Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында тарихи мұра маңайы тазартылды

Түркістандық жастар «Таза Қазақстан» аясында тарихи-мәдени және киелі нысандар аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Киелі жерлердің тазалығын сақтау, тарихи-мәдени мұраларға деген құрметті арттыру, сондай-ақ жастардың экологиялық сана-сезімін нығайту мақсатында 300-ден астам белсенді жас, еріктілер, музей қызметкерлері және қала тұрғындары тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты.
Іс-шара барысында қатысушылар аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазалап, абаттандыру жұмыстарына атсалысты. Нәтижесінде 2 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар, қоршаған ортаны көгалдандыру мақсатында 50-ден астам ағаш көшеті отырғызылды.
Бұл бастама тарихи орындардың сақталуына, өңірдің экологиялық жағдайының жақсаруына және тұрғындар арасында табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткізілген бұл сенбілік алдағы уақытта Түркістан облысының өзге де тарихи-мәдени орындарында жалғасын табатын болады.
Атап өтейік, кеше «Таза Қазақстан» экофестивалі өтті. Аталған шарада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керектігін атап өткен болатын.
Президент бастамасын қолдаған Түркістан облысында былтырдан бері «Таза Қазақстан» акциясы кеңінен жүргізілуде. Экологиялық акция аясында облыста былтыр бастау алған “Үлгілі ауыл” байқауы биыл да жалғасын тапты.
Биыл байқау ережесін өзгеріс енгізіліп, аудан орталығы болып табылатын ауылдар қатыстырылмайды.

Сонымен қатар, биылдан бастап «Жомарт түлек» тұжырымдамасы аясында тұрғындардың, ауыл тумаларының туған жерін, білім алған оқу орнын абаттандыру, эстетикалық көрінісін реттеу, тазалығын сақтау, демеушілік жасау қолға алынды.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕУРОПАЛЫҚ ИММУНДАУ АПТАЛЫҒЫ ӨТЕДІ

Түркістан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұйымдастыруымен 27-сәуір мен 3-мамыр күндері аралығында еуропалық иммундау апталығы өтеді. Қазіргі таңда 2005 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының ұсынысы бойынша қолға алынған шараға дайындық жұмыстары күшейтілген. Бұл жайында Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің басшысы Азамат Тілес БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Апталық жыл сайын сәуірдің соныңда тұрғындарды иммундаудың маңыздылығы жөнінде хабардар ету мақсатында өткізіледі. Бұл науқан халықтың жұқпалы аурулардың екпе профилактикасына оң көзқарасын қалыптастыруға, адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын сақтау, өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін иммундаудың маңыздылығын насихаттауға бағытталған. Иммундау – жыл сайын миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалады»- деді Азамат Файзуллаұлы.
Ағымдағы жылдың 3 айында ұлттық егу күнтізбесі аясында облыс бойынша халықты профилактикалық егумен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, екпеден бас тартушылар саны азаймай, қауіпті инфекциялардан эпидемиологиялық ахуалдың асқынуы байқалып отыр. Бұл жайында Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас иммунологы Жадыра Ерсұлтанова мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі есепке алынған егуден бас тартушылар саны 864 адамды құрап отыр.


Айта кетейік, жоспарлы егулер жыл бойы емханалар мен мектептердегі медициналық кабинеттерде тегін жүргізіледі. Вакцинация үшін егілушілердің немесе ата-аналардың жазбаша келісімі болуы міндетті және дәрігердің тексеруінен кейін рәсімделуі керек. Вакцинациядан кейін егілушілер 30 минут медициналық ұйымда бақылауда болады.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Түркияға ресми сапармен барды

Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуштың шақыруымен Ерлан Қошанов бастаған бір топ Мәжіліс депутаты Түркия Республикасына ресми сапармен барды.
Парламент басшылығымен кездесуде Мәжіліс төрағасы қос мемлекеттің арасында шынайы достық пен туыстық байланысқа негізделген берік ынтымақтастық орнағанына айрықша назар аударды. Ол Қазақстан мен Түркия арасындағы ерекше жақын қарым-қатынасты екі ел көшбасшылары арасындағы бауырлық байланыстан-ақ аңғаруға болатынын айтты. Президенттердің әр кездесуі ынтымақтастықты тереңдетуге зор серпін береді.
Парламентаралық ынтымақтастықтың перспективалары әңгіменің өзегіне айналды. Бұл ретте тараптар заң шығару бағытындағы байланысты тереңдетуге келісті.
Тараптар көпжақты форматта да ықпалдастықты тереңдетуге қызығушылық танытып отыр. Бұл ретте Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы аясындағы жұмысқа ерекше мән беріледі. Аталған ұйымға төрағалық биыл Қазақстанға өтеді. 11-12 маусымда Астанада ТҮРКПА-ның отырысы жоспарлануда. Оған түрік тарапы қатысатынын айтты.
Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы өз сөзінде қазақ-түрік ынтымақтастығы барлық салада қарқынды дами беретінін атап өтті.
Сапар барысында делегация мүшелері Ататүрік кесенесіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағзым етті. Мәжіліс спикері құрмет кітабына жазба қалдырып, Тәуелсіздік соғысы мұражайын және Президент жанындағы Ұлт Кітапханасын аралады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПЕН ГУРБАНГУЛЫ БЕРДІМҰХАМЕДОВ ӨНЕРКӘСІП КӨРМЕСІН АРАЛАП КӨРДІ

Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы SPK Turkistan индустриалды паркіне барды.
Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 36,5 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерінің, ауыл шаруашылығы тракторлары, білім мен медицина мекемелеріне арналған жиһаздар, есіктер және өндірістік тоңазытқыштар өндірісі жолға қойылған.
Өндіріс паркін дамытудың келесі кезеңінде 70 гектар аумаққа 112 ғимарат салу, сондай-ақ жалпы сомасы 39,7 миллиард теңге болатын 13 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов ғарыш саласында, машина жасау, металлургия, құрылыс индустриясы, жеңіл, тамақ және химия өнеркәсібінде қызмет ететін қазақстандық өндірушілердің көрмесімен танысты.
Экспозицияға отандық кәсіпорындар шығаратын автокөліктер, ауыл шаруашылығы техникалары, тұрмыстық техника, медициналық құрылғылар, өндірістік аккумуляторлар, жиһаздар, текстиль, киім және тағы да басқа тауар түрлері қойылған.
  

Кентауда «Таза Қазақстан» аясында өзен жағалаулары тазартылды

Кентаулық жастар «Таза Қазақстан» аясында Оранғай ауылы аумағындағы өзен жағалауларында кең ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
100-ден астам жергілікті жастар, еріктілер мен ауыл тұрғындары бірігіп, өзен жағалауын қоқыстан тазартып, табиғи ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосты. Мұндай игі істер жастардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, экологиялық тәрбие берудің жарқын үлгісіне айналды.
Тазалық жұмыстарын жүргізу барысында Кентау қалалық жастар орталығының басшысы Сұлтан Азат қала жастарын экологиялық белсенділікті күшейтуге, табиғатты аялауға шақырды.


«Өздеріңіз білетіндей, күні кеше ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экофестиваліне қатысып, еліміздің жастарына үндеу айтты. Біз Президенттің бастамасын қолдап, экологиялық ағарту жұмысын тұрақты жүргізуіміз керек. Жастар – осы елдің қозғаушы күші. Табиғатты аялау, қоршаған ортаны таза ұстау, халықтың экомәдениетін көтеру – біздің басты міндетіміз!», деді өз сөзінде.

Жыл басынан бері облыстағы жастар ресурстық орталығы 159 іс-шара ұйымдастырған, оның ішінде 143 сенбілік, 9 экочеллендж, 7 экомарафон өткізіп, 7856 жас қамтылған. Аталған шараларға белсенді азаматтар, жастар, мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, зиялы қауым өкілдері және аналар алқаларыда іс-шараға өз үлестерін қосты.

Ал, жалпы облыс көлемінде «Таза Қазақстан» аясында жыл басынан бері 428 725 ағаш отырғызылып, 2000-ға жуық техника тартылды, 6 758 тонна қоқыс шығарылды.

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ МЕН ТҮРІКМЕНСТАН ХАЛК МАСЛАХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ TURKISTAN ВИЗИТ ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ

Меймандарға көне «Күлтөбе» қалашығының тарихи келбетін сақтау және абаттандыру жобасы туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов тарихи ескерткішті музейге айналдыру барысымен танысты. Қалашықтың 27 гектар аумағында археологиялық қазба жұмыстары аяқталған.
Сонымен қатар таяуда ашылатын «Қолөнершілер қалашығының» тұжырымдамасы таныстырылды. Оның ішінде шеберханалар, ұлттық тағам түрлерін ұсынатын орындар, шығыс базары және шағын қонақ үйлер орналаспақ.
Осы орайда биыл 25 наурызда Түркістанға World Craft Council халықаралық ұйымының шешімімен «Қолөнершілер қаласы» деген мәртебе берілгенін атап өткен жөн.
Бұдан бөлек, визит орталықта Қазақстан Президенті мен Түрікменстанның Ұлт көшбасшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі бірегей тарихи жәдігерлермен танысты.