ҚҚС мөлшерлемесінің артуы бағаның өсуіне әсер ете ме?

Көбінесе ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі бағаның күрт қымбаттауына әсер етеді. Бірақ елімізде олай болуы мүмкін бе? Жауап: тұтынушылар үшін бағаның айтарлықтай өсу қаупі минималды. Себебін түсіндірейік.

ҚҚС шегін төмендету бағаның өсуін теңестіруге көмектеседі
ҚҚС төлеуші компаниялар өздері сияқты басқа ҚҚС төлеушілермен жұмыс істеуді көздейді, өйткені бұл оларға бюджетке төленетін салық сомасын азайтуға мүмкіндік береді. Егер ҚҚС төлеуші компания басқа ҚҚС төлеушіден тауар немесе қызмет сатып алса, ол төленген ҚҚС-ын есепке ала алады, нәтижесінде оның салықтық жүктемесі азаяды. Осылайша ҚҚС төлеушілер арасындағы жүктеменің бөлінуі бағаға деген қысымды азайтады.
Еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту арқылы теңгерім сақталады
Үкімет ҚҚС мөлшерлемесінің өсу ықпалын азайту үшін еңбекақы қорына түсетін жүктемені төмендетуді жоспарлап отыр. Бұл шамамен тауар бағасының 40%-ын құрайды. Еңбекақы қорына түсетін жүктеменің азаюы бағаның қымбаттау қаупін төмендетеді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы салықтық жеңілдіктер сақталады
Қазір елімізде түрлі салаларға арналған салықтық ынталандырулар бар және олардың көбі өзгеріссіз қалады. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласындағы жеңілдіктер сақталады, бұл отандық азық-түлік бағасының қатты қымбаттауына жол бермейді.
Осылайша ҚҚС мөлшерлемесінің болжамды өсуінің әсері жеңілдететін факторлармен өтеді, сондықтан бұл жалпы бағаның едәуір өсуіне әсер етпеуі тиіс.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ұйымдастыруымен биыл 6-7 ақпан аралығында Республика көлемінде «Көктем-2025» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығуы өтеді. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Оразгелді Дүйсен мәлімдеді.

«Жалпы бұл жиынның негізгі мақсаты — ел аумағындағы көктемгі тасқын судың алдын алу. Оқу-жаттығу жиындары екі кезең бойынша өтеді. 1-кезеңі 6-7 ақпан аралығында Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу облыстарында өткізілсе, ал 2-кезең осы жылдың 6-7 наурыз аралығында Астана қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында өткізіледі» — деді спикер.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында «Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Маханбет Жазықбаев өңірімізде алдағы айларда болатын ауа-райының болжамына қатысты баяндама жасады.

«Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалына қарасты облыс аумағында 21 өзенде 30 гидрологиялық бекет орналасқан. Жалпы ақпан айында ауаның орташа айлық температурасы -5,0 және +3,1°С болады деп күтілуде. Ақпан айында жиі циклондардың әсерінен жауын-шашын мен қар жаууы мүмкін. Ал, бірінші онкүндіктің басында және екінші онкүндіктің соңында қар, бұрқасын болады деп болжанып отыр. Ал соңғы үшінші онкүндікте облыс аумағында ауа-райының жылыну күтілуде» — деді спикер.

Сонымен қатар, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Су пайдалану бөлімінің басшысы Мақсат Дарханұлы аймақтағы су жүйелерінің ахуалы туралы мәлімдеме жасады.

«Өңірде 18 суқойма, 11 су тоспалары бар. Сонымен қатар, ұзындығы 1 299,184 шақырымды құрайтын 104 магистральды канал бар. Ал, шаруашылықаралық каналдар саны — 111, олардың жалпы ұзындығы — 837,601 шақырым. Облыстағы жалпы каналдар саны — 1 894, олардың ұзындығы — 5 781,2 шақырым. Одан бөлек, ұзындығы 3 086 шақырым 408 дана қашыртқылар мен 1 208 тік дренажды ұңғымалар бар. Су тасқынына қарсы барлық темір қақпалары, көтеру-түсіру құрылғылары тексеріліп, ақаулары жөнделді. Өзендерден бастау алатын каналдардың бас су құрылымдарын бекітіп, сағаларын нығайту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, төтенше жағдайдың алдын алу және қауіпсіздікті сақтау іс-шаралары бойынша инертті матералдар мен жанар-жағармай қоры жеткілікті» — деді сала маманы.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1 500-ГЕ ЖУЫҚ ТҰТЫНУШЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН

2024 жылы Түркістан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың Құқықтарын қорғау департаментіне жалпы саны 1 624 өтініш келіп түсті. Оның 1 495-і қаңағаттандырылса, қадғаны өзге мемлекеттік органдарға қайта жолданды. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың Құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқар Әшімханов мәлімдеді.

«2024 жылы Түркістан облысының тұтынушыларына 107 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды. Мәселен, бір тұтынушы 13 миллион теңгеге сатып алынған сапасыз пәтер үшін қаржысын қайтарып алды. Ал, бір азамат 6 миллион теңге тұратын сапасыз қызмет үшін өтемақы алды. Өтініштерді талдау нәтижесінде 2024 жылы кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 497 әкімшілік іс-қозғалған. Түркістан облысында сауда алаңдарын, жұмыс орындарын және тауар айналымын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары өз жалғасын тауып келеді. Атап айтар болсақ, 2024 жылдың 12 айында облысқа сауда саласына 101,4 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды» — деді спикер.

Сондай-ақ, баспасөз жиынында департамент өкілі халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасының төмендегенін жеткізді. Атап айтар болсақ күнбағыс майы — 11,5 пайызға, сиыр еті — 2,6 пайызға, сүт — 2,5 пайызға, сәбіз — 10,6 пайызға, қырыққабат — 17,1 пайызға, құмшекер — 6,4 пайызға, қарақұмық — 30 пайызға, ал күріш бағасы 3,8 пайызға арзандаған.

“CONFITURE” КЛУБЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Түркістан облысында “CONFITURE” әйелдер клубының алғашқы кездесуі өтті. Бұл — рухани байлық алаңы. Мақсаты: Өз кәсібі мен отбасының берік тұтқасы болған әйелдердің мәдени және кәсіпкерлік саласында жеткен жетістіктері мен олардың қоғамдағы алатын орнын айшықтау. Іскерлік мүмкіндерімен бөлісу. Әйелдердің қабылет-қарымын дамыту. Сонымен қатар, әйелдердің пікір алмастыратын ортақ алаңын құру. Тәжірибе алмасу. Конфитюр клубының құрамы көшбасшы, іскер, шығармашыл, идеяға толы нәзік жандылардан құралған.

 

 

Бұл өз кезегінде бірнеше арулардың ой — қабілетін арттыруға сеп болмақ. Бүгінгі басқосуға Түркістан облыстық мәслихат депутаты Қ.Жантөреева, ТОО “Барс Құрылыс” директоры М.Ислам, “Согдиана” балабақшасының құрылтайшысы Д.Хабибова, Түркістан қалалық мәслихат депутаты Ж.Турехановна, жеке кәсіпкер Ш.Османова және “Атамеке-Түркістан” МҚҰ-ның директоры С.Шорабековна қатысып, пікір талас алңында белсенділік танытып, идеяларымен бөлісті.

 

Басқосуда кәсіпті тұрақты дамытып, әйелдер кәсіпкерлігін өркендету, шығармашылық әлеуетін көтеріп, тұлғалық мүмкіндігін арттыру, қоғамдағы рөлін нығайту жайы сөз болды. Түрлі ойындар арқылы клуб мүшелерінің өз-өзін бағалау мүмкіндіктері байқалды. Әр кездесу еркін форматта түрлі тақырыптарда жүзеге асатын болады.