындалған.

Тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасады. Өткен жылы 961 пәтер пайдалануға берілсе, биыл 944 пәтерді ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Түркістан қаласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС АЛАҢДАРЫН АРАЛАДЫ

Облыс орталығында мәдениет үйі мен жаңа медициналық нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығында бой көтеріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыс барысын пысықтады. Мердігерлермен кездесіп, бірқатар тапсырма жүктеді.

 

 

– Өңірдегі құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Сапа басты назарда болу керек. Әлеуметтік нысандардың құрылысын бекітілген кестеге сәйкес аяқтап, тапсырыңыздар. Жұмыс барысында кедергілер болмауы тиіс, – деді облыс әкімі.

Түркістан қаласында Оңалту орталығы бой көтерді. Нысанның құрылысы 2023 жылдың қыркүйек айында басталған болатын. Жаңа орталық қажетті жабдықтармен толық қамтылады. Мұнда балаларға арналған ойын алаңы да қарастырылған. Жаңа нысан жақында ел игілігіне берілмек. Бұдан бөлек, облыс орталығында Мәдениет үйі салынуда. Ғимараттың жалпы ауданы – 10 мың шаршы метр. Құрылыс жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар облыс әкімі 570 төсек — орындық көпбейінді облыстық аурухана құрылысының барысымен танысты. Заманауи үлгіде салынып жатқан ғимаратта тұрғындардың ем алуына барлық жағдай жасалады. Өңір басшысы Түркістан облысында 2 млн-нан астам адам тұратынын, сондықтан жаңа әлеуметтік нысандарды іске қосу маңызды екенін атап өтті. Жұмыс қарқынын күшейтуді, құрылысқа сапалы материалдарды қолдануды тапсырды.