ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАРУДЫ ҚАБЫЛДАП АЛУ АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Бұл жайында брифингте Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқарамасының инспекторы Абдулла Аманбаев мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, биыл 21 сәуірден бастап Республика көлемінде заңсыз сақтауда тұрған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акция өтеді. Іс-шара ҚР ІІМ-нің нұсқауына сәйкес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

«Заңсыз сақтаудағы қару-жарақ құралдарын сатып алу жөніндегі акция ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы бұйрығымен бекітілген. Ерікті түрде тапсырылатын атыс қаруына, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарға дәрежесіне қарай ақшалай сыйақы беріледі. Яғни, автоматты ойық қаруға – 393 200 теңгеге дейін, ұзын ойық ұңғылы қаруға – 196 600 теңгеге дейін, қысқа ұңғылы ойық қаруға – 157 280 теңгеге дейін, тегіс ұзын ұңғылы қаруға – 117 960 теңгеге дейін беріледі. Одан бөлек, травматикалық тапанша немесе револьверге – 39 320 теңгеге дейін, жарылғыш зат және артериялық снарядқа – 27 524 теңгеге дейін, жарылғыш заттың 1000 граммына – 23 592 теңгеге дейін беріледі. Одан бөлек, 5,6 мм калибрден жоғары ойық ұңғылы қарудан атуға арналған оқтың данасына – 112 теңгеден, 5,6 мм калибрлі кіші ойық ұңғылы қарудан атуға арналған оқтарға данасына – 34 теңгеден беріледі. Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсырылған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады»,- деді Абдулла Аманбаев.